Астана экономикалық форумы аясында Нұр-Сұлтан қаласында Еркін экономикалық аймақтар бойынша Дүниежүзілік кеден ұйымының өңірлік форумы басталды. Жиын қатысушылары сауда-саттық рәсімдерін жеңілдету, кедендік бақылауды жеңілдету, Еркін экономикалық аймақтағы (ЕЭА) сауда-саттық төңірегінде пікір алмасты.
Айта кетерлігі, бұл салада ТМД мемлекеттері арасында Қазақстан жоғары жетістіктерге жеткен елдер қатарында: бүгінде республика бойынша 12 еркін экономикалық аймақ жұмыс істейді. Олардың жұмысы бизнестің дамуына зор мүмкіндік ашып отыр. Себебі, ЕЭА-дағы бизнес субъектілеріне салықтық және кедендік жеңілдіктер жасалады. Бұл жеңілдіктер өндірілетін тауардың өзіндік құнын төмендетуге ықпал етеді, инвестициялық тартымдылықты арттырады. Сарапшылар соңғы жылдары еліміздегі логистика тұрғысында ілгерілеу барын айтады. Транзиттік әлеуетіміз де әлемдік саудада үлкен қызығушылыққа ие болып отыр. Соның бір мысалы, «Бір белдеу, бір жол» жобасы.
Үш күнге жоспарланған форумға 30-дан астам елдің кеден қызметінің өкілдері, Дүниежүзілік кеден ұйымы, АҚШ Халықаралық даму агенттігі, Еуропалық комиссия, Қазақстанның Еркін экономикалық аймақ операторлары қатысып жатыр. Жиында сөз алған Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Өмірзақ Бейіспековтің айтуынша, форум қазіргі заманның экономикалық, қаржылық және әлеуметтік сын-тегеуріндері бойынша жаңа шешім іздеудегі адамзаттың ең үздік ақыл-ойын біріктіретін халықаралық саммит ретінде мойындалған.
«Қазақстан Еуразия кіндігінде, Еуропалық және Азия-Тынық мұхиты өңірінің Дүниежүзілік кеден ұйымына мүше елдердің тоғысында орналасқан. Біз екі ірі өңірдің кеден әкімшілерінің өкілдерінің осынау форумға қатысып жатқанын жоғары бағалаймыз», – деді ол.
Сонымен қатар ол осы жылдың наурыз айында Дүниежүзілік кеден ұйымының Бас хатшысы Кунио Микурияның Қазақстанға келген ресми сапарында біздің елдің кеден қызметінің оң табысын айрықша атап өткенін тілге тиек етті.
«Қазақстан бизнес-процестерді цифрландыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. 2018 жылдың 1 қаңтарынан «АСИКУДА» БҰҰ ЮНКТАД тұғырнамасы негізінде құрылған «Астана-1» ақпараттық жүйесіне тауарларды электронды декларациялауды енгізді. Биыл сәуір айында елімізде «Экспорт-импорттық операциялар бойынша бір терезе» ақпараттық жүйесі енгізілді. Бұл жүйе «бірыңғай терезе» бойынша Дүниежүзілік кеден ұйымының стандарттары мен компендиумдары негізінде әзірленді. Қазіргі уақытта сыртқы экономикалық қызмет пен ЕЭА-қа қатысушылар осы жүйе арқылы барлық рұқсат құжаттарын алады. Ол 13 ақпараттық ресурсты біріктіреді және еліміздің 11 мемлекеттік ақпараттық жүйесімен интеграцияланған», – деді Ө.Бейіспеков.
Оның айтуына қарағанда, цифрландыру барлық процеске адами фактордың ықпалын төмендетуге мүмкіндік береді. Соның арқасында импорттаушылардың шамамен 60 пайыз декларациясын көрмейміз. Себебі, олар «жасыл дәліз» автоматты режимі арқылы өтеді. Ал экспорттың 90 пайыздан астамы автоматты режимде жүргізіледі. Бұл өз кезегінде Қазақстан қазынасына түсетін кедендік түсімдердің артуына ықпал етіп отыр.
«Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың адамдармен ешқандай байланысы болмайды. Мұның барлығы – цифрландырудың, жаңа технологиялар енгізудің, процестерді автоматтандырудың нәтижесі. Кедендік түсімдер бойынша өте үлкен ілгерілеу бар. Тіпті жекелеген позицияларда түсімдердің 12 есе артқаны байқалады», – деді ол.
Дүниежүзілік сауда ұйымының сақтау және оңтайландыру департаментінің директоры Анна Хинохоса соңғы жылдары жүзден астам елдің Еркін экономикалық аймаққа қызығушылық танытып отырғанын айтады.
«Еркін экономикалық аймақ тұжырымдамасын енгізуді қалайтын елдер қатары көбейіп келеді. ЕЭА-ның жаһандық саудаға қаншалықты тиімді екені айтылып жүр. Десе де, ЕЭА-ның артықшылығын пайдаланып қалғысы келетін пайдакүнем кәсіпорындар да бар, олар ЕЭА арқылы контрабандалық заттарды тасымалдауды көздейді», – дейді. Жиында осындай топтардан қорғану жолдары да әңгіме арқауына айналды. Бүгіндері зияткерлік құқықтың бұзылуы, алкоголь, темекі өнімдерінің заңсыз сауда-саттығы әлі де өзектілігін жоймай тұр. Бұл проблемамен күресудің бір жолы – ЕЭА-лардың құрылуы дейді жиын қатысушылары.