Өзіне қастандық жасағандар көп
Өзіне қастандық жасағандар көп
205
оқылды
Елімізде суицид дерегі, яғни өз-өзіне қол жұм­са­ған­­дардың саны азаймай тұр. Тіпті, Қазақстан әлем ел­­дерімен салыстырғанда ал­ғаш­­қылардың қатарынан түспейді. Жалпы суицид бо­­йынша 7-орында болса, жа­сөс­­пірімдер суицидінен алғашқы үштікте. Жылы­на 4 мыңға жуық қазақ­стан­­­дық өзіне қол сала­ды. Оның себебі не? Инфек­ция­ға байланысты жария­лан­ған карантин кезінде бұл көр­сеткіш өсуі мүмкін бе?   

Деректер не дейді?

Жыл басында Ranking.kz сараптамалық агенттігі елдегі суи­­цид дерегі мен оның себеп­те­­ріне жүргізілген зерттеу қоры­­тын­­дысын жариялады. Агент­тік­­тің дерегінше, 2019 жылы Қа­­зақстанда 3,8 мың адам өзіне қол салған. Бір өкініштісі, бұл дерек 2018 жылмен (3 542 адам) салыстырғанда 7,4 пайызға артқан. Былтыр 5 мың­ға жуық азамат суицид жасау­ға оқтал­ған екен. Оның 2 жарым мың­нан астамы ерлер. Қол салуға басты себеп ретінде жалғыз­дық (депрессия), тұрмыстық жа­ғ­дайдың төмендігі мен ауру-сыр­қат айтылады. Бұған қоса, өзіне қастан­дық жасаған жасөспірім­дердің саны да көп. Өткен жылы 180 бала осылайша өмірімен қоштасқан. Оның 121-і ер бала. Тағы да ерлердің үлесі артық. Жасөспірімдер жағына келгенде статистикалық мәліметтер от­ба­сындағы жайсыздықтарды себеп ретінде қарастырады. Деген­мен мәселенің ұшығы бас­қада сынды. Меңзегеніміз – мектеп­тегі әлімжеттік. Жоғарыда атаған 180 баланың 76-сы Түркістан облысынан. Білетіндер олардың басым көпшілігі мектеп қабыр­ғасында оқушылардан қысым көргенін айтқан. Психологтар карантин ке­зін­де отбасылық даудың өршіп, көп адам депрессияға ұшырауы мүмкін екенін айтады. Елде ка­ран­тин басталғалы суицид оқи­ғалары болды ма? Ішкі істер ми­нистрлігінің баспасөз қызметі инфекция таралғалы бері әзірге мұндай оқиғаның тіркелмегенін жеткізіп отыр. Ал психолог ма­манның болжамы қандай?
– Суицидке адамдар, соның ішінде жасөспірімдер жанын қатты жаралаған өзге біреуді жазалау үшін барады. Бұл – ерікті түрде өмірден бас тарту. Жасөспірімдердің өлім туралы түсінігі толық қалыптаспайды. Сондықтан оларға бұл ұғым жай ғана азаптан құтылатын ұйқы сынды. Өз-өзіне қол салуды ма­нипуляция жасаудың құралы ретінде қабылдайтындар да бар. Көп жағдайда өзін төмен санау, жақсы көрмеу де осы әрекетке итермелейді. Әрине, мұның се­бебі көп. Яғни, екіұшты. Бес сау­сақ бірдей емес, әркімнің тағ­­дыры, түрлі отбасы, жеке мә­­дениет деңгейі бар. Ең дұрыс амал – жақын-жуыққа көңіл бөлу. Карантин кезі жақыныңа назар салар уақыт. Суицидке барғысы кеп жүрген адамды сөзі мен ісінен білуге болады. Ылғи тек өлімге қатысты әңгіме айту, оңаша жүру деген сияқты. Карантин кезінде осындай жағ­дайлар көбейе ме, азая ма – ол жағы белгісіз. Мұндай оқиғаға карантиннің әсері бола қояды деу қиын. Бірақ депрессия қай кезде де болады. Барлығы тұл­ғаның өз ішіндегі процесс. Бас­тысы – адамдардың бір-бірі­не жақындығы, депрессияға са­лынбау. Сосын психологтың көме­гіне жүгінуді адамдар ар сана­маса екен, – дейді Қарлыға Бүйенбай.
 

Себеп сылтауға айналды ма?

Жыл басында Алматы облы­сында 21 жастағы мұғалім үйінде асылып қалды, Шымкентте алты баланың анасы баспана үшін өзіне қол салды. Әскерде жүрген жастар тағы бар. Өзін өлімге қиятындардың негізгі жасы – 15-45. Бұл әрекетке баратындардың 4/1 бөлігі ішімдік ішкен. Материал­дық жағдай оқиғаларды тіптен өршітіп тұр. Дегенмен бас­қа да тұрғыда мәселе аз емес. Мысалы, Қазақстан өзіне қол салған 29 жасқа дейінгі азаматтар бойынша әлемде 4-орында. Енді көз салсақ, 15-30 жас арасындағы қазақстандықтардың 68 пайызы бір рет болсын химиялық нарко­тиктің дәмін татып көрген. Олар­дың басым бөлігі суицид жайлы ойланады екен. Бұл Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлем елдерінің бас ауруы. Алайда тұрмыстық жағдай, басқа да проблемасы болмаған, сауатты азаматтар да өзіне қол жұмсайды. Осы тақырыпты қозғарда бір азамат басынан өткен оқиғасын баяндаған еді. Оның өтінішімен есімін Айтуған деп өзгерттік.
– Басында тек бұл ой ғана болған. Әдеби ортада түнеріңкі әңгімелер көп айтылады ғой. Оның үстіне, үздіксіз оқудың да әсері болды. Себебі өзіңді ұстамасаң, ой да бір індет секілді қуалай береді екен. Ішімдіктің де кесірі тиді. Содан соң өмірде қан­ша білімге, даңққа, дүниеге қол жеткізсең де ғұмырдың мәні жоқтай көрінді. Ауылға бар­ға­нымда сол әрекетке барып көр­дім. Абырой болғанда, үй­дегілер сезіктеніп, білген екен. Соның арқасында аман қалдым. Жақындарымның көз жасын көр­ген соң ғана өмірден бұлай ке­те салуға болмайтынын түсін­дім. Ме­ніңше, бұл екі адамның бі­­рінің ба­сында бар жағдай , – деді.
Байқағанымыздай, суицидке ұмтылыс әрекеті. Мамандар мұны суицидтен бөлек құбылыс ретінде қарайды. Оның саны кәдімгі суицид жасайтындардан 20 есеге көп. Бірақ осы ұмты­лыстың соңы қайғылы аяқталып жатыр. Бұл мәселе де өзекті. Яғни, жүйке ауруының бір түрі. Қоғамдағы жаңсақ түсініктер осындай ойда жүрген адамдарды бүркеулі күйінде жасырып келе жатыр. Сондықтан тәжірибелі психоаналитик маман көбейген күннің өзінде оларға сұраныс аз.     ТҮЙІН:

Қорытынды жасар болсақ, суицидке себеп көп болғанымен, барлығы адамның санасында болып жатқаны түсінікті. Австрия­лық психолог әрі философ Виктор Франкл суицид жайлы көп зерттеген. Маман адамдар өмірден көп нәрсе күтіп, соның орындалмай қалатынын байқапты. Сонда психолог бір ғана кеңес айтады: Сен өмірден көп нәрсе күтесің, шындығында өмір сенен күтеді. Яғни, тағдырдың жақсы не теріс жаққа бұрылуы әр адамның өз ішкі әлемінде. Қысқасы, суицид қазақ қоғамына кешенді зерттеуді талап етіп отырғаны анық. Әйт­песе, түрлі насихат айтылып-ақ келеді.

 

 width=  Мадияр ТӨЛЕУ