Еліміздегі бекіре тұқымдас бағалы балықтардың мекені – Жайық өзенінің тартылуы жалпыұлттық мәселеге айналып отыр. Эколог мамандарЖайықтың таяздануын экологиялық апатқа теңеді.Жайыққа биылғы көктемде мол су келетіні туралы Росгидрометтің болжамының ақталмауы «Өзен құрып кете ме?» деген қауіпті күшейтті. Жайық өзені бастауын Орал тауларының оңтүстік сілемінен алып, Ресей елінің бірнеше аймағы арқылы еліміздің Атырау және Батыс Қазақстан облыстарын басып өтеді. Бұл өзеннің жалпы ұзындығы 2534 шақырым болса, соның 1173 шақырымы Қазақстанға тиесілі. Өзеннің жылдық орташа ағысының 50-60 пайызы Сақмар өзенінің ірі құйылысынан түзіледі. Жайық өзенінің жоғары жағында Верхне-Уральское, Магнитогорское және Ириклин секілді бірнеше ірі су қоймалары орналасқан. Бұл аздай, Ресей аумағындағы Жайықтың жоғары тұсында 80 гидрожелі салынып, өз бетімен топырақ бөгеттер, бөгендер тұрғызылған. Осының бәрі Жайық өзенінің су көлемінің кеміп, таяздана бастауына себеп болуда.
Ресейлік ғалым-эколог Александр Веселовтің өткен жылы Жайық өзенін сақтап қалуға қатысты арнайы экспедициясы кезінде «Өзен бойындағы әр аймақ ғаламдық жылыну процесі қатерін төндіріп тұрғанда өзіне тұщы судың көп бөлігін алып қалғысы келеді. Олар экологиялық проблема барша адамзатқа ортақ мәселе екенін түсінгісі келмейді. Сондықтан бұл мәселені табиғатқа да, адамзатқа да пайдасы боларлықтай шешу уақыт күттірмейді» деген болатын.Өткен жылы Жайықтағы су мөлшері соңғы жүз жылдағы ең төменгі деңгейге жетті. Мұны өзенді жағалай қоныстанған жергілікті халық та күнде көріп, жанайқайын жергілікті билікке жеткізумен болды. Өзен суы мөлшерінің азаюымен бірге флорасы мен фаунасына алаңдаған халықтың талабын ескермесе де болмайды. Атырау облысы аумағындағы Жайық өзені алабында сүтқоректілердің елуге тарта түрі тіркелген. Шұбар күзен мен Бобринский жарқанаты еліміздің Қызыл кітабына енгізілген. Жайық өзені алабында 300-ге жуық құс түрі мекендейді. Ал балықтың 95 түрінің ішінен 5 түрі Қызыл кітапқа кіріпті. Егер Жайық өзеніне арнайы статус беріліп, қамқорлыққа алынбаса, осындай байлықтарымен бірге өсімдіктері мен жәндіктері де қоса Қызыл кітапқа еніп кетері сөзсіз. Көпшілікті мазалайтыны – «Жайық өзенінің жағдайын жақсарту үшін не істеу керек?» деген сауал. Ғалымдар адамзат табиғатты өзіне бағындыруға күш салуын тоқтатқанда ғана Жайық өзенін де, өзге байлықтарды да сақтап қалуға болатынын айтады. Оған бөгет салу, балшық соратын кемені жіберу, суды ысырап етіп, егін суару, тіпті өзеннің арнасын басты су ағатын арық ретінде пайдалану үрдіс алды. Адам қолымен жасалып отырған табиғатқа деген осындай қаталдықтың зардабын табиғат пен адамзат бірдей көріп отыр. Табиғатта өзгерістер болып тұрады. Сондықтан өз дегенімізді жүзеге асырамыз деп тыраштанбай, шаруашылығымызды табиғи құбылыстарға және оның өзгерістеріне бейімдеу керек. Әлемде табиғи апаттардың барлығы адамдар тарапынан білім мен қарапайым даналықтың жетіспеушілігінен болып жатқаны ащы шындық. Жайық өзеніне соңғы жылдары су келуі кідірді. Атыраулықтардың үміті болған Ириклин су қоймасының Жайық өзенінің сағасына берері көп емес. Ириклин суы әуелі ортаңғы және төменгі ағыстың құрғап қалған алқабын қанықтырып, лық толтыруы тиіс. Одан кейін Сақмар бассейнінен толқын келуі керек. Сол кезде ғана ол Атырауға дейін жетуі мүмкін. 2019 жылы Жайықтың ортаңғы және төменгі ағысында көктемгі және сабалық ағын кезінде су деңгейі соңғы 100 жылдағы ең төменгі деңгейге жетті. Биыл Жайық өзенінің жоғары ағысындағы Ириклин су қоймасынан судың ағуы секундына 15-тен 30 текше метрге дейін өсті. Дегенмен де сәуірдің 19 мен 29 аралығында бұл көрсеткіш секундына 500 текше метрге дейін артады деп күтілген болжам ақталмады. «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Ғалидолла Әзидуллиннің айтуынша, Росгидромет болжамы өкінішке қарай ақталмады. Қазір ресейлік су шаруашылығы мамандары Ириклин су қоймасына су қорын жинау режимімен жұмыс істеуде.
– Росгидромедттің болжамының дәл келмеу себебі, табиғи құбылысқа қатысты десек те болады. Оралда қар қалың болғанымен, ауа температурасына байланысты қар жерге сіңіп кетті. Бұл өзенге су мол келеді деп күтілген болжамымызды жоққа шығарды.Өткен жыл судың ең аз мөлшерде келуімен есте қалды. 12 ай ішінде бар болғаны 3,5 млрд текше метр су келді. 2007 жылы 11 млрд текше метр су келіп қуантса, 2018 жылы бар болғаны өзенге 5,9 млрд текше метр су келді. Орынбор облысына су қоры жиналса, біз ресейлік әріптестерімізден осы жазда бөгет тұстамасын ашып, келетін су мөлшерін көбейтуді өтіне аламыз, – деді Ғ.Әзидуллин.Еліміздегі су қорының 80 пайызы Ресей аумағынан бастау алатын өзендерден құралғаны шарасыз күйге түсіріп тұр. Су бойынша тәуелділіктен құтылмайынша, суға деген көрші елге кіріптарлықтан ешқашан арылмайтынымыз анық. Соңғы жылдардағы табиғи су көздерінің азайып бара жатқаны да бұл мәселені мүлдем күрделендіріп отыр. Жайық өзені проблемасы достығы мығым екі елдің парламентаралық, аймақтық деңгейінде айтылып, жергілікті билік, тиісті мекемелер арасында да келіссөздер жүргізіліп, зерттеу жұмыстары ұйымдастырылған. Алайда ол жұмыстардан еш нәтиже шығар емес. Сөзіміз дәлелді болсын, осыдан үш жыл бұрын Атырауда Қазақстанның Парламент Сенаты мен Ресей Федерациясы кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның оныншы отырысы өтті. Жиында сол кездегі облыс әкімі Н.Ноғаев Жайықты жағалай қоныстанған халықтың жанайқайын жеткізді. Жайықтың төмен сағасында отырып, су жетіспеушілігін көріп отырған аймақ үшін Жайық өзені мәселесінің тезірек шешімін табуына мүдделі екенін жеткізді. Бұған Сенат Төрағасының орынбасары Сергей Громов « Ресей мен Қазақстан сияқты екі елдің шамамен 20 миллион тұрғыны Жайық өзенінің жағасында өмір сүреді. Бүгінгі күні ауызсу мұнайға қарағанда қымбат болып барады. Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында бұл – өзекті мәселе. Өйткені ауызсу тапшылығы сезіледі. Әлем бойынша ауызсу тапшы. Дүниежүзінде ауызсуға байланысты талас-тартыс болып жатыр. Мұны бүгін біз Африка елдерінен көріп отырмыз. Сондықтан Жайық секілді өзенді ластамауымыз керек. Керісінше, оны тазалауға, игілігін түзеуге міндеттіміз. Бекіре және бекіре тұқымдас балықтардың қорын сақтау үшін Жайық өзенінің экологиялық жағдайына баса назар аударуымыз қажет» деген болатын. Алайда арада үш жыл өтсе де, Жайық өзенінің проблемасы күн тәртібінен түспей тұр.Тұщы суды төменге, Қазақстан аумағына өткізуге көрші елдің көңілі түсіп тұрған жоқ. Жайық өзенінің жаһандық маңызды проблемасын шешуде табандылық танытпай отырғанымыз сан соқтырмаса екен. Бұл – тәуелсіз елде тұрса да, суға зәру болып отырған халықтың жанайқайы.