Шымкентте жылыжай көлемі артады
Алдағы бірер жылда үшінші мегаполис аумағында жылыжай шаруашылығы дамымақ. Жабық жылыжай кешендердің көлемін арттыру мақсатында «Оңтүстік» көліктік логистикалық аймағынан 136 гектар жер қарастырылыпты. Оның 100 гектары өнеркәсіптік кешен болады деп жоспарлануда. Қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков жоба жүзеге асса мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылып, жұрт жыл он екі ай көкөніспен қамтылатынын атап өтті. «Логистикалық аймақта қолға алынған алғашқы инвестициялық жобаның құны – 2,3 млрд теңге. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында Taza onim шаруа қожалығы 9 гектар жерге жылыжай салып жатыр. 3 гектар жерге егін салған шаруалар одан 370 тонна өнім алып, оны жергілікті нарықта саудалады. Қалған 6 гектарға жылыжай орналастыру жұмыстары жыл соңына дейін бітеді. Шаруа қожалығында бүгінгі таңда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен бірге, 20 адам ауысымдық жұмысқа түседі. Кешен жанынан жұмысшылар үшін арнайы жатақхана да салынып жатыр», – деді ол.Кешенде қиярдың «Тристан», «Танто», «Мева» сорттары егіліпті. Алдағы уақытта Қазақстанның солтүстік, батыс аймақтарымен келіссөздер жүргізіліп, өнімдер сонда жөнелтілмек. Қожалық құрылтайшысы Арман Бахытұлы аталған бағыттағы жылыжай өнімдерін бір орталыққа біріктіру арқылы өзара кооперация құру арқылы тауарлы партия қалыптастырып, делдалдарды қатыстырмай Ресейге тікелей экспорттауды жоспарлап отырғанын жеткізді. Диқандардың жағдайымен танысқан қала басшысы Мұрат Дүйсенбекұлы тиісті сала басшыларына шаруалардың өнімін жергілікті базарларға тікелей жеткізіп беру жағын қарастыруды тапсырды. Егін алқабынан қиярдың келісі 400 теңгеден берілуде. Бұл отандық өнімнің сатылу құнын реттеп, мұнда жергілікті халықтың көкөністі делдалсыз сатып алуына мүмкіндік береді. Үшінші мегаполисте жалпы жылыжай көлемі – 183 гектар. Оның 53 гектары – өнеркәсіптік. Бұдан бөлек, биыл тағы 25 гектар өндірістік жылыжай құрылысы іске қосылады.
Дизель отыны – 160 теңге
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айының басында жасаған мәлімдемесінде ауыл шаруашылығы өнім өндірушілері үшін дизель отынын 165 теңгеге дейін арзандатып, жеңілдікпен беруді тапсырған. Президент қазіргі жағдайда көктемгі егіс жұмыстарын уақытында атқарып шыққан жөн екенін айтқан-ды. Сондай-ақ алдымен шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау қажетін ескертті. Шымкент қаласында да Президент тапсырмасына орай көктемгі дала жұмыстарына қажетті жанар-жағармай құны 174 теңгеден 160 теңге төмендетілген. Шаруалар қала әкімі Мұрат Әйтеновпен кездесу кезінде барлық агроқұрылымдар дизель отынын уақытылы алып жатқанын, жанар-жағармайға тапшылық жоқ екенін жеткізді. Аймақ шаруалары биыл егіс алқабын 1 мың гектарға ұлғайтып, жалпы көлемді 27,6 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отыр.Агросервис «БМБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қаладағы ең ірі қожалықтың бірі саналады. Иелігіндегі 3 мың гектардан астам ауылшаруашылық жерінің 2 400 гектар егістік алқабына бидай, арпа, мақсары, жоңышқа, тағы басқа дақылдар еккен. Серіктестік биылға қажетті 200 тонна тыңайтқыш пен 40 тонна жанар-жағармайға қол жеткізіпті. «Біз үнемі ауыспалы егін түрін қолданамыз. Ауыспалы егін жердің тыңайып, күш жинауына мүмкіндік береді» дейді аталған шаруашылық басшысы Манасбай Бекбауов. Қожалық иелігіндегі жер бұған дейін Төлеби ауданына қараса, қазіргі таңда Шымкент қаласының аумағына өтіпті. «Мемлекеттен жанармай мен тыңайтқышты дер кезінде алып, дәнді дақылдарды сеуіп үлгердік. Қазір бидайды дәрілеп жатырмыз. Бұйыртса, биыл да мол өнім аламыз деп отырмыз. Айтқандай, біздің бидайға солтүстік жақтан сұраныс артып келеді. Себебі соңғы жылдары жергілікті дәнді дақылдың кликавинасы жоғары», – деді шаруа. Бұдан бөлек, мұнда 10 гектар жерге алма, жүзім және жаңғақ бауы өсіріліпті. Биыл таңқурай егуді қолға алмақ.Қожалықта егіншілікпен қатар мал шаруашылығы да дамып келеді екен. Малға қажетті жем-шөпті де өздері дайындап алады. Несібесін жерден тапқан шаруаның тіршілігіне сүйсінген қала басшысы Мұрат Дүйсенбекұлы қожалық басшысына болашақта егістік алқаптарға заманауи суару қондырғыларын пайдаланса тиімді болатынын жеткізді. Ал шаруашылық жетекшісі қаржылай қолдау болса, жаңбырлатып суару әдісімен аз жерден мол өнім алуға болатынын айтты. Осындай игі істердің куәсі болған қала әкімі шаруаларды агроқұрылымда мейлінше заманауи қондырғыларды қолданып, тиімді жұмыс істеуге шақырды. Қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбековтің айтуынша, биыл инвестиция және несиелендіру бойынша жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 7,6 млрд теңге болатын 17 инвестициялық жоба іске аспақ. Оның ішінде 4 құс шаруашылығын кеңейту, 4 жылыжай құрылысы, 2 тауарлы сүт фермасы, 2 жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу, 1 қарқынды алма бағы, 1 ешкі сүтін өндіру және қайта өңдеу, 1 сүтті қайта өңдеуді кеңейту, 1 мал бордақылау алаңын салу, 1 кондитерлік өнім өндіру жұмыстары бар. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Егістіктен тікелей сауда орнына» атты арнайы жобасы Шымкент қаласында мамыр айында қолға алынбақ. Аталған жобаны жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысының тиісті сала басшылығымен екіжақты меморандум түзіліпті. Енді әлеуметтік дүкендердің жұмысы жанданады. Басқарма басшысы қазіргі таңда Шымкентке кіреберіс жолдардағы бақылау-өткізу бекеттерінде шаруалардың кіріп-шығу мәселесі шешімін тапқанын жеткізді. Шаруалар тиісті құжаттарын көрсетіп, бақылау-өткізу бекеттерінен қала аумағына кедергісіз өтіп жүр.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы