Ақша салу бар, шығару жоқ
Карантин кезінде алаяқтықтың тағы бір түрі – электронды ойын автоматтары. Қазір қай әлеуметтік желі парақшасын ашсаңыз да, «Вулкан», «Фараон», Pin-Up, «Чемпион казино», Admiral, Joycasino, Eldorado сынды ойын автоматтарының жарнамасынан көз сүрінеді. Олар еш қымсынбай, электронды құмар ойындарын қып-қызыл ақшаға жүргізуде. Жалпы, бұл көлеңкелі бизнестің тынысы мен табысын білу мақсатында «Вулкан» онлайн казиносына арнайы тіркеліп көрдік. Ең алдымен аты-жөнің мен электронды поштаңды енгізгеннен кейін сайт сізді негізгі бөлімге бағыттайды. Онда оннан аса ойын түрлері мен электронды казиноға дейін бар. Тіпті, бір бөлімінде сен сияқты тіркелгендермен покер ойынын да ойнауға болады. Бір сөзбен айтқанда, аталған сайттың ішінде Лас-Вегаста жүргендей сезінесің. Ал енді осы ойын автоматтарының бірін ойнау үшін шотыңды толтыруың қажет. Ол үшін сайттың жоғары жағында орналасқан «пополнить» яғни, толтыру батырмасын басу қажет. Бөлімді таңдағаннан кейін алдыңыздан ақша аударудың сан түрі ашылады. Ұялы телефон нөмірінен, QIWI кошелектен немесе банк карточкасынан деген бірнеше нұсқа ұсынылады. Біз банк карточкасынан деген бөлімді таңдап едік, онда есепшоттың 16 санымен қоса, карточка иесінің аты-жөнін толтыру туралы нұсқама шықты. Белгіленген жолдарды толтырып ақша аудардық. Ойындарды ойнап көріп едік, бастапқыда қолымыз жүрді. Тіпті, 10 000 теңге төңірегіндегі ұтысқа ие болдық. «Бұл не қылған батпан құйрық?» деп қаржыны қайта есеп шотымызға аударуға әрекет етіп едік, сайт «Сіздің шотыңызда ақша жеткіліксіз» деп бұғаттап тастады. Сөйтсе, олардың талаптары бойынша шешетін ақшаң 17 000 теңгеден кем болмауы керек екен. Алайда сағаттап ойнасақ та, жеке шотқа аударуға белгіленген 17 000 теңгеге жете алмадық. Бір күнде бұл әрекетімізді екі-үш мәрте қайталап көріп едік, жоғарыда атап өткен сценарий айна-қатесіз қайталанды. Демек, бұл ойын автоматтарынан ұтысқа ие болу мүмкін емес. Ақша салу бар да, оны шығаруға жол жоқ. Біріншіден, аталған құмар ойын автоматтары Үкіметке салық төлеп жатыр ма? Екіншіден, елімізде құмар ойындарға тек Қапшағайда рұқсат етілгенін ескерсек, бұлардың бизнесі қаншалықты заңды? Үшіншіден, сайтқа тіркелу кезінде және ақша аударуда толтырған жеке деректер мен есеп шоттың нөмірі жоғарыда атап өткеніміздей алаяқтық мақсатта қолданылмайтынына кім кепілдік бере алады? Бұл сауалдармен Жамбыл облыстық Экономикалық тергеу департаментіне қайырылдық. Мұндағы мамандардың айтуынша, аталған сайттардың барлығы Ресей мемлекетінде тіркелген екен. Сондықтан оларды құрықтау мүмкін емес көрінеді. «Министрліктің күшімен біреуін жаптық дегеннің өзінде, ертесіне басқа атаумен жұмысын жалғастыра береді. Егер «Вулкан.kz» болып тіркелсе, біз оны тексере аламыз. Алайда онлайн казинолардың барлығы ru, яғни ресейлік сайт ретінде тіркелген. Әрине, бұлардың жұмысы заңсыз. Алайда біздің қолдан келер шара жоқ. Сондықтан ел тұрғындарына мұндай сайттарға тіркелмеуге және онлайн казино ойнамауға кеңес береміз» дейді мамандар. P.S.Байқап тұрсақ, аталған сайттардың жұмысы заңсыз екен. Алайда оларды құрықтап, Қазақстан аумағында таралмауына тосқауыл қоятын мекеме болмай тұр. Бір қызықты жайт, біз онлайн казиноға тіркелгенде, шотымызға қаржыны рубль емес, теңгемен аудардық. Демек, сайттың біздің валютамен жұмыс істейтін елімізде жүйесі бар деген сөз. Міне, осы тұстан құзырлы орган өкілдері мықтап ұстап, теңгемен ақша аударымына тосқауыл қойса, түйткілдің түйіні табылар ма еді? Бәлкім, бұған банк өкілдерін де жұмылдырып, тұтынушының есеп шотынан онлайн казиноларға ақша аударуға шектеу қою керек шығар? Бұл сауалдарды сүзгіден өткізіп, зер салып зерделеуді құзырлы органдардың құзырына қалдырдық. Әйтеуір, онсыз да қиын кезеңде карантинде жатқан тұрғындарды онлайн автоматтар алдап соқпаса екен дейміз. Ол үшін халық та мұндай күмәнді сайттардан аулақ болғаны абзал. Біздікі ескерту, ал одан қорытынды шығару өз еріктеріңізде.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы