Алматы облысындағы археологиялық, монументалды, қала құрылысы және сәулет ескерткіштерін қорғау, оны жаңғырту – аса маңызды міндеттердің бірі.
Алматы облыстық тарихи, мәдени мұраларды қорғау орталығының директоры Ғалымжан Оспановтың айтуынша, өткен жыл облыстық тарихи, мәдени мұраларды қорғау орталығы үшін табысты кезең болды. Өңірдегі ескерткіштердің саны көбейіп, оны қорғау шаралары да күшейе түскен. Қазір облыста 2 363 тарихи, мәдени ескерткіш бар. 2018 жылы облыста 13 ескерткіш ашылса, өткен жылы тағы да жеті ескерткіш мемлекеттік комиссияның қарауына ұсынылып, қолдау тауып, ресми түрде ел назарына ұсынылған екен.
Ұйғыр ауданында Сәдіғожа Мошанұлы мен Мөрден Таиповқа, Алакөл ауданында Абай Құнанбаевқа, Қарасай ауданында Қарасай батырға, Ақсу ауданында Ілияс Жансүгіровке, Талдықорған қаласында Жұмахан Балапановқа, Іле ауданында Тұрғанбек Қатаевқа қойылған ескерткіштер ел-жұрттың қолдауына ие болды.
Ескерткіштерді орнатумен қатар оны қорғау, абаттандыру ісі де естен шыққан жоқ. Былтыр сәуір айының 10-18 күндері аудан, қала әкімдіктері тарапынан ескерткіштердің айналасын абаттандыру, тазалау жұмыстары жүргізіліп, гүл шоқтары қойылып, танымдық-тарихи іс-шаралар флешмоб түрінде өткізілді. Үкіметтің «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеу және қабылдау туралы тапсырмасын орындау мақсатында, «Ескерткіштерге QR кодтар орнату» жобасының аясында Ақсу, Жамбыл, Панфилов, Ескелді, Көксу, Қаратал аудандарындағы 143 тарихи, мәдени ескерткішке QR кодтар қойылды.
Облыстық тарихи, мәдени мұраларды қорғау орталығы өңірдегі мемлекет қорғауына алынған ескерткіштердің жай-күйін анықтау, енді анықталған ескерткіштермен тізімді толықтыру, санын нақтылау мақсатында Еңбекшіқазақ, Алакөл, Жамбыл, Панфилов, Талғар аудандары әкімдіктерімен бірлесіп, жұмыстар жүргізді. Соның нәтижесінде тізімге енбей қалған 321 ескерткіш анықталды. Мемлекет қорғауында тұрған 112 ескерткіштің жағдайының өте нашар екені белгілі болып, тізімнен шығаруға ұсыныс жолданды. Ақсу ауданының Сағабүйен ауылында, Талғар мен Қарасай аудандарындағы Үлкен Алматы айналма жолының бойында орналасқан археологиялық ескерткіштерге жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысып, олардың апатты жағдайда тұрғанын анықтап, оларды мемлекет қорғауындағы ескерткіштердің тізімінен шығару қарастырылуда. Қазба жұмыстарынан табылған жәдігерлер орталық арқылы М.Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне өткізілді.
Әрине, атқарылған жұмыстар ауқымды болғанымен, кейбір келеңсіз жағдайлар да болмай қалмады. Нақты айтқанда, облыс аумағында бірнеше тарихи-мәдени ескерткіштерді пайдалануда заңбұзушылықтар орын алған. Атап айтсақ, Панфилов ауданы Көктал ауылындағы Абай атындағы орта мектептің ауласына Абай Құнанбаев ескерткіші рұқсатсыз орнатылса, Жамбыл ауданы, Талап ауылдық округіне қарасты «Қастек қалашығына» Ә.Марғұлан атындағы археология институтының қызметкері заңсыз қазба жұмысын жүргізгені белгілі болды.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы