Үнділер тау-шаңғы курортын салмақ
Үнділер тау-шаңғы курортын салмақ
470
оқылды

Түркістан облысында қолға алынған ірі жобалардың қатарына тағы бір жақсы жоба қосылмақ. Атап айтқанда, Үнді елінің компаниясы «Қасқасу» тау-шаңғы курортын салып, соған лайықты қонақүй мен инфақұрылым жүйелерін тартпақ. Бұл туралы Алматы қаласында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев және Chaudhary Group (CG Global) трансұлттық компаниясының басқарма төрағасы Бинод Чаудхари мен атқарушы директоры Варун Чаудхаримен кездесу барысында мәлім болды.

Сондай-ақ басқосуға KAZAKH INVEST ҰК АҚ өкілдері мен Қазақстанның Үнді еліндегі Төтенше және өкілетті елшісі Болат Сарсенбаев қатысты.

Жиында М.Мырзалиев Түр­кістан облысындағы бірқатар қолжетімді жобаны таныстырып, өңірдің инвестициялық мүмкін­діктері мен қазіргі тұрмыс-тіршілігі жайында толыққанды ақпарат берді.

Өңірдің мүмкіндіктерінен хабардар болған Chaudhary Group (CG Global) компаниясы өкілдері бірқатар жобаны жүзеге асыруға ынталы екендіктерін білдірді. Атап айтқанда, шетелдік қонақтар «Қасқасу» тау-шаңғы курортын салып, соған лайық қонақүйлер мен инфақұрылым жүйелерін тартпақ. Жобаны жүзеге асыру үшін Испания немесе Швей­цариядан тәжірибелі мамандарды тартуды көздеп отыр. Сонымен қатар Түркістан өңірінен қонақүй алып, кеспе өнімдерінің өндірісін кеңейту және өңірде Food Park азық-түлік паркін құруды ақыл­дасты.

Сондай-ақ жиын барысында Chaudhary Group (CG Global) өкілдері Түркістан облысына арнайы жұмыс сапарымен келетіндерін айтты. Іссапар ая­сында олар Қазығұрт ауданының индустриалды аймағында болып, ондағы тез дайындалатын кеспе өндірісі бойынша зауыт құры­лысының барысымен танысады. Айта кетейік, зауыт 2019 жылдың 1 шілдесінде толық іске қосылады деп жоспарланған. Жобаның инвестициялық құны 15 млн АҚШ долларын құрайды. Өн­дірілген кеспе өнімдері Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан сияқ­ты көршілес елдерге экс­порт­тау көзделуде.

   

Түркістан облысы