Қазақстан президенттігіне үміткер Сәдібек Түгел Щучинск қаласында сайлаушылармен кездесті. «Ұлы дала қырандары» мәдени-әлеуметтік қозғалысының атынан президенттікке үміткер С.Түгел қоғамдық жұмыстары, жастарды отансүйгіштікке баулудағы бірлестіктің жұмысы жайлы әңгімелеп, қатысушылар қойған сауалдарға жауап берді.
Кандидаттың сенімді өкілі Талғат Омар Сәдібек Түгелдің қолға алған ісін әрқашан соңына дейін жеткізетін табандылығы мен ұлттық құндылықтарды ұлықтаудағы ерекше ерік-жігері жайлы айтып, оның шығармашылығын да қатар алып келе жатқанына тоқталды. Іс-шарада автордың еңбектеріне арналған кітаптар мен фотосуреттер көрмесі ұйымдастырылды.
Ал кеше Ақмола облысы Ақкөл қаласындағы агротехникалық колледж студенттері арасында үміткер Сәдібек Түгелдің сенімді өкілдерінің қатысуымен асық атудан турнир өтті.
«Бұл ойын түрі UNESCO мәдени мұралар тізіміне енгізілген. Ұлттық ойындарымыздың бәрін тек сайыс үшін ұйымдастырмау керек, ол ұлттық құндылығымызды қастерлеу, ата-баладан келе жатқан салт-дәстүрімізді көздің қарашығындай сақтап, қастерлей білуге үйретеді. Ұлттық ойындарымызды жаңғырта білсек, бұл өткенді ұмытпағанымыздың белгісі», – деді кандидат, жазушы, «Түгел-медиа» халықаралық холдингінің негізін қалаушы әрі жетекшісі Сәдібек Түгел.
«Дәл көздей білу, икемділік пен шапшаңдықты қажет ететін асық ату ойыны басқа спорт түрлеріндей арнайы алаң мен қомақты қаражатты қажет етпейді. Ең негізгісі – ынта мен қызығушылық. Ресми деректер бойынша бұл ойын түрімен елімізде 80 мыңдай адам айналысады», – деді кандидаттың сенімді өкілі Ерболат Съезхан.
Асық ату турнирінде Агротехникалық колледж студенттері Рүстем Леденов, Виктор Жуменко және Асхат Тоқсанбаев турнир жеңімпазы атанды. Ақкөл қаласының тұрғыны Рүстем Леденовтің айтуынша, ол бала кезінен тек спортпен шұғылданып қана қоймай, қазақ тілін де жетік меңгерген.
Айдана БЕГІМ