Қауіпсіздік техникасын тексерді
Қауіпсіздік техникасын тексерді
290
оқылды

Кәсіподақтар федерациясы ұсынған үміткер Амангелді Таспиховтың сенімді өкілдері Түркістан облысының табиғаты тамылжыған Түлкібас ауданында болды. Социалистік Еңбек Ері Мәнтай Жарымбетов атындағы ауылда Гүлхан Жарымбетованың шаруа қожалығында сайлаушылармен кездесті.

Кандидат А.Таспиховтың Түркістан облысы, Шымкент қаласы бойынша қоғамдық штабының басшысы Берік Бекжанов алда келе жатқан саяси дода­ның мемлекет тарихындағы маңызына тоқталды. Жиналған көпшілікті сайлауда белсенділік танытып, дауыс беру құқын тиімді пайдалануға шақырды. Штаб басшысы үміткердің сайлауалды тұғырна­масын егжей-тегжейлі түсіндіріп, аза­маттардың сауалдарына жауап берді. Сайлауалды шараға салалық кәсіподақ басшылары Бастарбек Пірімбетов, Барлыбай Қуандықов, Гүлдар Есебаева, Тимур Жүнісовтер де атсалысты.

15 мамыр күні кандидат А.Таспихов­тың сенімді өкілдері А.Наурызбаев пен Г.Момбекова Тараз қаласында Жамбыл облыстық қан орталығының ұжымымен кездесті. Аймақтық штаб мүшелері кандидаттың сайлауалды тұғырнама­сының негізгі бағыттарымен, кәсіподақ­тардың жаңашыл жұмысымен таныс­тырды.

Кәсіподақтар федерациясының «Келешек» жастар қанатының мүшелері Түркістан қаласында кандидат А.Таспи­хов­тың сайлауалды бағдарламасы бар кітапшалар таратты. А.Ясауи кесенесіне зиярат ете келген азаматтарға, сондай-ақ орталық саябақ, «Рәміздер алаңы» аллея­сы сияқты халық көп шоғырланған орын­дарда болып, азаматтарды сайлауал­ды материалдармен таныстырды.

Алда келе жатқан президент сайлауы­ның маңызына тоқталған жастар аза­маттарды саяси додадан тыс қалмай, белсенді болуға шақырды.

Ал Амангелді Таспиховтың өзі Қарағанды медицина институты мен колледжінің студенттерімен кездесіп, медицина қызметкерлерін даярлау бағдарламасымен танысты. Кандидат, сонымен бірге, өңірдегі өнеркәсіп ны­сандарын аралап, зауыттар мен фабри­калардағы қауіпсіздік техникасы ереже­сінің сақталуын тексерді.


Айдана БЕГІМ