Қазақстан Коммунистік Халық партиясының атынан Қазақстан президенттігіне ұсынылған кандидат Жамбыл Ахметбеков Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығында сайлаушылармен кездесті. Кандидат Ж.Ахметбеков қарапайым адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздеп отырғанын, еңбек адамы жоғары жалақы алуға және лайықты өмір сүруге тиіс екенін айтты.
Одан кейін кандидат Қорғалжын ауданына қарасты Қызылсай ауылдық округінің Шалқар ауылында және Қорғалжын ауылдық округінде болды. Кандидат «Халық коммунистері» фракциясының қазақстандықтар үшін өзекті саналатын бағыттары бойынша атқаратын қызметі жайлы айтып берді. Оның айтуынша, елдегі кедейшіліктің шынайы деңгейін қайта санап, бұл құбылысты өзекті әлеуметтік мәселе деп тану қажет.
– Біз отандық тауарға, әсіресе, АӨК өнімдеріне тұтынушылық сұранысты ынталандыру бағдарламасымен бірге кедейлікпен күресу бағдарламасын қабылдауды, оны іске асыруды бірнеше рет ұсындық және оның жүзеге асырылуы үшін жұмыс істейміз. Бұл міндетті түрде экономиканың шынайы секторы мен ауылдағы кооперацияның дамуына әсер етеді, – деді ол.
Кейін партия өкілдері Шалқар ауылына аттанып, ауыл ақсақалдарымен кездесті. Мұнда ауыл қариялары үміткерге бата беріп, ақ жол тіледі.
Нұр-Сұлтан қалалық комитетінің бірінші хатшысы, Нұр-Сұлтан қалалық сайлауалды штабының жетекшісі Н.Оразханов қалалық комитеттің активімен бірге Қазақстанның электротехникалық құрылғыларын өндіретін Астана электротехникалық зауытында болды. Бұл кәсіпорын өндіріс ауқымын арттыру мен жетілдіру қарқыны бойынша да алда келе жатыр.
Еңбек ұжымы алдында сөз сөйлеген
Н.Оразханов электротехникалық құрылғыларды өндіру елдің өндіріс саласында әрқашанда сұранысқа ие екенін атап өтті. Үміткердің өкілі қазіргі таңда Қазақстан Парламенті Мәжілісінде орынға ие Қазақстан Коммунистік Халық партиясы мемлекеттік деңгейде қарапайым халық мүддесін қорғау бойынша жұмыс атқарып жатқанын айтты.
Қалалық комитет жетекшісі кандидаттың сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, кәсіпорын қызметкерлерін Қазақстан президентінің сайлауына белсене қатысуға шақырды.
Айдана БЕГІМ