Мәдени шеңбер маңызы
Мәдени шеңбер маңызы
883
оқылды

Кез келген шекара сызығынан елдің мәдени әлемі басталады. Мемлекеттік шекарадан өтіп, сол елге кірген адам бірінші кезекте мәдениет шеңберіне бас сұққанын ұғынуы шарт. Осы тұрғыдан алғанда, қазір қай мәдениетке басымдық беруіміз керек? Қазақстан халқы, ең алдымен, қазақ мәдениеті аясында өмір сүріп, сол мәдениет өлшемімен қатар тыныстағаны керек.

Қазақтың этномәдениеті құн­дылығы баршылық. Халқы­мыздың тарихи-шаруашылық, тұрмыс-тіршілік болмы­сына қатысты мәдени байлықтары­мыз­ды қаншалықты білеміз? Темір, ағаш, тері, жүн өңдеуге қатысты қолөнері мен зергерлік өнері, аң­шылығы, саятшылығы тұрғы­сын­да қаншама дүние бар. Әсіресе, халқымыздың сәндік-қолданбалы өнері – ғасырлар бойғы эстети­калық талғамды қалыптастырған этномәдениет қайнар көзі. Бұл саладағы өткенгі және қазіргі қол­өнер бұйымдары, халқы­мыздың көркем-шығармашылық дәс­түрлері мен рухани-материалдық мәде­ниетінің құндылықтарын сақтауға, игере отырып байыта түсуге жетелейді.

Осы ретте елордада 31 мамыр мен 2 маусым аралығында алғаш рет Nur-Sultan Ethno Fest ірі этномәдени мерекесі өтеді деген хабарға елеңдеп қалдық. Шараны Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Қазақстанның этноспорт қауым­дасты­ғымен бірлесіп ұйымдас­тырып отыр. «Хан-Шатыр» сауда, ойын-сауық орта­лы­ғының ала­ңын­да киіз үйлер тігі­ліп, қазанат­тар мен қыран құстар көрмесі болады екен. Мұнда келушілер қыш-құмыраны илеп жасау әді­сімен танысып, ортағасырлық стильдегі этнобазарды аралайды. Осы этноауыл аумағында орналас­қан киіз үйлердің жанынан ұлттық кәдесыйлар сататын жәрмеңке болады.

Мұндағы басты мақсат – қа­лың қауым­ды қазақ халқының салт-дәс­түрімен, әдет-ғұрпымен мейлінше көбі­рек таныстыру. Қазіргі урбанизация заманында қалалық қазақтарды былай қой­ғанда, ауыл тұрғындарының өзі көп нәрсені ұмытып қалды. Мә­селен, кигіз үйді қалай тігуді біл­мейтін адам көп. Отырық­шылық өмір бізді қазақтың этномәдение­тінен тым алыстатып жіберді. Жекелеген мүдделі азаматтар болмаса, былайғы жұрт қазір қамшы­герлік, арқан өру, қамшы өру мен шаңы­рақ көтеру секілді бұрын кез келген қазақ оп-оңай атқарған тірліктерді жасай ал­майды.

Елорда тұрғындары мен қо­нақтары үшкүндік фестиваль аясында ақындар айтысы, мере­келік концерт сияқты шараларды тамашалап, найза лақтыру, қол күресі, мас-рестлинг, садақ ату және серке көтеру жарыстарында күш сына­сады. Фестиваль шең­берінде өтетін басты шара ат үс­тінде отырып садақ атудан «Алтын жебе» бірінші Әлем чемпионаты болмақ. Жарысқа әлемнің 20 мем­лекетінің мергендері қатысады. «Алтын жебе» алғашқы Әлем чем­пионатына қатысатындарын Орталық Азия елдерінен өзге Малайзия, Оңтүстік Корея, Иордания, Румыния, Финляндия, Польша, Мажарстан және тағы басқа елдердің өкілдері растапты. Мұның бәрі қуанышты, әрине.

Этномәдениет бастауында – ха­лықтың тілі тұр. Салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы тұр. Жас ұрпақ осы мәдениетке анда-санда өткізілетін шаралар арқылы емес, күн сайын жақындап, көзбен көріп, құлақ­пен естіп өсетін болса, көп жоқ­тың есесі түгенделер еді.