Танымал актер Джеки Чан тарту еткен кітап Елбасы кітапханасына келіп түсті.
28 сәуірде Тұңғыш Президент Н.Назарбаев Қытайға сапары барысында белгілі актер Джеки Чанмен жүздесті. Елбасы әлемге әйгілі тұлғамен кездескеніне ризашылығын білдіріп, Қазақстан мен Қытай мемлекеттері арасындағы қарым-қатынастың маңызын атап өтті.
Осы тұста Джеки Чан қос мемлекет арасындағы мәдени ынтымақтастыққа көрсетіп жатқан Елбасының қолдауы үшін зор алғысын айтып, Н.Назарбаевқа «Мен бақыттымын» кітабын тарту етілген.
Бүгінде Қытай актерінің қолтаңбасы бар кітап Елбасы кітапханасының қорына келді. Алты бөлімнен құралған тартулық басылым Джеки Чанның өмірі мен өнері жайында. Көзі тірісінде есімі аңызға айналған тұлғаның өмірлік көзқарастары мен ұстанымдарын, ұлттық мәдени мұра мен адами құндылықтарға адалдығын, еңбекқорлығы мен қарапайымдығын, ерлігі мен бастан өткен оқиғаларын кітап бетіне актердің әріптес досы Чжу Мо түсірген.
«Адамдардың тағдырларын қосатын бұл өмір тосынсыйларға бай. Аталмыш кітаптың жазылып, басылымнан шығуы үш жылдай уақытты талап етті. Бұл уақыттың ішінде бақытқа да, сәтсіздікке де толы сәттерді бастан өткеріп үлгердім. Өткенге көз жүгіртсем, естеліктеріммен дәл қазір бөліскенім абзал сияқты. Әңгімелерім оқырмандарға қызық болады деген үміттемін. Олар кем дегенде нағыз болмысымды танып-түсінуге, қорытынды ой түртуге көмектесуі тиіс», - деп жазған Джеки Чан кітап алғысөзінде.