Елбасы Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановты қабылдады. Осыған дейін Елбасы халықтың сотқа деген сенімін арттыру туралы тапсырма жүктеген еді. Кездесу барысында өткен жылдың 19 қарашасындағы кеңесте берілген нақты тапсырмаларды орындау мәселелері талқыланды. Жоғарғы сот төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сот жүйесін жаңғырту барысы туралы мәлімдеді.
Сондай-ақ соттардың қызметін жетілдіруге және судьялардың жұмысына деген халық сенімін арттыруға бағытталған 15 заң жобасы әзірленгені туралы айтылды.
– Халықтың сотқа сенімін арттыру – өзекті мәселе. Бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар баршылық. Біраз қанатқақты жобаларымыз өз нәтижелерін беруде. Сол нәтижелерді іске асыру үшін заңдарға түзетулер мен өзгерістерді енгізу туралы жобаларды дайындадық. Осы тапсырманы орындау үшін біз 15 заң жобасын әзірледік. Қазір оның 6-ауы күшіне енді. 3-еуі Парламентте. 6-ауы қазір Мәжіліске енгізу сатысында тұр. Осы жылдың екінші жарты жылдығында-ақ соттардың ісі жақсарып, оны қоғам да, инвесторлар да нақты сезетін болады. Мен оған өте сенімдімін, – деді Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов.