Қазақстан президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың РҚШ мүшелері астықты өлке Қостанай облысына келді. Бұл өңірде «Соколов-Сарыбай» тау-кен байыту өндірістік бірлестігі ұжымымен кездесті.
Штаб мүшелері Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының мәні мен маңызы туралы айтты.
– Біздің кандидат өз бағдарламасында еңбек адамдарына лайықты жағдай жасау, соған сәйкес еңбекақы төлеу, халықтың әл-ауқатын арттырып, білім беру мен денсаулық сақтау ісін жетілдіру, қоғамда заңның үстемдігін орнату, сияқты бағыттарға басымдық беріп отыр, – деді Республикалық қоғамдық штабтың мүшесі Мейрам Пішембаев.
Облыс жұртшылығымен кездесуде штаб өкілдері бағдарламаның басты ұстанымдарына назар аударды.
– Біз, нұротандықтар, қазіргідей ел дамуының тарихи кезеңінде Елбасының сенімді тірегі болып қана қоймай, Тұңғыш Президентіміздің саясатын ары қарай жалғастырудың басты кепілі болуымыз керек, – деді штабтың басшысы Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар штаб өкілдері «Баян сұлу» кондитерлік фабрикасының еңбек ұжымымен кездесті. Онда отандық өндіріс пен шағын және орта бизнесті дамыту Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты ұстанымы екені айтылды.
– Отандық ірі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнесті қолдау кандидатымыздың басым бағыттарының бірі болып саналады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық стратегиялық мақсаттарының сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуы үшін біздің партия бар күш-жігерін жұмсайды, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ РҚШ мүшелері облыстағы тағы бірқатар кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесті. Одан бөлек бүгін өңірде республикалық штабтың TeamQazaqstan жастар қанаты да креативті шараларды қолға алып, белсенді түрде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Ал Алматы қаласында жасотандықтар арнайы флешмоб өткізіп, Қазақстан президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты туған күнімен құттықтады.
Айдана БЕГІМ