«Ауыл» партиясының үміті – Төлеутай Рақымбеков елордадағы Қазақ агротехникалық университет ұжымымен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
Президенттікке үміткер Төлеутай Рақымбековтің Қазақ агротехникалық университетіне аяқ басуы бекер емес. Өйткені, бұл жерде тек ауыл шаруашылығы мамандарын даярлап қана қоймай, салаға қажетті озық ғылыми жобалар жасалады. Әсіресе, иммунды химия, тағам микробиологиясы және топырақты талдау бағыттарында теңдессіз бастамалар бар. Бірақ оны өндіріске енгізу оңай болмай тұр.
«Қазіргі ауыл шаруашылығында аграрлық ғылымның орны ерекше, тіпті, шешуші рөл атқарады дер едім. Бірақ өкінішке қарай оны шаруалар түсіне бермейді. Айналып келгенде, бұл жағдай ел экономикасына кері әсер етуі мүмкін», – дейді С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ ғылыми қызметкері Владимир Киян. Төлеутай Рақымбеков бағдарламасында осындай жобаларды өндірісте кеңінен қолдануға ерекше басымдық берген.
«Ауыл» ХДПП-нан кандидат Төлеутай Сатайұлының сенімді өкілдері Қызылордадағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты базасында сайлаушылармен кездесті. Кездесу барысында Рақымбеков Төлеутай Сатайұлының сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, облыстық қоғамдық штабының сайлау кезеңіндегі жұмыс істеу тәртібі мен мәселелері ортаға салынды.
Кандидаттың Қызылорда аймақтық қоғамдық штабының жетекшісі Серікбай Өмірзақов Төлеутай Рақымбековтің бағдарламасын толық таныстырып, агроөнеркәсіп кешенінің дамуы, ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу, ауыл жастарының мәселесін шешу еліміз үшін маңызды екенін атап өтті. Кездесуде сөз алған облыстық мәслихат депутаты Ж.Нұрымбетов бизнесті ұйымдастыру бойынша тәжірибесімен бөлісті.
Айдана БЕГІМ