Арнасы кепкен сулар
Қазақстан аумағында 85 мыңнан аса ірілі-ұсақты өзен болса, соның жетеуі ғана, яғни Ертіс, Тобыл, Есіл, Жайық, Сырдария, Іле мен Шу мың шақырымнан астам аумаққа созыла ағады. Біз атаған жеті өзеннің жағдайы жақсы емес. Елорданы қақ жарып есіле ағып жатқан Есіл өзенінің жалпы ұзындығы 1 400 шақырым. Ені 50-70 метрден аспайды, тереңдігі 2 метрдей ғана. Өткен ғасырдың 30-жылдары суы тартылып, жағдайы қайта оңалған өзеннің қазіргі минералдығы жоғары. Үлкен қаланың жанында орналасқандықтан Есілге түскен салмақ одан сайын артты десек болады. Аймақта өнеркәсіптік, тұрмыстық-коммуналдық саланың дамуы өзеннің бүлінуіне әкелді. Экологтер Есілдің соңғы жылдары қатты ластанғанын айтып отыр. Былтыр жазда халықаралық сарапшы Анатолий Крутов елдегі 67 ірі су арнасының ауызсу ретінде қолдануға жарамсыз екенін жеткізді. Шығыс Қазақстан облысындағы тау-кен кәсіпорнына тиіп жатқан Красноярка өзені шектен тыс ластанған. Осы уақытқа заңсыз қоқыс полигонының өңделмей, айналаны улап жатқаны талай мәрте айтылған. Енді қоқыс полигоны өзендерді де ластап отыр. Қоқыстың құрамында кемінде 20-ға жуық улы өндіріс қалдық болады екен. Тіршілік бар жерде қоқыстың шыға берері анық, дегенмен бұл мәселені бүгін қолға алмаса су да сұраусыз қалатын сыңайлы. Жоғарыда аталған Шығыс Қазақстан облысында өткен жылы 15 өзеннің суында ауыр металдың тым жоғары мөлшері анықталған болатын. Яғни, адамның қажетіне мүлдем жарамсыз. Жергілікті экология департаменті сол кезде бұл іске қатысы болуы мүмкін кәсіпорындарды шетінен сотқа берді. Ал қазір өзеннің жағдайы өзгерді ме? – Мамандар айына бір рет өзен мен су қоймаларынан сынама алып, тексеріп отырады. Біразында былтыр мырыш пен марганецтің шамадан тыс мөлшері табылған болатын. Сол кезде мұны мәселе ретінде көтеруге мәжбүр болдық. Брекса, Тихая, Үлбі сияқты өзендер көп ластанған. Жыл басында зерттеу жүргізілді, жағдай тұрақты. Заңды бұзған кәсіпорындарға айыппұл салынды, – дейді «Қазгидромет» облыстық филиалының жетекші инженері Айжан Халел. Экология департаменті өзендерді ластаған «Қазцветмет» компаниясына былтыр 56 млн теңге айыппұл салыпты, 2018 жылы – 107 млн теңге. Ал компания өзенге қалдық төгуді қоймаған. Осыған қарап «компанияларға салынған айыппұлды басшылары теңге құрлы көрмей ме?» деген ойда қаласыз. Әлде, заң әлсіз бе?Кәсіпорындардың әлегі
2019 жылы коммуналдық кәсіпорын Есіл өзеніне 154 мың текше метр лас су жіберіп, ақырында 30 млн теңге айыппұл төледі. Осындай заңбұзушылық үшін Әкімшілік кодексте 328, 332-баптар бар. Бірақ заңға құлақ асқан кәсіпорын аз. Бұрындағы әдет, сол әдет. 2016 жылы Ертісті ластаған «ҚазЦИНК» атты алпауыт компанияға 4 млрд 56 млн теңге айыппұл салынған еді. Еліміздегі кәсіпорындардың ішінде осы уақытқа дейін ең көп мөлшерде айыппұл төлеген компания. Соған сай ең көп залал келтірген. Бірақ «ҚазЦИНК» компаниясы үшін миллиардтаған айыппұл қиынға соқпайтындай. Себебі олардың жылдық табысы 3 млрд доллардан асады. Былтыр Петропавлда «Тазартқыш, су тартқыш және су өткізгіш ғимараттар» кәсіпорны Есілге 153 мың текше метр лас су жіберген. Осы үшін мекемеге бар болғаны 150 мың теңге айыппұл салынған. Осындай мардымсыз айыппұл төлеп, жауапкершіліктен оңай құтылған тағы бір мекеме Ақтөбе облысында тіркелген болатын. Өңірдегі Байбақты өзенін ластаған шошқа фермасы 733 теңге айыппұл төлеп, әңгімені жылы жапқан. Тіпті, еріксіз езу тартқызады. Ал табиғат жанашырларының бұл тұста пікірі қандай? – Бұл өте күрделі мәселе. Қарап отырған проблема дұрыс, дегенмен елде осыған байланысты көп нәрсені өзгерту керек. Бұл жерде жекелеген тұлғалардың жауапкершілігі болуы тиіс. Оған кім қарап жатыр. Ластанудың себебі көп. Өте көп жұмыс атқарылуы қажет, бірінші Үкіметтің өзі бастағаны орынды. Менің есебімше, кәсіпорындарға айыппұл өте аз. Көбейту керек. Оларға қалдықты өзенге төгіп, айыппұл төлей салған тиімді және аз қаржы кетеді. Егер олар қалдықтарын өңдеп отыратын қосымша зауыт салса, төлеп отырған айыппұлынан 10 есе артық шығындалады, – дейді эколог Дмитрий Калмыков. Байқағанымыздай кәсіпорындар қаржылық жағынан тиімді жолды таңдайды. Оларға миллиард жұмсап, қалдық өңдейтін зауыт салғанша, аз-кем айыппұлмен құтылған оңтайлы. Сондықтан экологияны бүлдірген кәсіпорындарға айыппұл мөлшерін көбейту керек-ақ. ТҮЙІН:Қазақстан үшін экология мәселесі кезек күттірмеуі тиіс. Осынша өзеннің түбі құрғап, суы жарамсыз болып жатса келешекте сан соғып қалуымыз әбден мүмкін. Бұл проблемаға тәуелсіз мемлекет ретінде бейжай қарасақ – елдігімізге сын.
Мадияр ТӨЛЕУ