Саладағы салғырттық па, не дейміз?
Медицина қызметкерлерінің өздері күресіп жатқан індетті жұқтыруына әзірге нақты баға беру қиын. Дегенмен біздің пайымдауымызша, бұл жағдай еліміздегі денсаулық сақтау саласындағы олқылықты анық байқатып тұр. Сонымен қатар пандемиямен күрес тәжірибеміздің болмауы да салқынын тигізіп тұрғанға ұқсайды. Алдымен саладағы салғырттыққа тоқталар болсақ, әу баста дәрігерлерге тиісті қорғаныс жабдықтарының, атап айтқанда бетперденің, тиісті киім-кешектің жеткілікті деңгейде берілмегенін атап өткен жөн. Бірқатар аймақтарда медицина мекемелерінің басшылары індетпен күресуге даяр болмағанын байқаймыз. Мәселен, жамбылдық Толқынай Ордабаева есімді дәрігердің қоғамды дүр сілкіндірген мәлімдемесін тексеру барысында медицина мекемесі басшысының қызметкерлерді тиісті керек-жарақпен қамтамасыз ете алмағаны белгілі болған-ды. Одан бөлек, қоғам белсенділері Алматыда індет жұқтырған дәрігерлердің әу баста сақтық шарасын жасауға мүмкіндігі болмағанын айтады. Белсенді азамат Нұраддин Садықов Facebook парақшасында Алматыдағы И.Жекенов атындағы жұқпалы аурулар ауруханасы дәрігерлерінің мәселесін көтергені бар. Ол әлеуметтік желіге «Коронавируспен аяусыз күрес жүргізіп жатқан Алматыдағы И.Жекенов атындағы жұқпалы аурулар ауруханасының «Отырар» қонақүйінде жатқан 60 қызметкері (дәрігер, медбике, мейірбике, санитарлар) расында өз ақшаларына тамақ сатып алып, жұмысқа қоғамдық көлікпен қатынап барады екен!» деп жазды. Рас, кейін мәселе шешілді. Онда да қоғам белсенділерінің шу шығаруының арқасында жағдай реттелді. Алайда аталған оқиға денсаулық сақтау саласындағы менеджменттің олқылығын ашық көрсетті. Кейін Алматыдағы №12 аурухана дәрігерлерін айыптаған қаланың сол кездегі бас санитар дәрігерінің сөзі осы сөзімізге тағы бір дәлел. Қаланың бұрынғы бас санитар дәрігері Айзат Молдағасымова медперсоналдың жаппай вирус жұқтыруының себебі ретінде дәрігерлердің қажетті қауіпсіздік шарасын сақтамауы мүмкін екенін айтқан. Өз кезегінде аурухана қызметкерлері А.Молдағасымованы жала жапты деп айыптап, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жазған-ды. Тағы бір мысал ретінде дәрігер Ғабит Нұрханұлының әлеуметтік желідегі пікірін келтіруге болады. Әу баста өздерінің тиісті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілмей жатқанын жазып келе жатқан астаналық дәрігер 19 сәуір күні «Шыдам берсін, медиктер бірінен соң бірі алдыңғы шепте жалаң қолмен жауға қойғандай мұрттай ұшып жатыр. Берген костюмі дым қорғамайды, өткен сменде ауыр науқас қабылдап едік, үйінде отырған қарт кісі, қыздары келіп жұқтырған, қайтыс болды. Сол аралықта біздің бір медбике қызға жұқтырып үлгерді» деп жазды. Мұның өзі дәрігерлерді керек-жарақпен қамтамасыз етуде олқылықтар бар екенін көрсетеді. Екіншіден, бұл кемшіліктердің барлығы сөз басында айтқанымыздай, еліміздегі тиісті мекемелердің пандемиямен күресте тәжірибесінің жоқтығын, бұл бағытта тиісті даярлық жүргізілмегенін аңғартып тұр. Әрине, болуы мүмкін төтенше жағдайға қатысты бұрын түрлі жаттығу өтіп тұратын. Бірақ олардың көбі өрт, зілзала, су тасқыны, қар көшкіні тәрізді апаттың зардабын жоюға бағытталатынын көзіміз көріп жүрді. Әрі төтенше жағдайдың алдын алу мен зардабын жоюға қатысты оқу-жаттығуды көбіне ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің құрылымдары ұйымдастырып жататын. Ал эпидемияға қарсы күреске байланысты жаттығу өткізілгенін естімеппіз. Бәлкім, дәрігерлер шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасып, барыс-келіс жасаған да шығар. Ол жағы бізге беймәлім. Алайда COVID-19 елімізде дәрігерлер ғана емес, тұтас қоғамның төтенше жағдайға даяр емес екенін көрсетті. Біз SARS вирусы, доңыз тұмауы тәрізді індеттің зардабын тартқан Азия елдерінің тәжірибесін ескермегеніміз байқалып қалды. Шамасы жаһанды шарпитындай пандемия тарала қоймайды деп ойласақ керек. Нұраддин САДЫҚОВ, қоғам белсендісі: – Әрине, бұл менің жеке көзқарасым. Дегенмен өз басым басты қателік менеджменттен кеткен деген пікірдемін. Оны жасырудың қажеті жоқ. Яғни, дайындық жұмысы дұрыс ұйымдастырылмаған. Алматы қаласында дәрігерлерге вирустың көп жұғуы тікелей басшылықтың қателігі. Қарапайым қауіпсіздік шарасы сақталмаған. Оған түрткі болған қажетті медициналық жабдықтың, бетперденің, халаттың жетіспеуі. Атырауда, Маңғыстауда, басқа жерде де солай. Дәрігерлердің салғырттығынан болған жағдай да кездескен шығар. Бірақ көп жағдайға жабдықтардың жетіспеушілігі себеп болды. Мәселен, бір рет киетін киімді, бетпердені бірнеше рет қолданған жағдай кездесті. Қысқасы, сондай жағдайдың кесірі тиді. Одан бөлек, бұл аурумен бетпе-бет кездесіп отырғандықтан нақты нұсқаулық болмады-ау деп ойлаймын. Төтенше жағдай жарияланбай тұрып дәрігерлер, лаборанттар және өзге де қызметкерлер өздері барып қан, анализ алу процесін жүргізген. Қоғамдық көлікпен жүрген. «Отырар» қонақүйінде жатқан қызметкерлердің арнайы көлікпен оқшауланып, тасымалданбауы, №12 ауруханадағы жағдай, қысқасы олқылықтың барлығы менеджменттің қателігі деп білемін.Санадағы бейқамдық та әсер етті
Дәрігерлердің вирус жұқтырып алуына біздің ойымызша, дүниетаным мен стереотип әсер еткен тәрізді. Өйткені қоғам әу баста коронавирусты тым қауіпті деп санамағанын байқаймыз. «Ет жегендерге жұқпайды», «мұсылмандарға жұқпайды» деген қауесет бұқараның арасында желдей есті. Қарапайым бетперденің вирустан қорғап, қорғамайтынына қатысты әңгіме көп тарады. Одан соң медперсоналдың қоғамдағы кез келген сала мамандары тәрізді өз басшыларына қарсы келе алмайтыны, атқамінерлердің қысым жасауынан сескенуі, тиісті жабдықтармен қамтамасыз етуді талап ете алмауы да қапы қалдырған тәрізді. Осы тұста ойлау жүйеміз бен «бір шекпеннен шыққанымыздың» ұқсастығын Ресейден де байқауға болады. Көрші елде де дәрігерлердің арасында вирус жұқтыру деңгейі өршіп келеді. Айталық, жақында ғана Екатеринбург қаласындағы №1 аурухананың 78 пациенті мен дәрігері вирус жұқтырды. Әлеуметтік желілерде ондағы сақтық шарасының да нашар екенін айғақтайтын видео толып жүр. Демек, посткеңестік елдерде дәрігердің вирус жұқтыруы «біздің медицина мықты, вирустың таралуы саясат» деген ойдың сана түпкірінде жатқанын байқататын тәрізді. Ал қоғамда ішінара айтылып қалатын «дәрігерлер вирусты мемлекет бөлетін қаржыны алу үшін жұқтырып жатыр» деген әңгіменің еш қисыны жоқ. Өйткені бұл саланың мамандары кез келген дерттің «орыс рулеткасы» екенін жақсы біледі. Сондықтан «әдейі жұқтырды» деген уәжді бірден жоққа шығарамыз. Түйін:Қазақстандық дәрігерлердің вирус жұқтырып алғаны һәм жалпы ауырғандар санының бестен біріне жеткені алаңдататын мәселе. Өйткені олар індетпен күрестің алғы шебінде жүр. Әрі індет жұқтырғандарды емдеуге тиіс мамандардың өздері ауырып қалар болса, оларды алмастыра қояр дәрігер табу да оңай емес. Сондықтан осы жағдай сала басшыларын мықтап ойландыруы тиіс.
Амангелді ҚҰРМЕТ