Митинг туралы заңның маңызы зор
Митинг туралы заңның маңызы зор
428
оқылды
8 сәуірде өткен Парламент Мәжілісінің отырысында депутаттар «Қазақстанда бейбіт жиналыстарды ұйымдас­тыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасын мақұлдады. Айта кетейік, бұл заң жобасының екінші оқылымы. Мә­жілісмендер бірінші оқылымды 26 наурыз күні өткізіп, заңға бірнеше өзгеріс енгізілетінін хабарлаған. Мәжіліс қабырғасынан шыққан құжат қа­зір Сенаттың қарауында жатыр. Аталған заң жобасының мақсаты – елі­міз­де азаматтардың бейбіт жиындар мен ми­­тингілер, топтық шеру және жалғыз адам­­дық пикет өткізуіне қатысты конс­ти­ту­циялық құқығын іске асыру. Президент Қ.Тоқаев 2019 жылдың қыр­­күйегінде халыққа арнаған Жол­дауын­да елі­міздің митингтер туралы заңнамасын же­­­тілдіру қажетін атап өткен болатын. «Егер бей­біт акциялар заң шеңберінен шық­пай­тын және азаматттарымыздың ты­­­ныш­тығын бұзбайтын болса, бұған тү­сі­ніс­тікпен қарап, жиындарды өткізу үшін ар­найы орын бөлу қажет», – деді Мемлекет бас­шысы. Кейіннен 2019 жылдың желтоқсанында өт­кен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІІ отырысында Президент митингтерді ұйым­­дастырудың алдын ала ескерту прин­ци­пін енгізу керегін айтты. Осылайша, еліміздегі жаңа заңды әзір­леу процесіне сарапшылар мен қоғамдық кеңес­тің өкілдері қатысып, ұсыныс, пікір­лер ортаға салынды. Кейбір құқық қор­ғау­шы мамандар заң жобасындағы өз­геріс­термен келіспейтінін білдірді. Мә­се­лен, Қа­зақстандағы адам құқығы бойынша ха­лық­аралық бюроның жетекшісі Евгений Жовтис жұмыс тобынан шығып кетті. Ал Мұх­тар Тайжан Facebook-тегі парақ­ша­сын­­да «мен окопты тастап шықпаймын, соңы­­на дейін қаламын» деген жазба қал­дыр­ды. Сонымен көпшіліктің қызы­ғу­шы­лы­ғын оятқан заң жобасы туралы жұмыс то­бында болған сарапшылар не дейді?      width=Берік ДҮЙСЕНБИНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:  

«ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНЫҢ КЕЛЕШЕГІ ҮШІН ЖАСАЛҒАН ҚАДАМ»

– Бейбіт жиындар, митингілер ту­ралы заң жобасының талқылануына біздің қо­ғам осы жолы жаппай ара­лас­ты. Егер Үкі­мет дайындаған алғашқы заң жобасы мен біз­дің жұмыс тобы ре­дакциялаған нұс­қа­сын салыстырар бол­саңыздар, айыр­ма­шы­лығы өте үлкен. Біз бұл заң жобасын әзірлеу процесіне бар­лық сала өкіл­дерін, құқық қорғаушы ма­­мандарды шақырдық. Айтар ұсы­ныс­тары болса, қоссын, пікірталасқа қатыс­сын дедік. Әйтсе де, заң жобасын оқымақ тұрмақ, оның қабылданғалы жат­қаны туралы естіп қалып, сынап, сырттан тон пішушілер көп бол­ды. Қазір сондай бір үрдіс қалыптасып отыр ғой, оған бәл­кім бүкіл қоғам кінәлі шығар. Мәселен, БАҚ-тарда, әлеу­меттік желілерде заң жобасы туралы мәліметтер шығып жатса да көп адам оны оқымай, танысып көрмей әлеу­меттік желіде шу шығарды. Әрине, пікір айту әр адамның құқығы. Дегенмен оқып, біліп алып сауатты сөйлеуге, жүйелі жұ­мыс­қа шынайы ба­ға беретіндей ұсыныстар болса деген де ой келеді. Себебі біздің қо­ғамның сауаты – ол елдің сауаты, мем­лекеттің болашағы. Бір байқағаным, көптеген сарапшы, саясаттанушы бұл заң­ның қабылдануына, заң жобасын жетілдіруге шын ниетімен кі­рісті. Өйткені олар бейбіт жиын, шерулер туралы заңның артында тұтас ұлттың, ха­лықтың ертеңі, тағдыры тұр деп түсінді. Олар істі орта жолдан тастап кеткен жоқ, жұ­мысты соңына дейін жеткізді. Біз заң жобасын талқылау барысында Қыр­ғыз Респуб­ли­касындағы азаматтармен хабарласып, пікір алмастық. Себебі ол елде митинг пен шерулер көп өткенін біле­сіздер. Қырғыз­дың кәсіпкерлері кезіндегі митингтерде кәсіптеріне, жұмы­сына нұқ­сан келгенін айтып, заң жобасын дайын­дауда осы жағына мән беруімізді ескертті. Неге десеңіз, митинг кезінде біреудің дү­ниесін тонаумен, ұрлықпен айналысып ке­тетін қара ниетті жандар да жүреді. Жұ­мыс тобы осындай қауіп-қатерді де есепке алды. Дамыған елдердегі құқықтық жағ­дай­ды қарастырдық, осылайша бұл құжат жан-жақты талқылаудан өтті. Заңда бейбіт жиналысты өткізу туралы хабарламаны беру мерзімі 15 күннен 5 жұ­мыс күніне дейін, ал атқарушы биліктің оған жауабы 10 күннен 3 күнге қыс­қар­тыл­ды. Бұл заң біздің қоғамды құқықтық қо­ғамға, азаматтық қо­ғамға айналдыруға бас­тайтын маңызды қадамның бірі. Сон­­дықтан Мемлекет басшысының өзі бас­тамашы болған заңның қабылдануы қазақ қоғамының келешегі үшін жасалған ізгі әрекет деп айтуымызға негіз бар.      width=Ерлан САИРОВ, саясаттанушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:  

«ЗАҢНЫҢ ҚАБЫЛДАНУЫ ӘЛЕУМЕТТІК, САЯСИ ЖҮЙЕДЕГІ ҮЛКЕН ПРОГРЕСТІ КӨРСЕТЕДІ»

– 1995 жылы қабылданған бейбіт ше­ру­­лер ту­ралы заңға қарағанда, жаңа құ­жат­қа прин­цип­тік өзгерістер енгізілген. Сондай-ақ заң қабыл­даудағы жаңа новеллалар мен драматургия көпшіліктің талқысымен жасалды. Біріншіден, бейбіт жиналыстар мен митинг өткізу жөніндегі пре­­зумпция мәселесін айтайық. Яғни, мемлекеттік органдар, со­ны­мен бірге жеке адамдар, азаматтардың бейбіт жиыны мен ми­тин­гісін өткізуге кедергі жасауына ешқандай құқы жоқ. Бұл – ең негізгі мә­селе. Сонымен қатар осы заң қабылданғаннан кейін Қазақстан аза­маттары митинг немесе бейбіт жиын өткізу үшін үкіметтік ор­гандарды құлақтандыру жүйесіне өтеді. Әрине, бұл саяси жүйедегі үлкен прогресс деп айтуға болады. Жаңа заң жобасына енгізілген тағы бір өзгешелік – ол жалғыз адам­дардың пикет өткізуге құқығы. Қалада немесе қандай да бір елді мекенде сол елді мекеннің немесе қаланың инфра­құры­лы­мына, тұр­ғындарының қауіпсіздігіне залалын тигізбейтін жер­дің бар­лығында өткізуге рұқсат. Мысал үшін министрлік ғи­мараттарының ал­дында, жергілікті әкімдіктердің және басқа да мемлекеттік ме­ке­мелердің алдында әр азамат пикет өткізуге құ­қылы. Бұл да еліміздегі адам құқығын дамытудағы үлкен бір бас­тама. Сондай-ақ заңда журналистерге, БАҚ өкілдеріне қатысты көп­теген шектеудің барлығы алынып тасталды. Сондықтан бұл заңды бүгінгі таңда біздің еліміздің саяси жүйесін эволюциялық тұрғыда да­мытуға үлес қосатын заң деп айтуға негіз бар. Қазіргі таңда цифрлы технологиялар дамып жатыр. Аза­маттар әлеу­меттік желі, мессенджерлер арқылы көптеген мә­селесін ше­шуге құ­қылы. Әлеуметтік желіде отырып та түйткілді проб­ла­маларға қозғау са­лып, оны шешуге қол жеткізіп отырмыз. Сон­дықтан қабылданып жат­қан заң біздің еліміздің әлеуметтік даму эволюциясына сәйкес өзгеретіні, толықтырылатыны анық. Десек те, бұл заң еліміздегі әлеу­меттік, саяси процестерді өз­гертуде үлкен бір прогрестің бастал­ғанын көрсетіп тұр деуге бо­лады. Осы заң жобасын дайындау барысында депутаттар мен Ұлт­тық қо­ғамдық сенім кеңесінің мүшелері қоян-қолтық жұмыс іс­теді. Біз заңды қабылдау комиссиясының құрамында болып, түр­лі пікірталас, дис­куссияның ішінде жүрдік. Әрине, түрлі мә­селе бойынша келіс­пеушіліктер, пікір қайшылығы болды. Десе де, кейбір принципті мәселелерді біріге отырып шештік. Сол себепті бұл заңды біздің елі­міз­дегі ұлттық татулықтың заңы деп айт­сақ та болады. Бір сөзбен айтқанда, заңның ең негізгі ерекшелігі – бүгінгі таң­дағы еліміздің әлеуметтік, саяси процестерін реформалаудағы ең бірінші алғышарты бар заң деп айтуға негіз бар.  

Дайындаған Бауыржан БАЗАР