Коронавируспен күрес – қарусыз майдан десек болады. Елімізде осы індет пайда болғалы бері алдыңғы шепте дәрігерлер жүр. Күні-түні науқастарды бақылап, емдеп жүрген ақ халатты абзал жандар тіпті үйлеріне де бар-майды. Өз өмірін қатерге тігіп, «тәж тажалмен» арпалысып, алысып жүр. Елімізде күн санап COVID-19 дертін жұқтырғандар саны өсіп келеді. Дегенмен қауіпті саналғанымен, бұл індетпен күресудің тәсілі бар. Одан жазылып жатқандар да көп. Бүгінгі таңда елімізде 2 000-ға жуық адам вирус жұқтырған болса, олардың 447-і жазылып шықты. Осы орайда, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі көпсалалы медицина орталығының директоры Мұхтар Төлеутаевты еліміздегі коронавирус індетіне қарсы жүргізіліп жатқан жұмысқа қатысты сөзге тартқан едік. – Коронавирустан қалай қорғану керек?
– COVID-19 ең алдымен ауа арқылы жұғады. Сондықтан қазір елімізде енгізілген төтенше жағдай талабын барынша сақтау керек. Үйден шықпай, туған-туыс, дос-жаранмен араласқанды тоқтату қажет. Азық-түлік алу үшін дүкенге, дәріханаға барғанда, бетперде киіп жүрген дұрыс. Егер түшкіріп, ауырып тұрған адам көрсеңіз, одан бойыңызды айлақ ұстаңыз. Жеке бастың тазалығын сақтаңыз. Даладан келген бойда қол жуып, антисептик қолдану керек. Үйді дезинфекция құралымен тазалап, терезені ашып желдетіп отыру маңызды. Сондай-ақ дұрыс тамақтанып, ұйқыны қандыру қажет.
– COVID-19 басты белгісі қандай, басқа жұқпалы инфекциядан ерекшелігі неде?
– Аурудың алғашқы белгілері – мұрынның бітелуі, тамақ ауыру және құрғақ жөтел. Кейінгі сатысында дене қызуы көтеріліп, тыныс алу қиындайды. Коронавирус пен тұмаудың алғашқы белгілері ұқсас келеді. Тұмау кезінде адам бірнеше күннен кейін өзін жақсы сезіне бастайды, ал коронавируста керісінше, күн өткен сайын жағдайы нашарлай береді. Бұл екеуінде де әлсіздік байқалады, емделуші көбіне жата бергісі келеді. Бір қарағанда, бұл екі ауру симптомы бірдей және оларды ажырату мүмкін емес сияқты көрінеді. Коронавирус кезінде демікпе байқалады. Дегенмен тұмау мен коронавирустың алғашқы сатыларында олардың еш айырмашылығы жоқ. Коронавирустың басқа ЖРВИ-лерден айырмашылығы тыныс алуды қиындататын екіжақты вирустық, вирустық-бактериалдық пневмония пайда болады. Яғни, вирус өкпені зақымдайды. Науқас өздігінен тыныс ала алмай қалуы мүмкін, ондай жағдайда ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылады.
– Қазір дәрігерлер күні-түні үйге бармай, науқастарды емдеп жатыр. Нәтижесі қандай?
– Коронавирусқа шалдыққан науқастарды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хаттамасына сәйкес дәрі-дәрмекпен емдеп жатырмыз. Науқастарды жағдайына қарай емдейміз. Бұл ауру жеңіл, орташа, ауыр деңгейде өтеді. Жеңіл өткен жағдайда ем-дом қолданбаймыз. Жағдайын бақылап отырамыз. Тек орташа, ауыр жағдайда емдейміз. Халі ауыр науқастар өзі тыныс ала алмай қиналатындықтан, жасанды тыныс алу аппаратына қосылады.
Жалпы, қазақстандықтардың сауығу динамикасы жақсы деп айтуға болады. Бүгінгі таңда 447 адам емделіп шықты.
Пациенттер емдеу стационарынан шыққан соң 14 күн бойы учаскелік дәрігердің бақылауында болады. Үйінде бетперде киіп, отбасы мүшелерінен оқшауланып, жеке бөлмеде жатады. Жеке тамақтанады, жеке тазалық талабын сақтауға міндеттеледі. Бейнебақылау арқылы дәрігер хабарласып, науқастың хал-жағдайын бақылап отырады. Әзірге емдеу мекемесіне қайтып оралған адам жоқ.
– Коронавирусты адамның өз иммунитеті жеңе ала ма?
– Әрине, адам ағзасының вирусқа қарсы күші рөл ойнайды. Дегенмен қауіпсіздік шарасын сақтамаса, коронавирус кез келген адамға жұғуы мүмкін. Дұрысы әр адам уақытылы тамақтанып, ұйқысын қандыруы керек. Дәруменге бай, толық тамақтану режимін ұстанған жөн. Құрамында ақуызы бар тамақты көбірек жеу керек. Ақуыз қорғаныс антиденелерін түзетін материал. Ол алдымен етте көп болады. Көкөніс, бал, еттен артық иммунитет көтеретін ештеңе жоқ. Адамның ағзасы сыртқы микробқа қарсы тұру үшін қалыптасқан.
– Коронавирустан емделіп шыққан адамдарда вирус сақталады деп жатыр ғалымдар. Осы жөнінде не айтасыз...
– Иә, ғалымдар әртүрлі болжам айтып жатыр. Бірақ нақты дәлел жоқ. Сондықтан ол жөнінде басып айтарлық мәлімет беру қиын.
– Қазақстанда коронавирустан бүгінгі таңда 19 адам қайтыс болды. Бұл індет қандай адамдарға көбірек жұғады?
– Өкінішке қарай, ондай оқиға орын алды. Десек те, қанша қауіпті дегенмен бұл ауру байбалам саларлықтай үрейлі емес. 60 жастан асқан адамдарға жұқса, емдеп, жазу қиынырақ. Өйткені ауруға қарсы тұратын қариялардың иммундық жүйесі нашар келеді. Сондықтан елімізде қарияларға далаға шығуға шектеу енгізілген.
Жалпы, тыныс алудың созылмалы ауруына, жүрек-қан тамыры, қант диабетіне, семіздікке шалдыққан адамдарға жұқса, емдеу қиын болады. Осындай тәуекел тобына жататын адамдар барлық қауіпсіздік талабын сақтап, коронавирусты жұқтырып алмауға тырысуы қажет.
– Ішімдік ішетін адамдар спирт вирустан қорғайды деген пікірде көрінеді. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Қазір адамдар сенгіш, аңқау. Кім не айтса, соған ереді. Кейбіреулер жалған ақпарат таратып, саудасын жүргізуді көздейді. Иммунитетті арақ-шараппен көтеру деген бос сөз. Ішімдіктің инфекциямен күресте еш пайдасы жоқ. Ол керісінше иммунитетті әлсіретеді, шектен тыс ішімдік ішу бауырды зақымдайды.
– Коронавирустан қайтыс болған адамдарды жерлеуге қатысты бас санитардың қаулысы шықты. Онда мәйітті туыстарына бермейді, онымен қоштасуға 1 сағаттан артық уақыт берілмейді делінген. Қайтыс болған адамда коронавирус инфекциясы сақтала ма?
– Коронавирус марқұмның ағзасында 10 күн сақталады. Сондықтан Қазақстанда коронавирус инфекциясынан қайтыс болған адамды жерлеу алгоритмі жасалды. Соған сәйкес, марқұммен қоштасуға жақын туыстарына ғана рұқсат етіледі. Оның өзінде марқұм мен туыстарының арасы 3 метрден жақын болмауы керек. Қоштасуға 1 сағат уақыт беріледі. Қаулыға сәйкес, жерлеу рәсімі санитарлық-эпидемиялық қызмет мамандарының бақылауымен және жергілікті атқарушы органның қатысуымен өтеді. Жерлеу кезінде эпидемияға қарсы барлық шара қатаң сақталады.
– Әңгімеңізге рақмет!