Алматыда полиция қызметкерлеріне тіл тигізген адам жауапқа тартылды.
Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында ер адамның полиция қызметкерлерін қорлау фактісі анықталды.
Алматы қалалық Полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Абдрахманов: «Ол өзінің Инстаграм парақшасында полиция қызметкерлеріне арналған былапыт сөздері бар монологын жариялаған. Бірнеше рет камераға жағымсыз сөз айтқан. Бұл жігіт Қылмыстық кодекстің 378-бабымен билік өкілін қорлағаны үшін жазаланады. Бұл факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне тіркелген. Қылмыстық істі ПД тергеу басқармасы жүргізеді. Бүгін ол қамауға алынып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды», – деді.
Ер адам өз әрекеті үшін жұрттан кешірім сұрады.
https://www.youtube.com/watch?v=Q_7r-p8uA4o&feature=youtu.be
«Мен Қазақстан Республикасының барлық азаматтарынан және полиция қызметкерлерінен кешірім сұраймын. Сіздерден мені түсініп, кешіргендеріңізді қалаймын. Мен Қазақстан заңнамасында көрсетілгендей, заң алдында толық жауап беруге дайынмын. Кешіріңіз, өтінемін», – деді айыпты алматылық.