Қазақ әншілерінің көпшілігі табысын тойдан табатыны жасырын емес. Аптасына, тіпті күніне екі рет той-томалаққа барып, ән салады. Әр әншінің «танымалдығына» қарай бекітілген сомасы бар. Бірі – 1 миллион теңге алуы мүмкін, екіншісі 100 АҚШ долларын қанағат тұтады. Одан бөлек, кей әншілер жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Қазіргідей төтенше жағдайда олар қалай күн көріп отыр, табыстары азаймады ма, соған үңіліп көрсек.
Елімізде төтенше жағдай енгізілгелі бері той-томалақ та, кәсіпорындар да, сауда желілері де уақытша тоқтады. Әншілер де карантинде отыр. Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған «Карантиндегі жұлдыз» онлайн концертінен бөлек, өнер адамдары немен айналысуда? Олардың табыс көзі бар ма? Өнер ұжымдары жалақыға қарап отыр. Ал жұмыссыз, нәпақасын тек тойдан тауып жүргендер ше? Олар қалай күн көріп жүр?
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова бұл жағдайдың әншілерге ғана емес, барлық адамға оңай тиіп жатпағанын айтады.
– Жалпы, әншілердің жағдайы жаман емес. Кез келген адам, оның ішінде қазақ халқы бір айлық табысын бір күнде жеп тауыспайды. Ертеңгі күнін де ойлап отырады. Сол секілді бұл карантин әншілерге соншалықты салмақ салып отыр деп ойламаймын. Өйткені әрқайсысымыздың өз қорымыз бар. Бұл – бір. Екіншіден, қазір ешқандай ақша таппасақ та, сол қордағы ақшамен күн көріп отырмыз. Алланың құдіреті шексіз ғой. Бәрімізді бір-ақ күнде үйге отырғызып қойды. «Жан-жақтарыңа қараңдар, ойланыңдар, тәубеге келіңдер» деген секілді. Бұл да Алланың бір сынағы. Бұл күндер де өтер...
Қазір үйде болғанда құр қарап отырған жоқпын. Туыс-туғандарға, айналамдағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға халім жеткенше қолымнан келген көмегімді беріп жатырмын. Қаржылай да, азық-түлікпен де қамтамасыз етуге тырысамын. Жақында бір топ әнші Nur Otan партиясымен бірігіп, мұқтаж отбасыларға азық-түлік таратып берді. Сол үрдісті жалғастырып, партиямен бірге 15 отбасына көмек берейін деп отырмын. Тұрмысы төмен, жалғызілікті қарияларға, көпбалалы аналарға апарып береміз. Бұл мен асып-тасығаннан емес, аз болса да, шарапатымды тигізгім келеді.
«Үйде не істеп отырсыз?» дейтіндер де бар. Бұрын таңның атысы, күннің батысы жұмыспен жүріп, үй жұмысына, өзімізге көп уақыт бөле бермейді екенбіз. «Әнші Майра» деген кітабымды дайындап отырмын. Онда Ілия ағамның естелігінен бастап, мен туралы жазылған мақала, сұхбат, пікірлер топтастырылмақ. Одан бөлек, «Сырымды айтсам деп едім» деген кітапша шығарсам деген ойым бар, – дейді Майра Ілиясова.
«Қазақстан» концерт залының басшысы, композитор Жеңіс Сейдоллаұлы «бұл уақытша ғана қиындық, бұдан да қазақ жұрты қиналмай өтеді деген ойдамын», – дейді. «Барлық әнші той-томалақтан ғана табыс табады деп ойламаймын. Мемлекеттік мекемеде қызмет істейтін де әншілер бар. Олардың тұрақты жалақысы жүріп жатыр. Кей әншілердің жекеменшік кәсіптері бар. Сол арқылы табыс тауып келді. Карантин уақытында қиындық көріп, күнімізді көре алмай отырмыз деп, байбалам салған ешкімді көрмедім», – дейді.
Ал «Жігіттер» продюсерлік орталығының жетекшісі Ерғали Әбдірайымов: «Бұл – Алланың берген сынағы. Кез келген қазақ ертеңгі күнін ойлайды. Сол секілді әншілер де табысын бірден тауысып тастамайды ғой. Кезінде өзіміз де бір отбасында алты-жеті бала болып өстік. Қара нан мен қайғысыз қара су ішсең де, соның өзі – олжа. Сондықтан әншілер табыссыз қалды, той-томалақ болмай қалды деп, қиналуға болмайды. Әншілер ғана емес, қарапайым адамдар да бұл қиындықты бастан кешіп жатыр. Бұл күндер де күні ертең артта қалады», – дейді.
Президент оркестрінің жетекші әншісі Досымжан Таңатаров «Әншінің бәрі қиналып жатқан жоқ. Мен мемлекеттік қызметкер болып саналамын. Тұрақты жалақым бар. Кез келген әншінің жұмысы, қосымша табысы бар. Олар той-томалаққа байланып отырған жоқ», – дейді.
Өзіне қажет ақпараттарды іздеп, кітап оқып, онлайн концерт беріп жатқан жұлдыздар да жоқ емес. «Бұл қиындықта құр жатпай, ізденіп, өзіңді дамытып отыру керек», – дейді Досымжан Таңатаров.
Ал әнші, асаба Бақтияр Аханов: «Карантин басталғалы бері тойдың бәрі кейінге шегерілді. Рамазан айы басталайын деп жатыр. Ол кезде тағы да той-томалақтың болмайтыны белгілі. Сәуір айына біраз тапсырыс алып қойған едім. Карантин болғасын кейінге қалды. Жалпы, негізгі табысым тойдан түсетіні рас. Қосымша басқа табысым жоқ. Соған қарамастан маған қиын тиіп жатыр, ақшасыз қалдым деп айта алмаймын. Аллаға шүкір, қолдағы барымызды жаратып жатырмыз», – дейді.
«Той – халықтың қазынасы». «Бір тойым болатыны сөзсіз менің». Той – қазақтың жаны. Тойсыз, думансыз, ән-жырсыз отыра алмайтыны тағы белгілі. Бірақ тым науқаншыл болып кеткен секілдіміз. Миллиондап несие алып, той жасап, шалқып жатамыз. Ал ол несиенің қайтарымы болатынын да ұмытып кетеміз. Карантин тойды ғана шектеп қойған жоқ. Елді артық ысыраптан да сақтап қалды. Осылай жалғаса берсе, науқаншылдықтан да арылатын болармыз.