Ұлттық банк функцияларымен бөліседі
Ұлттық банк  функцияларымен бөліседі
440
оқылды

Палата cпикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжіліс бюросы өтті. Жиында депутаттардың келесі аптадағы жалпы отырысының жобасы қалыптастырылды.

Оған сәйкес, алдағы отырыста атқарушылық іс жүргізу мәселелеріне қатысты заңнамалық түзетулер қалаулылардың бірінші оқылымда талқылауына шығарылмақ. Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген бұл заң жобасы «Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталған. Құжаттың қабылдануы атқарушылық іс жүргізу тиімділігін арттыруға, жеке сот орындаушыларының қызметін жақсартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Сонымен қатар заманауи технологияларды енгізу, жеке сот орындаушыларының тәртіп­тік тәжірибесін жетілдіру көзделуде. Заң жобасы бойынша жұмыс берушілердің жалақыны төлемеуі мәселелері бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы берген ұйғарымдардың тиімді орындалуы қамтамасыз етілетін болады.

Бұдан бөлек, атқарушылық құжаттар тізбесіне «Астана» халықаралық қаржы орталығының» сот актілерін енгізу жос­пар­ланып жатыр.

Сондай-ақ депутаттар назарына қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер де бірінші оқылымда ұсынылмақ.

Заң жобасының мақсаты – қаржы нарығын реттеу және дамыту, қаржылық ұйым­дар­ды бақылау және қадағалау бо­йынша өкілеттіктер мен функцияларды Ұлттық банк­тен алып қо­йып, жеке мемлекеттік орган­ға беруді заңнамалық бекіту.