Түркі елдері бірлескен сауда палатасын құрды. Қазақстан Үкіметінің басшысы Асқар Мамин ХІІ АЭФ алаңында өтіп жатқан Түркі іскерлік кеңесінің отырысы аясында жаңа «Түркі сауда-өнеркәсіптік палатасының» жарғысына қол қою рәсіміне қатысты.
Бұл ретте құжатқа Қазақстан жағынан – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Әзербайжан тарапынан – осы елдің кәсіпкерлер (жұмыс берушілер) ұйымдарының ұлттық конфедерациясының президенті Мамед Мусаев, Қырғызстаннан – көршіміздің Сауда-өнеркәсіптік палатасының президенті Марат Шаршекеев, Түркия жағынан – түріктің Сауда палаталары мен тауар биржалары одағының (Türkiye Odalar ve Borsalar Birliği) президенті Мұстафа Рифат Хисарджыклыоғлы қол қойды.
Түркі іскерлік кеңесін халықаралық ұйым ретінде трансформациялау түркі елдерінің арасында экономикалық кооперацияны дамытуға жаңа серпін береді. Бұл іскерлік ынтымақтастықты кеңейтіп, Қазақстан экономикасына инвестициялар ағымын күшейтуге жол ашады.
Бүгінде түркі елдерінің жалпы ішкі өнімінің жиынтық көлемі 1 триллион доллардан асады. Түркі тілдес мемлекеттер халқының жалпы саны 150 миллионнан астам. Бұл елдер жыл сайын 260 миллиард доллардан көп сомаға өзге елдерден өнім импорттайды.
Өз кезегінде, бірыңғай палата осы елдер арасындағы өнім өндірісін арттыру үшін негіз болады, яғни мүше елдер экономикалары бірін-бірі толықтырып, ұжымдық импорт алмастырушылықты қамтамасыз етеді.
Қазақстан Премьер-министрі өз сөзінде Түркі палатасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өңірлік дамуды нығайту мақсатында құрылғанын атап өтті.
– Қазақстан Үкіметі Түркі кеңесінің жұмысы мен дамуына қолдау көрсетіп, көмектесуде. Біз Қазақстан Үкіметінің атынан бұл идеяны толық қоштаймыз! – деді Асқар Мамин.
Ол Түркі сауда-өнеркәсіптік палатасын құру оған кіретін елдердің бизнес-қауымдастықтары арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың дамуына жаңаша әрі салмақты серпін беретініне үміт білдірді.