Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет құрылысы «нөлден» басталатын халықаралық әуежайдың іргетасы қаланды. Атап айтқанда, бұл алып нысан түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы атанған Түркістанда бой көтеріп жатыр.
Түркістан облысына кезекті іс-сапармен келген Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин бастаған жұмыс тобы алдымен Түркістан қаласында бой көтеретін халықаралық әуежайдың капсуласын салуға қатысты. Оған ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев және БАҚ өкілдері қатысты.
Асқар Мамин халықаралақ әуежайдың іргетасы қалануымен құттықтап, халықаралық маңызы бар нысанның уақытылы пайдалануға беру қажеттігін айтты.
Өз кезегінде компания басшысы Арслан Хусейн Үкімет басшысына терминалдың халықаралық және ішкі рейстерде сағатына 250 адам қабылдауға қауқарлы екендігін жеткізді. Жалпы жаңа әуежай болашақта жылына 3 млн астам жолаушыға қызмет көрсететін болады.
– Біздің компания Қазақстанда 18 жылдан бері әріптестік бағытта жұмыс атқарып келе жатыр. Осыған дейін Ақтау қаласындағы әуежайды салдық. Біздер осынау тарихи сәтте ата-бабаларымыздың шыққан түп қазығы, тарихи отаны – Қазақстанда қызмет етіп жатқанымызды қуанышты түрде айтамын. Бұл нысан барлық халықаралық талапқа сай салынатын болады. Алла бұйытса енді 1,5 жылдай уақыт ішінде мына жерде адам танымастай ғажап нысанды көретін боласыздар, – деді Арслан Хусейн.
Түркістан қаласындағы жаңа әуежайдың құрылысын түркиялық инвесторлар жүргізеді. Толығырақ айтар болсақ, қазақ тарихынан ойып тұрып орын алатын нысанға тапсырыс беруші – Түркістан облысы әкімдігі. Салатын мердігер мекеме туркиялық «ИДА ИНШААТ САНАЙИ ВЕ ТИДЖАРЕТ АНОНИМ ШИРКЕТИ» (YDA INŞAAT SANAYI VE TICARET ANONIM ŞIRKETI). Жұмыспен 420 адам қамтылады. Жалпы аумағы 905,3 гектарды құрайтын әуежайдың құрылысы биыл, яғни 2019 жылы мамыр айында басталып, 2020 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп күтілуде.
Азаматтық авиация комитетінің басқарма басшысы Амантай Қоқатаевтың айтуынша, әуежай Түркістан қаласына жақын орналасқан Шаға ауылынан 3 шақырым қашықтықта бой көтереді. Бұл таңдауға түскен 8 жер телімінің бірі. Таңдалған жер әуежай салуға барлық жағынан сәйкес келеді екен. Атап айтқанда, жер аумағы ұшақтардың ұшып-қонуы үшін оңтайлығымен ерекшеленеді, яғни, жері теп-тегіс және қалаға анау айтқандай қашық та емес. Сондай-ақ, жер қыртыстарының қатқылдығы да назарға алынған және барлық қауіпсіздік ережелеріне сай келеді.
Халықаралық әуежай Түркістан қаласынан 16 шақырым қашықтықта орналасқан. 900 гектар аумақта терминал, ұшу-қону жолағы және басқа да нысандар салу жоспарланып отыр.
Әуежайдың құрылысына ең үздік қазақстандық және шетелдік сарапшылар тартылатын болады. Құрылыс индустриясының жаңа жетістіктерін пайдалану жоспарланып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, күні кеше Елордада өткен ХІІ АЭФ (Астана экономикалық форум) аясында «Ер түріктің бесігіндегі» алып әуежайды қай ел тұрғызатыны белгілі болған еді. Атап айтқанда, Түркістан облысының әкімдігі Түркияның жоғарыда аты аталған мекемесімен түркі әлемінің мәдени және рухани орталығы атанған Түркістанда халықаралық әуежай салу туралы келісім бекітілді.
Айта кету керек, бұл нысан Тәуеліз Қазақстан тарихындағы құрылысы «нөлден» басталатын алғашқы халықаралық әуежай. Бұған дейінгі құрылысы жүргізілген әуежайлар тақырдан тұрғызылмаған, яғни, қайта жөндеуден өткендерін айтпағанда, бұрынғыларының орнына немесе солардың жанынан салынған нысандар.
Мұнан соң Асқар Ұзақбайұлы Елбасы Н. Назарбаевтың Түркістанды дамытуға қатысты шығарған тарихи Жарлығы аясында құрылыс жұмыстары былтыр және биылғы жылы басталған ғимараттардың жағдайымен танысуға арнады.