ҚР Үкіметінің басшысы жұмыс сапары барысында мегаполис төңірегіндегі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың іске асырылуын тексерді. «Тұран» шағын ауданында ұзындығы 3,3 шақырым болатын үш магистральді көшенің бірі — жол инфрақұрылымының құрылысы қаралды. Премьер-Министрге осы жылдың соңына дейін жолдың пайдалануға берілетіні баяндалды. Тұрғындарға қолайлы болуы үшін велосипед жолдары қарастырылған. Жалпы, аталған тұрғын шағын ауданда 7,7 шақырым жол инфрақұрылымы құрылыс жұмыстарымен қамтылған.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2022 жылдың ІІІ тоқсанының соңына дейін жаңа автоматтандырылған газ таратушы станция салынады, ол артып келе жатқан сұранысты ескере отырып, шалғайдағы елді мекендердің, соның ішінде «Тұран» шағын ауданының тұрғындарын газбен қамтамасыз етуге жол ашады. Қала төңірегіндегі тұрғын үйлерді электрмен жабдықтау үшін электр желілерін салу жұмыстары пысықталуда.
Шымкент Орталық Азияның қуатты экономикалық орталығына, қонақтар мен тұрғындарға арналған қолайлы жағдайлар жасалған ірі әрі тартымды мегаполиске айналуы тиіс.
Нұрсұлтан Назарбаев.
ҚР Премьер-Министрі «Бозарық 220/110/10 кВ» қосалқы станциясының құрылысы жүріп жатқан жерде жобаны уақытылы аяқтау мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Қаланы дамытудың 2030 жылға дейінгі бас жоспары аясында Шымкенттің солтүстік бөлігінде тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр, бұл электр қуатының қосымша көзін салу жұмыстарын жандандыруды талап етеді.
Қала әкімдігінің мәліметтеріне сәйкес, «Бозарық 220/110/10 кВ» биыл қараша айында пайдалануға беріледі. Соның нәтижесінде, шамамен 250 мың адам тұратын 10 жаңа тұрғын үй алабы үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етіледі.
«Тассай» индустриялық аймағының аумағында Премьер-Министр А. Мамин «Asia Trafo» ЖШС жаңа зауытының технологиялық өндірістік процесімен және электротехникалық зертханасының жұмысымен танысты. Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған кәсіпорын қуаттылықтары 110-220, 500 кВ дейін жететін трансформаторлар шығарады. Биыл 7 млрд теңге сомасына өнім шығару жоспарланған. Жыл сайынғы көлемі 120 бірлікті құрайтын жоғары сапалы заманауи өндірісті жергіліктендіру ішкі нарық қажеттіліктерін қанағаттандырып, энергетикалық жабдықтардың 40%-ға жуығын ТМД, Иран, Ауғанстан, Пәкістан және т.б. елдерге экспорттауға мүмкіндік береді. Кәсіпорында 220 адам жұмыс орындарымен қамтылған.
Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды тексеру қорытындысы бойынша ҚР Үкіметінің басшысына құрылуы қолда бар аумақтарды барынша толықтыруға бағытталған «Жұлдыз» көпсалалы индустриялық аймағы және мегаполистің азық-түлік қауіпсіздігі белдеуін қамтамасыз етуге бағытталған «Шымкент» агро-индустриялық аймағы таныстырылды.
Елбасы тапсырмасы бойынша дамытуға 600 млрд теңге қаражат бөлінген «қарапайым заттар экономикасы» мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Премьер-Министрге халық тұтынатын тауарлар өндірісін арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасалғаны баяндалды. Соның нәтижесінде, бүгінгі таңда мегаполис үлесіне Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі көлемінің 23% тиесілі.