Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Армения президенті Армен Саркисянмен кездесті. Армян елінің басшысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен мемлекетіміз қол жеткізген жетістіктерге жоғары баға береді.
Мәртебелі мейман «маңызды шешімдер қабылдаудағы Елбасының даналығы мен халқын алға бастаудағы қарқынды істерін» атап өтті.
Өз кезегінде Д.Назарбаева Астана экономикалық форумына белсенді қатысқаны және Еуразиялық медиа форумға тұрақты қолдау көрсеткені үшін А.Саркисянға алғыс білдірді.
– Еуразиялық медиа форумға сіздің қатысуыңыз баршаға ортақ тосынсый болады. Сіз «медиа форумның әкесі» саналасыз және медиа қоғамдастығының батыс бөлігі арасында оны ілгерілету үшін көптеген іс атқардыңыз, – деді қазақстандық парламенттің жоғарғы палатасының басшысы.
Армения президенті еліндегі ішкі саяси жағдай туралы хабардар ете келе, қазіргі күрделі мәселелерді еңсеру және дамудың жаңа жолына шығу үшін Армения халқының мүмкіндігі жеткілікті екенін баса айтты.
Сенат төрағасы Армения транзит кезеңін еңсеретініне сенім білдірді, сондай-ақ еліміздегі маңызды саяси оқиғалар туралы А.Саркисянға әңгімелеп берді. Дариға Назарбаева Қазақстан халқы болашаққа зор сеніммен қарайтынын жеткізді.
– Бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау және Елбасының стратегиялық бағытын жалғастыру – басты міндет! – деді ол.
Сенат басшысы Арменияның Ұлттық жиналысымен ынтымақтастықты одан ары дамытуға мүдделілік білдірді. Д.Назарбаеваның пікірінше, заң шығару қызметі бойынша тәжірибе алмасу және екіжақты қарым-қатынастарды кеңейту жолдары туралы пікірлесу арқылы парламенттік достық топтарының әлеуетін белсенді пайдалану қажет.
Тараптар ынтымақтастықтың келешегі зор салаларын талқылады. Армения президенті Ереванның жасанды интеллект пен IT технологияларды дамыту, тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін мәлім етті.
Сенат төрағасы шетелдегі армян диаспорасын ҚХР, Ресей және басқа да елімізбен шектесетін үшінші мемлекеттермен сауда жасаудағы артықшылықтарды пайдаланып, Қазақстанға инвестиция салуға шақырды.
Елдос СЕНБАЙ