Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов Ашхабадта өткен ТМД-ға мүше елдердің шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерінің XIV форумына қатысты. Форум барысында Шымкент қаласы «Достастықтың мәдени астанасы – 2020» бағдарламасының тұсаукесері өтті.
Ғабидолла Әбдірахымов Шымкенттің 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы болып жариялануы үлкен мәртебе екенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстандағы үшінші мегаполис саналатын Шымкент қаласының жыл бойы ауқымды мәдени бағдарламалар мен кездесулер өтетін алып алаңға айналатынын жеткізіп, қала аумағында жүзеге асып жатқан жобаларға тоқталды.
Шымкент қаласының əәуежайында жаңа жолаушылар терминалының құрылысы басталған. Жобаның инвестициялық құны 50 миллион АҚШ долларын құрайды. Жаңа терминал жұмысын бастағанда әуежайдағы жолаушылар ағымы 10 есеге артатын болады. Сонымен қатар, қаладағы теміржол вокзалы да жаңғыртылып жатыр. Болашақта қызмет көрсетудің халықаралық стандарттарына сәйкес мұнда күніне 9 мыңға жуық жолаушыны қабылдайды.
– Шымкентте бұдан басқа 3 мың орынды заманауи «Конгресс-орталық» салынбақ және Орталық стадион 20 мың орынды болып қайта жаңғыртылады. 2200 жылдық тарихы бар шаһарда «Ескі қалашық – Цитадельді» қайта жаңарту мен «Қошқар ата» өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстары басталды. «Цитадель» – Шымкенттің бірегей мәдени-тарихи аймағы. Қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл нысан тек мегаполистің ғана емес, бүкіл Қазақстанның жарқын туристік брендіне айналатын болады, – деді әкім.
Е.МҰРАТБЕК,
Шымкент қаласы