Қазақстан Президентіне үміткер Әміржан Қосанов Алматы қаласының тұрғындарымен және қалалық штаб белсенділерімен кездесті. Кездесуді Алматы қаласының сайлауалды штабы ұйымдастырып, республикалық штаб жетекшісі Дәурен Бабамұратов жүргізді.
Кандидат сайлауалды платформасын таныстырып, қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұстанымын жеткізді. Қатысушы тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, үміткерге қолдауын білдірді.
18 мамырда кандидаттың Жамбыл облыстық штабының үгіт-насихат тобы Тараздағы Тұңғыш Президент саябағында студенттердің қатысуымен флешмоб өткізді. Арнайы футболка киген еріктілер парақшаларды, үгіт материалдарын таратып, саябақта демалушылардың сұрағына жауап берді. Тұрғындар кандидаттың сайлауалды платформасының бағыттарына қызығушылық танытты. 19 мамырда ШҚО-дағы облыстық штаб Семей қалалық мәдениет үйінде халықпен кездесу ұйымдастырды. Бұл акцияны тұрғындар мен қонақтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізген 20-ға жуық белсенді қолдады. Мәселен, штабтың бір мүшесі үміткердің өмір жолы туралы сөз қозғап, сұрақтарға жауап берді. Науқандық топтың тағы бір өкілі қатысушыларға кандидаттың сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарын таныстырды.
Әміржан Қосановтың сайлауалды штабының мүшелері Нұр-Сұлтан қаласында да үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырды. Н.Тілендиев көшесіндегі тұрғын үйлерді аралап, «Сәлем» базарында үгіт-насихат материалдарын таратты. Тұрғындар кандидаттың сайлауалды тұғырнамасымен танысып, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге қатысты ұсыныстарын білдірді. Дәл осындай іс-шаралар Жеңіс скверінде және М.Әуезов алаңында өтті. Үміткердің сенімді өкілдері кандидат ұстанымымен, сайлауалды платформасымен таныстырды.
Айдана БЕГІМ