Ұлы даланы ұлт сазы тербеген күн
Ұлы даланы ұлт сазы тербеген күн
583
оқылды

Атырау облыстық Nur Otan партиясы филиа­лы мен облыстық әкімдік­тің қолдауымен Құрман­ғазы атындағы мәдениет үйінде «Ұлы даланың көне сарындары» атты дәстүрлі музыка фестивалі өтті.

Музыка фестивалі «Айна­лайын Ақ Жайық, ат салмай өтер күн қайда?!» деп бабаларымыз жырлаған Ақ Жайық – Атырау жеріне жеткенше еліміздің біраз өңірінде халықтың ықыласына бөленді.

«Ұлы даланың көне сарын­дары» дәстүрлі музыка фестивалі киелі жеріміздің тарихы мен тағдырын кестелі тілмен, әдемі әуенмен кейінгі ұрпаққа наси­хаттауды мақсат етеді. Топыра­ғынан Қазтуған мен Шалкиіз, Махамбет пен Шернияздай ұлы­лар тамыр тартқан, Әзидолла, Рыспай, Қаршыға мен Бақыт, Айгүлдей дүлдүл күйшілер түлеп ұшқан Атырауда жалғасын тап­қан дәстүрлі музыка фестивалінің өскелең ұрпаққа берері мол болмақ.

Ұлт үшін тағылымды шара шымылдығын ашқан Атырау қа­ласы әкімінің орынбасары Ұлық­бек Тінәлиев аталған фес­тивальдің қазақ өнерін насихат­таудағы ерекше маңызын атап өтті.

– Фестивальдің мақсаты – жыр, терме, ән-күй секілді дәс­түрлі музыка өнерін кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақты ұлт­тық рухта тәрбиелеуге үлес қо­су. Nur Otan партия­сының 20 жылдығы аясында өтіп жатқан шара –ұлттық құнды­лықтарды дәріптеуге бағытталған игі іс­тердің жалғасы, – деді Ұлықбек Серікұлы.

Атырау облыстық Nur Otan партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Ожаев, атақты «Қыз Жібек» фильмімен елімізге танылған әйгілі актриса Меруерт Өтекешова мен өнер­сүйер жұртшылықтың қатысуы­мен өткен фестиваль шымыл­ды­ғын жергілікті этно-фольклор­лық SARMAD ансамблі «Көш­пенділер рухы» әуенімен ашты.

Дәстүрлі музыка кешінің тізгінін есімі Алаштан асқан мәшһүр жырау, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайрат­кері Алмас Алматов алды.

«Қазақтың дәстүрлі әншілік, жыршылық, күйшілік өнері өр­кен жайып, ерекше дамыған өл­ке­лердің бірі – қазақтың Ба­тыс аймағы. Қазақтың батыс өлке­сіндегі Атырауда күй өнері ерек­ше қанат жайды. Батыс күйшілік дәстүрінің көрнекті өкілдері Махамбет, Боғда, Құр­манғазы, Дәулет­ке­рей, Дина, Мәмен, Қазанғап туындыларын қазақ өнерінің ғана емес, бүкіл түркі әлемі музыкасының жетіс­тігі деп айтуға болады.

Көне Түркі ескерткіштерінен, Қорқыт пен Асан қайғыдан бастап, Шалкиіз бен Қазтуған, Ақтамбердіге дейін жалғасып, ақыр аяғында Махамбет пен Сүйінбайға келіп тірелетін жы­раулардың отты жырлары өткен тарихымыздың рухты сарынына толы. Сол сарынның бүгінгі жалғасы ретінде өзімнің жыр-бастауымды орындап, бүгінгі кештің шымылдығын ашуға рұқсат етіңіздер» деп «Жыр-бастауын» орындады.

Бұдан соң кезек төкпе күйге келді. Қазақстанның Мәдениет қайраткері Құттыгерей Дүйсеев «Терісқақпай» күйін орындап Арқа мен Жетісу, Батыс өңір­лерінің дәстүрлі әншілері мен күйлеріне кезек берілді.

Жәкен Омаров, Шолпан Дәржанова, Ерлан Рысқали, Гүл­мира Сарина, Манарбек Дәу­ле­тов, Батыржан Мықты­баев, Қай­рат Кәкімов, Ақнар Шәріп­баева, Шәрипа Жәменова, Жәнібек Жә­миевтер халықты екі сағат бо­йына ән-күй құшағында тербеді.

«Ұлы даланың көне сарын­дары» фестивалі Семей өңірінен бастау алып, Павлодар, Шым­кент, Қарағанды, Петропавл, Қостанай, Орал, Ақтөбе қала­ла­рында өтті. Бүгін Атырауда өту­де. Осы сапарларымызда не көр­дік, нені байқадық? Тыңдар­ман­ның көкірегі ояу, көзі ашық көрерменнің ұлттық өнерге суса­ғанын көрдік. Бір өнерпаздың өзіне бес қайтара ән салдырғанын да көрдік. Кеш біткеннен кейін «Енді қашан келесіздер, неге жиі-жиі осылай келіп тұрмай­сыздар?» деген көрерменнің ризашылығын да, назын да естідік. «Қалай болғанда да, дәстүрлі музыкамызды осылай дәріптесек, осылай құрметтесек, ел алдындағы, ұрпақ алдындағы бір борышымызды адал атқардық деп есептеймін», – деді жыршы Алмас Алматов.

Сайып келгенде, ұлттық, дәстүрлі музыканы насихаттап, ұрпақ санасында кодталуын мақ­сат еткен көшбасшы партия­ның ұстанымы халық тарапынан қошеметке ие.

 

Атырау облысы