Алматыда 22 мамырдан бастап өтетін XVI Еуразиялық медиа форум аясында 7 авторлық шеберлік сағаты мен өңірлік интеграция тақырыбында дөңгелек үстел өтеді. Форумға шақырылған шетелдік спикерлер журналистиканың жаңа құралдары туралы сөз қозғап, продюсерлік өнер жөнінде түсіндіреді. Сондай-ақ шара барысында халықаралық Global Youth and News Media Prize сыйлығын табыстау рәсімі өтеді.
Форумның бірінші күні халықаралық сарапшылар қатысушыларға шеберлік сағаттарын өтеді. Шеберлік сыныптары Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Бағдарлама шымылдығын News-Decoder жастарға арналған жаңалықтар қызметінің негізін салушы Нельсон Грейвс (Франция) «Экологиялық журналистика» тақырыбымен ашады. Авторлық жобасына дейін Нельсон ширек ғасыр бойы Reuters ақпараттық агенттігінде тілші, өңірлік басқарушы редактор болған. Ол экологиялық мәселелерді қалай көтеру керек, қандай тақырыптар өзекті деген сауалдарға жауап береді.
«Әл-Жазира» телекомпаниясы құрамындағы Contrast агенттігінің жетекшісі Захра Расул (Үндістан) виртуалды шынайылық видеоларының көмегімен репортаж жасау жолдарын үйретеді. Ресейлік кинематограф Сергей Бодров қатысушылар назарын продюсерлік өнер мен кино түсірудің қиындығына аударып, сапалы туындылардың құпиясымен бөліседі.
Форум бағдарламасында британдық тәуелсіз журналист Дженни Климан да бар. Ол Times, Guardian weekend, Sunday Times, Vice журналдарымен жұмыс істейді. Климан дәрісінде оқырманның жүрегіне жол табатын тақырыптар ұсыну, өз еңбегіңді лайықты бағалап, жұмыс берушіге тиімді шарттармен сата білу тәсілдері туралы тыңдауға болады.
ТАСС редакциясынан келген Григорий Дукор сәтті фотомен бүкіл бір оқиға туралы ақпарат берудің амалын айтып, «Фотожурналист құпиясымен» бөліседі. 30 жылдан астам фотограф болып жұмыс істеген Дукор әлемнің 11 сағат белдеуінде болған саяси, әскери қақтығыстар мен мәдени, спорттық, іскерлік шараларды объективке түсірген.
Мобильді журналистика туралы медиадисциплина бойынша оқытушы, продюсер Иво Бурума әңгімелейді. Австралиялық журналист үздік сценарист, режиссер және атқарушы продюсер атанып, прайм-таймда шығатын танымал телевизиялық бағдарламалар жасаған.
Телевизия мен цифрлық медиаға контент дайындау бойынша сапалы дәрістерді Бірінші арна мектебінің жетекшісі, «ТВ-ға қалай шығуға болады?» бестселлерінің авторы Елена Афанасьева жалғайды. Елена елдегі аудиторияның 99%-ын қамтитын федералды арнада креативті жоспарлауға жауап береді. Ол шеберлік сағатта аясында телевизиядағы жұмыста жиған тәжірибесімен бөліседі.
Шеберлік сыныптарымен қатар форумның бірінші күні «Орталық Азиядағы өңірлік интеграция» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді. Дөңгелек үстелде 2019 жылы Орталық Азияны қандай сын-қатерлер күтіп тұрғаны, болашақ жобалардың әлеуеті, өзара ықпалдастық мәселелері ортаға салынады. Негізгі тақырыптарды талқылауға ВВС-дің парсы қызметінің бұрынғы жетекшісі Андрес Ильвес, экономика ғылымдарының докторы Мария Валовая, Ресей, Шығыс Еуропа, Орталық Азия мен Қытайды зерттеу институтының директоры Сунь Чжуанчжи, ҚР Президенті кеңесшісі Ерлан Қарин қатысады. Шараға Түркіменстан, Қырғызстан мен Біріккен Араб әмірліктерінен келген қонақтар да бар.
XVI Еуразиялық медиа форум Алматыда 22-24 мамыр аралығында Алматыда өтеді. Форумға биыл «Бүгінгі әлем: Шынайылық трансформациясы ма?» атауы таңдалған.
Кәусар АХМЕТ