Елордадағы модульді жұқпалы аурулар ауруханасына барған Президент халық төтенше жағдайда күнкөрісінен айырылып қалмауы керегін айтты.
Мемлекет басшысы экономиканы қолдаудың маңыздылығы жайына тоқталды.
– Экономикалық даму, шағын және орта бизнес туралы да ойлану керек. Күнделікті еңбек етіп, тіршілігін жасап жатқан халық өз мүмкіндіктерінен айырылып қалмауы қажет. Бұл жөнінде келесі аптадағы телевизиялық үндеуімде егжей-тегжейлі айтамын, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлермен әңгімелесу кезінде санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жүйесін реформалау мәселесіне тоқталды.
– Әрбір дағдарыстың өз сабағы болады. Оны ескеру керек. Біз қазіргі дағдарыс пен пандемиядан сабақ алып жатырмыз. Шын мәнінде, соңғы жылдары санитарлық– эпидемиологиялық қызмет жүйесін дамытуға және оны қолдауға тиісті дәрежеде көңіл бөлінбеді. Әрине, оның белгілі бір себептері бар. Оны сіздер жақсы білесіздер. Біз қазір Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысын қайта қалыптастырып жатырмыз. Қажетті реформалар жүргізілетін болады. Атап айтқанда, Бас санитарлық дәрігердің өкілеттігі күшейтіледі, – деді Мемлекет басшысы.