Жалын берген Astana Piano Passion
Жалын берген  Astana Piano Passion
257
оқылды

Жексенбінің кешінде пианино пернелері «Астана Опера» ғимаратын ғажайып әуенге тербеді. Әлемнің жиырма елінен жиналған жас таланттар классикалық музыкамен көрермен құлағының құрышын қандырды. Дәстүрге айналған Astana Piano Passion биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Өнерді қолдаудың ерен үлгісі, теңдесіз таланттар табуға үлес қосатын мұндай байқаудың баламасы жоқ деседі. Ерекшелігі мен биылғы конкурстың барысы жайлы оқырманға жеткізуді жөн көрдік.

Халықаралық классикалық музыка фестивалінің жабылу салтанаты әрі гала-концерті ан­шлаг­пен өтті. «Астана Операның» зәулім ғимаратына өнерді сүйетін, қолдайтын көрермен жиналды. Жас пианистер байқауының биылғы жүлде қоры – 60 мың АҚШ доллары. 18 жасқа дейінгі таланттар үш түрлі топта сайысқа түсті. Атап айтқанда, 10 жасқа дейінгілер – кіші топта, 11-14 жас аралығындағылар – орта топта және 15-18 жастағы пианистер үлкен топта өнер көрсетті. Әу баста белгілі музыкант, Ресейдің Халық артисі Денис Мацуев пен Accordi di Astana қоғамдық қорының бастамасымен, Нұр-Сұлтан қала­сы әкімдігі мен Қазақстанның Мәдениет және спорт министр­лі­гі­нің қолдауымен 2013 жылы тұң­ғыш рет өткізілген еді. Содан бері байқау лауреаттары осы іс-шара­ның арқасында бірталай жетістікке жетіп үлгерді. Әлемге таныла түсті. Алғашқы байқаудың қатысушысы, екінші ретте бас жүлдеге ие болған отандасымыз Санжарәлі Көпбаев – соның айқын дәлелі. Қазіргі таң­да әлемнің сандаған сахнасында сырлы әуендермен тың­дарман жүрегіне жол тауып жүр.

Бұл байқаудың бәсі бөлек. Мұнда жеңілген жан жоқ – бәрі жеңімпаз. Осы сайыстың арқасын­да жас талапкердің жаңа тынысы, жаңа мүмкіндіктерге жолы ашы­лады. Себебі, фестиваль аяқталса да, ұйымдастырушылардың қол­дауы тамамдалмайды. Жүлде­гер­лерге әділқазылар алқасы арнайы жүлделер тағайындады. Бірі оқу ордасына шақырту алса, енді бірі атақты музыканттармен бір сах­на­да өнер көрсетуге мүмкіндік алды.

2019 жылы ұйымдастырушылар комитеті 20 мемлекеттен 114 өті­ніш қабылдаған. Оның ішінде Ресейден – 36, Қазақстаннан – 20, Қытайдан – 15, Австралиядан – 5, Белорусия, Грузия, Моңғолия және Оңтүстік Кореядан – 4, Украина мен АҚШ-тан – 3, Әзірбайжан, Болгария, Канада, Сербия, Жапония мен Израиль­ден – 2, Коста-Рока, Румыния, Польша, Тайваньнан бір-бір өтініштен келіп түскен. Қазылар сайысты әділ бағалады. Олай дейтін себебіміз – музыкалық бәй­генің барлық кезеңі конкурстың ресми сайтында онлайн тікелей көрсетілім арқылы жүріп жатты. Яғни, күллі әлем көрермені кон­церт көруге мүмкіндік алды. Мә­селен, былтырғы байқауды ин­тернет кеңістікте 700 мыңнан астам адам тамашалаған. Бұл де­геніміз – классикалық музыканың кереметі, өнерсүйер қауымның жоғары бағасы. Ұйымдас­тыру­шылардың айтуынша, биыл да мыңдаған адам көріп үлгерген. Соның ішінде Қазақстан, Ресей, АҚШ, Қытай, Корея және Еуропа елдерінің көрермені аса белсенді болған екен.

Қазылар алқасының құрамы сайдың тасындай іріктелген. Төрағасы – Денис Мацуев. Ол Иркутск қаласында өтетін «Звезды на Байкале» халықаралық музыка фестиваліне жолдама үлестірді. Арнайы сыйлықты Петр Аккулов, Адриан Ромофф, Дарья Подорож­нова, Захар Внутских, Даниил Немов, Федор Орлов және Синген Уан иеленді. Сонымен бірге, Сочи­дегі «Новые Имена» аймақаралық қайырымдылық қорының жазғы лагеріне Внутских Захар мен Корзун Агафья жолдама алды. Ресейдің Еңбек сіңірген артисі Валерий Пясецкий Мәскеудегі Орталық музыка мектебіне Расул Абдығұлов, Николай Бирюков пен Константин Цыганковты шақыр­ды. Бүгінде жүлдегерлердің ата-аналарымен сөйлесіп те үлгерген екен. Оларға емтиханда +40 ұпай қосылады. Вербьедегі фестиваль мен академияның негізін қалаушы, белгілі музыкант Мартин Энгстрем аталған фестивальдің білім беру бағдарламасына Дарья Подорож­нова мен Адриан Ромоффты ша­қыр­ды. Гонконгте өтетін концертте өнер көрсетуге Синчен Уан, Петр Аккулов пен Шан-Ен-Пай мүм­кіндік алды. Шақырып отыр­ған – профессор Ли Минцян.

Сыйлық легі мұнымен таусыл­ған жоқ. «Астана Опера» дирек­ция­сы осындағы камералық залда өтетін концертке қатысуға Әлия Асанова, үлкен залда симфониялық оркестрмен өтетін концертте өнер көрсетуге Петр Аккуловқа серти­фикат табысталды. «Фестивальдегі жаңа тыныс» аталымын Әлия Асанова мен Корзун Агафья алды. Бұл сыйлықты ұйымдастырушылар тағайындады. Сонымен бірге, Қазақстан композиторларының шығармасын ең үздік орындаушы деп Кэвин Чен мен Петр Аккулов танылды.

Бұл аталғандар – сыйлық қана. Байқау болған соң, жүлдегерлердің болуы заңдылық. Кіші топта бірінші орында – Шан-Ен-Пей (Тайвань), екінші орынды ресейлік Захар Внутских пен қытайлық Ли Цихань бөлісті. Үшінші орын ең жас қатысушы, ресейлік Агафье Корзунге бұйырды. Орта топта бас жүлде екі қатысушыға берілді. Адриан Ромофф (АҚШ) пен Петр Аккулов (Ресей) осы сайыста бірінші орнын иемденді. Екінші орынға Федор Орлов (Ресей) лайық деп танылды. Үшінші орын үш қатысушыға бұйырды: Кэвин Чен (Канада), Юнсео Ю (Корея) және Анна Небаба (Украина). Бір қызығы, үлкендер тобында бірінші орын ешкімге берілмеді. Екінші орынды қытайлық Синчен Уан мен ресейлік Даниил Немов алса, үшінші орынды ресейлік Дарья Подорожнова мен қазақстандық Әлия Асанова бөлісті.

«Жас әріптестермен тілдес­кеннен керемет әсерге бөлендік. Олар құдды тәжірибелі музыкант­тар секілді. Көзді жұмып тыңда­саңыз, үлкен адам ойнап отыр екен деп қаласыз. Қатысушылардың ешқайсын бөле жаруға болмайды. Өйткені әрқайсының өзіне ғана тән ерекшелігі бар. Бірінші орын­ды үлкен топта ешкімге бермеу туралы шешім бірауыздан қабыл­данды. Қазылар алқасы солай шешті. Бәрі болашағынан мол үміт күттіреді. Бұл байқаудың айрық­ша тұсы сол – бәрі жеңімпаз. Өмірде орын алудан да маңызды дүниелер бар. Әлемге танылуға, өнерін көрсетуге мүмкіндік алды. Бұған ұқсайтын байқау бүкіл жер-жаһанда жоқ. Олай дейтін себе­біміз, әдетте ата-аналар баласын мұндай фестивальге қатыстыру үшін мол қаржы жинайды. Мұнда бәрі ұйымдастырушылар тарапы­нан төленеді. Міне, өнерге деген құрмет пен қолдаудың көрінісі. Әлі есімде, алғаш бұл идеяны Иман­ғали Тасмағамбетов ұсынған болатын. Әлемнің жер-жерінен таланттар жинайтын пианистер байқауын ұйымдастырайық деді. Фестиваль жұмыстарымен таныс болғаныммен, байқауды бұрын-соңды жасап көрмеген едім. Бұл мен үшін жаңалық боп көрінді. Ойдағыдай өткізе алам ба екен деп күмәндандым. Дегенмен күткен нәтижеге қол жеткізе алдық. Бү­гінде бүкіл ғалам білетін байқауға айналды. Қатысам деушілер жыл сайын артып келеді», – деді қа­зылар төрағасы Денис Мацуев.

Ақтық кезеңнің нәтижесі ал­дын ала белгілі болғанымен, тосын сыйлар таусылмады. Конкурс ұйым­дастырушылары кеш соңын­да Grand Prix иегерінің анықтала­ты­нын айтқан еді. Яғни, гала-кон­цертте өнер көрсеткен жүлдегер­лердің қанжығасын тағы бір жүл­демен майлауға мүмкіндігі туған еді. Гран-при иегеріне 1 мил­лион теңге берілетіні де айтылды. Соңын­да бас жүлде қос бірдей пианиске бұйырды. Бұл фестиваль тарихында бұрын-соңды болмаған еді. Бөліп-жармастан Адриан Ромофф пен Петр Акуловты үздік деп тапты. Барлық шығынды көтеріп, оған қоса сайыстан кейін де түрлі халықаралық концерттерге шақырту үлестіретін бұл байқау өміршең болса деп тілейді ата-аналар. Өнерлі жастардың қанатын қатайтатын конкурсқа қатысты біздің тілек те сондай.