Ақтөбеде Ресейден келген 9 студенттен коронавирус инфекциясы анықталды.
Ақтөбе облысы бойынша соңғы тәулікте 16 адамнан індет анықталды.
Жалпы науқастар саны – 43. Оның 10-ы ем қабылдап, үйіне жіберілді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев: «Індетке шалдыққан адамдардың 25-і сырттан келсе, өзгесі сол адамдармен байланыста болып, жұқтырып алды. Соңғы тәулікте тіркелген дерекке келер болсам, олардың төртеуі ғана ақтөбелік. Өзгесі еліміздің бірнеше өңірінің тұрғыны», – деді.
Айта кетейік, вирус жұқтырғандар арасында біреуі – вахталық жұмыспен жұмыс істеген әйел. Оның отбасы карантинге жатқызылып, өзі инфекциялық аурухананың бокс палатасына жеткізілді.
«Кеше Мәскеу, Қазан, Уфа қалаларынан студенттер келген болатын. Сол студенттерді тексеру барысында 9 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Олар – Нұр-Сұлтан, Түркістан, Алматы қаласының тұрғындары. Барлығы арнайы бокс-палатада жатыр. Вирусқа қарсы ем жүргізіледі. Жағдайы қанағаттанарлық», – деді Әсет Қалиев.