«Бала – адамның бауыр еті» дейді дана халқымыз. Бүгінгі бала тәрбиесі, ұрпақ сабақтастығы тек ата-ананың ғана емес, тұтас мемлекеттің, барша адамзаттың басты мәселесі десек, қателеспейміз. Шыны керек, мемлекетімізде әрбір баланың білім алуы мен тәрбиесіне мүмкіндігінше жағдай жасалып отыр. Алайда бала тәрбиесі өзекті мәселе күйінде қалып тұр. Ал оны жан-жақты дамытуда толғандыратын дүниелер жетерлік. Қазір газет, кітап оқымай, керісінше, сананы улап, теріс тәрбие беретін олқылығы көп әлемжелі мен ғаламторға телмірген ұрпақ жетіліп келеді. Қоғамның басты проблемасы да тап осында болып тұрғаны ащы шындық. Сондықтан ұрпағының тәрбиесі мен санасын түзеуге ұмтылған елдер бұл мәселеге шындап кірісті. Осы тұрғыда Түркістан облысы ұрпақ тәрбиесінде маңызы бар жобаны қолға алып, балалар басылымдарына, балалар тәрбиесіне қатысты және жеткіншектер руханиятымен айналысып жүрген сала өкілдерінің басын қосып, алқалы жиын өткізді.
Түркістан қаласында Jas Túrkіstan – 2019 республикалық балалар шығармашылық марафоны өтті. Екі күнге жалғасқан бала тәрбиесінде аса маңызы бар жиынды Түркістан облыстық Ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды.
Оған еліміздегі балалар мен жасөспірімдер басылымдарының бас редакторлары, балалар ақындары, жазушылары мен драматургтері, анимация және аударма саласының өкілдері, журналистер, телеарна, сайт жетекшілері, білім саласының өкілдері және оқушылар қатысты.
Қонақтар мен жиынға қатысушылар алдымен мәдениет үйі алдында ұйымдастырылған балалар кітаптары мен басылымдары көрмесімен танысты. Атап айтқанда, шығармашылық марафон аясында республикалық және өңірлік басылымдардың көрмесі ұйымдастырылды. Редакторлар мен қаламгерлер оқушыларға, ұстаздарға және оқырман қауымға басылымдарын таныстырып, пікір алмасты.
Түркістан қалалық мәдениет үйінде өткен жиында балалар әдебиеті, аудармасы, журналистикасы, анимация саласы, әлеуметтік желілердегі балалар психологиясы және өзге де мәселелер талқыланып, баяндамалар жасалды. Балақайлар мен жеткіншектерге арналған сайттарды дамыту, оларды жат пиғылды ақпараттан қорғау мәселелері қозғалып, секциялық отырыстар өткізілді.
Форумды жүргізген облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев бұл жиынның негізгі мақсаты мен бағытына тоқталды.
«Қоғамдағы бала тәрбиесі, ұрпақ мәселесі, өсіп келе жатқан жаңа буынның жағдайына қатысты проблемалар бар. Оларды тәрбиелеудің, рухани тұрғыдан кемелденген зиялы азамат ретінде қалыптастырудың әзірге нақты шешімі табылып жатқан жоқ. Сондықтан біз осы тұрғыда балалар басылымдарына, балалар тәрбиесіне қатысты және жеткіншектер руханиятымен айналысып жүрген саланың өкілдерін Нұр-Сұлтаннан, Алматыдан арнайы шақырып, мәселені ортаға салып талқылап, өзара пікір алмасулар мен талдаулар жасап, жаңа ойларды тыңдадық. Сонымен қатар облысымыздағы бірқатар мектептерге барып, оқушылармен арнайы шығармашылық, шеберлік сағаттарын өткіздік. Жалпы мақсат еліміздегі балалар шығармашылығы, балалар дүниесіне қатысты жобаларды жаңа бағытта жандандыру болмақ», – деді.
Бейсенбай Дәулетұлының айтуынша, өткен жылы Елбасының Жарлығымен құрылған Түркістан облысы бүгінде құрылыс немесе басқа да түрлі шаруашылық жұмыстары ғана емес, рухани бағытта да бірқатар келелі істерді қолға алып, нақты шаралар атқарылып жатыр.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен жиынның ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев сөз сөйлеп, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің атынан бүгінгі форумның ашылу салтанатымен құттықтады. Әкімнің орынбасары балаларды рухани бай етіп өсіру маңызды іс екенін айтты.
«Бала тәрбиесі – облысымыздың басты назарында. Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген. Сондықтан біз бала тәрбиесімен қатар, бала арманы қалай орындалу керек, соған да аса мән беруіміз керек. Біз балаларды жан-жақты дамыту, құқығын қорғау, ізгілікке, шығармашылыққа бейімдеу бағытындағы жұмыстарды күшейтуіміз керек. Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдарының, балалар әдебиетінің, анимация саласының маңызы жоғары. Әлеуметтік желілерде, сайттарда бала дүниетанымына оң әсер ететін дүниелерді көбейту мәселесі де өзекті. Жасөспірімдерді қатыгездікке шақыратын, ой-өрісін, жан дүниесін бұзатын керітартпа ақпарат көздерін шектеуіміз қажет. Бұған қарсы тұру үшін бүгінгі жиынға қатысып отырған шығармашылық өкілдері мен жергілікті билік күш біріктіргені жөн. Jas Túrkіstan – 2019 балалар шығармашылық марафонын өткізудегі мақсатымыз да осы», – деді Мәлік Нұржанұлы.
Жиын барысында белгілі болғандай, жалпы Түркістан облысында 2 миллионға жуық халық бар болса, соның 772 мыңнан астамы кәмелетке толмаған жасөспірімдер.
Форумның секциялық отырыстарында балалар әдебиеті, аудармасы, журналистикасы, анимация саласы, әлеуметтік желілердегі балалар психологиясы және өзге де мәселелер талқыланып, баяндамалар жасалды.
Жиында балалар мен жасөспірімдер басылымдарының басын біріктірген «Жас өркен» ЖШС бас директоры, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек «Балалар басылымдары мен әдебиетінің жай-күйі және өзекті мәселелері», «Балапан» арнасының бас продюсері Сандуғаш Баймаханқызы «Балапан» телеарнасының жаңа жобалары мен жоспарлары. Қазақша комикс шығару ісіндегі жетістіктер», PR маман, Talbesik.kz сайтының бас редакторы Азамат Битан «Балама гаджетімді біл деп бердім немесе интернеттегі әлди-әлди (медиаконтент) мәселесі», «Сақ» киностудиясының директоры Нұриддин Пәттеев «Қазақ анимациясының бала тәрбиесіндегі алар орны», «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсенбек Мағлұмов «Балалар басылымдарына деген көзқарасты жақсарту: газет-журнал оқудың бала мен ата-анаға пайдасы», ғылым докторы Халил Четин «Түркиядағы балалар басылымы мен анимациясы», әдебиеттанушы, жазушы Аягүл Мантай «Шетелдегі балалар әдебиетінің жай-күйі, үлгі алатын тұстары», Ұлттық аударма бюросының редакторы, аудармашы, ақын Есей Жеңісұлы «Балалар мен жасөспірімдерді әдебиетке қызықтыру және шетел авторларының шығармаларын сапалы аудару жолдары», балалар ақыны Серікбол Хасан «Оқушылар мен жасөспірімдерді поэзияға бейімдеу. Балалар поэзиясындағы ізденістер мен проблемалар», Өзбекстаннан келген балалар қаламгері Алмагүл Оңаева, драматург Әлібек Байбол, «Ұлан» газетінің бас редакторы Жадыра Нармаханова, «Қызмет» газеті мен «Ақылдым» журналының директоры Бейсенкүл Нарымбетова, «Жебе» баспа үйінің директоры, «Қазығұрт» және «Жас ғалым» журналдарының жетекшісі Жарқынбек Төлтебаев, режиссер, «Оңтүстікфильм» мекемесінің директоры Батырхан Дәуренбеков және өзге де азаматтар баланы дамытуға қатысты ой-пікірлерін айтты.
Жиында әлеуметтік желідегі балалар психологиясы және балақайлар мен жеткіншектерге арналған сайттарды дамыту, оларды жатпиғылды ақпараттардан қорғау мәселелері талқыланды. Балалар басылымдары, балалар драматургиясы, әдебиеті, анимациясы, балалар телеарнасының жай-күйі, сайттар мен желілердегі түйткілдер батыл айтылды.
Мәселен, қаламгер Жүсіпбек Қорғасбек өз сөзінде Түркістанда өткізіліп отырған бала тәрбиесіне қатысты маңызды шараның өзге де өңірлерге өнеге болып, елімізде мұндай жиындардың жиі өткізіліп тұру керегін айта келе, балалар басылымдарына көбірек жазылу қажеттігіне назар аударды. Себебі, аталған басылымдардың апта сайын үйге баланы тәрбиелеуге қатысты тамаша мәні бар дүниелердің барып тұратынын жеткізіп, «ұлтымызды дамытамыз десек, баланы тәрбиелегенде ойын жинақтап дұрыс жеткізе алатын және санасы таза ұрпақ қалыптастыруымыз қажет», – деді.
«Балапан» телеарнасының бас продюсері Сандуғаш Баймаханқызы баяндамасында телеарнада былтыр 50-ден астам жоба дайындалғанын және биыл да осындай көлемде жобалар болатынын айтты. Сондай-ақ арнаның жаңа маусымын Түркістан облысының әкімі қолдаса, киелі қалада тұсауын ашсақ деген ниеті барын да жеткізді.
Серікбол Хасан мұндай шаралардың елімізде жиі өткізудің маңызы зор болатынын айтты. «Бала тәрбиесіне ата-аналар өте мән беру керек. Қаламгер ағамыз айтқандай, жапон елінде баланы құрсақта жатқаннан бастап тәрбиелеуді қолға алған болса, сол сияқты ежелден біздің де ата-аналарымыз балаға бесікте жатқаннан бастап тәрбие бере бастаған. Бала бесікте жатқанда «бесік жырын» тыңдаса, өсе келе жаңылтпаш, батырлар жырларын, ертегілерді естіп жетілген. Мәселен, баланы оқуға, жақсы жетілуге қалай бейімдеуіміз керек? Әрине, оны өзімізден бастауымыз керек. Яғни, бала ата-анасынан көргенін қайталайды. Сол себепті, балаға үлгі болу үшін кітап оқу және сол сияқты басқа да қажетті дүниелерді көрсете беру қажет. Қазір балаларға аналған жақсы оқитын дүниелер жетерлік. Міне, соларды оқытуға тырысу керек, – деді ол.
Шара барысында бұрындары балалардың газет-журналдар мен кітаптарды көп оқығаны және көп оқыған баланың өсе келе кітапқұмар болып қалыптасатыны туралы айтылды. Қазір кітап пен газеті бар үйлер азайып кетті, ақпаратты ғаламтор мен әлеуметтік желіден ала салатын заман келді деген сияқты әңгіме өрбіді.
Сондай-ақ әлеуметтік желі мен ғаламторда сапалы контент бар ма? Жас буын өкілдері ұялы телефон мен түрлі гаджеттерден не көріп жүр? Оларды пайдасыз ақпараттан қалай қорғаймыз? Осындай түйткілді мәселелерден қалай құтылу керек немесе жасөспірімдер жайында олар қисық бұтаққа айналмай тұрғанда шыбықты түзу өсіру қажеттілігі де талқыда қозғалды.
Басқосуда байқалғаны, жас буынның тәлім-тәрбиесіне, олардың бойына ұлттық құндылықты сіңіруге бір кісідей атсалысып жүрген елге белгілі азаматтар аталған шараға жоғары дайындықпен келген екен.
Келесі кезекте «Томпақ» және «Қалқанқұлақ» телесериалдарының бас кейіпкерлері Ерсұлтан Сіргебай, Нұриман Әділхан, Арман Қасымбековтер сахна төріне шығып өздерінің шығармашылықтары жөнінде әңгіме қозғап, фильмдегі әндерін орындады.
Одан кейін кезек жас ұрпақты тәрбиелеу жолында елеулі іс атқарып жүрген «Сақ» киностудиясының тағы бір төл туындысы «Түркістан» анимациялық фильмі көрермен қауымға жол тартты. Көркем туынды жас ұрпақтың туған жеріне деген сүйіспеншілігін оятып, тарихқа деген құрметін қалыптастыруға арналған.
Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен түсірілген фильмнің форматы 2D, ұзақтығы – 25 минут. Балаларға базарлық ретінде ұсынылған туындының режиссері және бас суретшісі – Азамат Ерназаров. Сценарий авторы – Бақытжан Құлжабаев, әуенмен әрлеген – Әйтеке Көптілеу.
Тұсаукесерде сөз алған «Сақ» киностудиясының директоры Нұриддин Пәттеев «Анимацияда 18 жылдық тәжірибесі бар шығармашылық топ 60-қа жуық қысқаметрлі мультфильм мен бірнеше деректі және көркем фильмдер шығарып үлгерді. Кәсіби деңгейдегі режиссерлер, аниматорлар және суретшілерден құралған ұжымның шығармашылығы Қазақстан және шет елдерде кеңінен танылып, өз бағасын алған. «САҚ» киностудиясы анимация саласын дамытумен қатар, баланың көзқарасын дұрыс қалыптастыруды, отансүйгіштік, адамгершілік, адалдық және достық секілді қасиеттерді насихаттап, оларды ұрпақ санасына сіңіруді басты мақсат санайды», – деп атап өтті.
Аталған фильм желісіне Жалғас есімді жас баланың ерлігі арқау болады. Оқиға барысында Жалғас Отанына, еліне деген парызын сезіне отырып, жаудың теріс пиғылына қарсы тұрады. Бала батыр осылай Түркістанда өтетін Қазақ құрылтайындағы қастандықтың алдын алып, Тәуке ханды ажалдан арашалап қалады. Жалпы, анимациялық фильм көрерменді қызықты оқиғалармен баурап, адами тәрбиеге, әр адамның қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуге үндейді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды аса қажет ететін өскелең ұрпақтың да талғамына ерекше назар аудару керек» деген болатын. Осы орайда, «Сақ» киностудиясының атқарып жүрген жұмысы ауқымды.
Айта кету керек, осы күнге дейін «Күш атасы – Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» анимациялық фильмдерін және «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериядан тұратын телехикая мен «Ұлы Жібек Жолы бойындағы көне қалалар» деректі фильмін жұртшылық назарына ұсынған киностудия биыл «Ордабасы – бірліктің туы», «Оқсыз оқиғасы» анимациялық фильмдері арқылы кішкентай көрермендерді бір қуантқан еді.
Анимациялық фильмді зал толы оқушылар қауымы мен қонақтар аса қызығушылықпен тамашалады.
Жиын соңында модератор Бейсенбай Дәулетұлы баршаны тәуелсіз қазақ елінің тұлғалы азаматын қалыптастыру жолында бірлікпен еңбек етуге шақырып, ұрпақ тәрбиесіне аса маңызды бұл іс-шараны дәстүрлі түрде өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Сол күні келген қонақтармен әріптестік орнату жөнінде келісімдер жасалды.
Қонақтар күннің екінші жартысында Түркістандағы №19 және М.Әбенова атындағы орта мектептерге арнайы барып, оқушылармен еркін форматта кездесу өткізді.
Кездесуде мектеп жасындағы жас ақындар өлеңдерін оқып, өздерін толғандырған сауалдарын жолдады. Балалармен емен-жарқын әңгімелескен танымал журналистер олардың сауалдарына тұшымды жауап беріп, ағалық ақыл-кеңесін айтты. Оларға «барлық білімнің бастауы – кітап» екенін түсіндірген «Жас өркен» ЖШС бас директоры, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек «Жақсы нәрсені армандаңдар, қорықпаңдар, талпыныңдар. Қандай мамандық болмасын, газет оқыңдар. Газет оқыған адамның тілі бай болады» деп атап өтті.
Сонымен қатар ең үздік сауал қойған жас көрерменге Ұлттық аударма бюросының аудармашысы, жазушы Есей Жеңісұлы қолтаңбасымен кітап сыйлап, ақ тілегін білдірді.
«Облыстың барлық ауданынан талапты, дарынды балалар көптеп жиналыпты. Әңгіме өте жақсы болды. Әке мен ана тәрбиесі, әлеуметтік желілердің ықпалы, анимациялық фильмдердің бала тәрбиесіндегі орны, т.б. өзекті тақырыптарда сөйлеушілер біраз мәселе айтты. Облыста 500 мыңнан астам бала бар екен. Солар қоғамға масыл емес, асыл болып қосылса деген зор талпыныс, ниет қой бұл азаматтардікі», – дейді.
Балаларға «Балдырған», «Ұлан», «Ақ желкен», «Жас ғалым», «Алтынсарин әріптері», «Қуырмаш» секілді газет-журналдардан базарлық таратылды.