Біртанов: Карантинге жіберілетін дәрігерге ақы қалай төленуі тиіс
Біртанов: Карантинге жіберілетін дәрігерге ақы қалай төленуі тиіс
9 Сурет ғаламтордан
127
оқылды
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов дәрігерлерді жұмыстан заңсыз шеттететін медицина ұйымдарын сынға алды.
«Кей өңірлер (Қарағанды облысы) мен медициналық ұйымдардың (Ақмола, Павлодар облыстары) өз шешімдерімен 14+14 кестесін бекіткен. Яғни, психологиялық және эмоционалдық жүктеме, дерт жұқтыру қаупін ескере отырып, 14 күн жұмыс істеген мамандарды 14 күн карантинге жібереді. Мұндай жағдайда Денсаулық сақтау министрлігі медицина мамандарының демалуы үшін қауіпсіз жағдай жасауды талап етеді. Көптеген өңірлерде мамандар инфекциялық ауруханада түнемейді, қолайлы қонақүйлерге кетеді. Бұл үшін өңір әкімдеріне алғыс айтамын», - деп жазды Е. Біртанов Facebook-те.
Сонымен бірге, министр Бас санитарлық дәрігер Қаулысының 6-бөлігіне сәйкес, қорғаныс құралдарынсыз COVID-19 жұқтырған науқасқа медициналық көмек көрсеткенде, инфекция жұқтыру қаупі жоғары болғанда ғана 14 күнге жұмыстан оқшаулау қарастырылатынын түсіндірді.  
«Бұл жағдайда мынадай шаралар жасалады: маман 14 күнге жұмыстан шеттетіледі, үй немесе стационарлық карантинге жатқызылады, зертханалық тексеруге биоматериал алынып, күнделікті медициналық бақылау жүргізіледі. Инфекция жұқтырғаны анықталған жағдайда, емдеуге жіберіледі. Ал инфекция табылмаса, 14 күннен кейін қосымша тексеруден өтіп қана, жұмысқа қайта оралады. Яғни, медициналық маман науқаспен байланыста болған адам ретінде карантинге жіберіледі», - деді Е. Біртанов.
Бірақ, министр көптеген жағдайда медицина мамандары кезекшілігі аяқталғаннан кейін, сақтық шарасы ретінде карантинге жіберілетінін айтты.
«Бұдан кейін 14 күннің өтемақысы мәселесі туындайды. Не себепті екенін бұл күндер үшін еңбекке жарамсыздық парағы рәсемделеді. Мұны заңсыз деп есептеймін. Өйткені, мұнда қызметкер табысынан айырылады. Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыстан уақытша шеттетуді рәсімдеу мен өтемақы төлеу тәртібі еңбек және ұжымдық келісімшартпен бекітіледі және ең төменгі жалақы мөлшерінен кем емес көлемде төлем тағайындалуы тиіс», - деп түсіндірді Е. Біртанов.