Өзбек экономикасына 40 млрд теңге құйдық
Өзбек азаматтары негізінен үй шаруашылығы, оның ішінде құрылыс, пәтер жөндеу, аспаздық жұмыстарға тартылады. Табысы да жаман емес, олар былтыр алғашқы 9 айда банктер арқылы Өзбекстанға 108 млн доллар ақша аударған. Ал Өзбекстандағы Қазақстан азаматтары осы уақыт аралығында елімізге 25 млн доллар ғана аударыпты. Айырмасы төрт есе. Осының өзі өзбек елінде жұмыс істейтін қазақстандықтардың көп емесін көрсетсе керек. Қалай десек те, өзбек ағайындар 9 айда ғана Қазақстаннан 40 млрд 500 млн теңге алып кетті. Осы қаржыны елде қалдыруға не кедергі? Өзбек істейтін жұмысты отандастарымыз атқара алмай ма? Бұл сұрақтың жауабы сан түрлі. Мысалы, экономист Бейсен Зиябеков өзбек мигранттары біздің елде ақшаны адал еңбегімен тауып жатқанын айтады. «Олар бізге келіп басшы болып жатқан жоқ, коррупциямен ақша жымқырып жатқан жоқ. Оның үстіне, екі ел арасындағы еңбек көші-қонын заң аясында шешілген. Сондықтан көршіміз үшін есікті жауып тастаудың қажеті жоқ. Алайда әр нәрсенің пайдасы да, зияны да барын ескеруіміз керек. Пайдасы сол, екі халықтың арасы жақындайды, тату тұрады. Зияны – еңбек күші шектен тыс көп келсе, біз үшін экономиалық салдары болмай қоймайды. Сондықтан мұны реттеу керек. Мысалы, өндіріс, құрылыс саласына келетіндерге тоқтам салудың қажеті жоқ, ал енді алыпсатумен айналысатындарға шектеу қоюымыз керек», – дейді.
Экономистің пікірінше, қазіргі таңда біз қара жұмыста жүрген өзбекке емес, мемлекеттік кәсіпорындар басшылығында отырған шетелдіктерге алаңдауымыз керек.Үкімет жұмыс орнын ашуға міндетті емес
Коронавирус инфекциясы салдарынан жұмыс орындары қысқарып жатыр. Осыған байланысты Үкімет жұмыссыздықтың алдын алу мақсатында «Жұмыспен қамту жол картасын» іске асыруға кірісті. Жол картасы аясында инфрақұрылым жобалары іске асырылады және 250 мың жұмыс орны ашылады. 250 мың адамның бәрі қазақстандық бола ма әлде шетелден жұмыс күшін тартамыз ба? Бұл туралы сәл кейінірек. Дәл қазір айтпағымыз, әлеуметтанушы Ілияс Тілеубергеновтің пікірімен тығыз байланысты. Оның айтуынша, Үкімет жұмыс орнын ашу міндетін мойнына алмауы керек. «Үкімет жұмыс орнын ашатын институт емес, Үкіметтің міндеті – азық-түлік қауіпсіздігін, елдің сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Білім беру, денсаулық сақтау және қорғаныс саласының жұмысын ұйымдастыру. Себебі бұл салаларды басы бүтін жекеменшікке беруге болмайды. Үкімет осы үш салаға міндетті түрде араласуы қажет. Ал басқа салаларды, соның ішінде жұмыс орнын ашуды да бәсекелі ортаға беру керек», – дейді ол. Әлеуметтанушы халық «Үкімет маған қашан жұмыс тауып береді?» деген түсініктен арылуы керек екенін айтады. Ол үшін еңбек нарығындағы әділетсіздік жойылуы керек. «Жұмыста жыныстық жағынан ғана емес, руын сұрау сияқты дискриминация кездеседі. Адамның жасына, шашына, көзіне қатысты әділетсіз қатынас болуы мүмкін. Соған төзбегендер жұмыстан кетеді де, жұмыс жоқ дейді. Бұл жұмыстың жоқтығын емес, сол адамның көңілінен шығатын жұмыстың аздығын білдіреді», – дейді. Ал еңбекті қанау қайдан шығады? Қазіргі жұмыс берушілер, соның ішінде кәсіпкерлердің көпшілігі таныс арқылы тендер алады. Біздегі кәсіпкердің ойлау деңгейі танысым барда басып қалайыннан аспай тұр. Олар 10 адам істейтін жұмысты 5 адамға жүктеп, демалыс күндері де жұмысқа шақырады. Мезі болғандары 70 мың теңге үшін үй бетін көрмей жұмыс істегенше, кетейін дейді. Ал олардың орнын сырттан келген еңбек күші басады.Өзбек келсе, қазақ жұмыссыз қала ма?
Ілияс Тілеубергенов 10 жылдан бері кәсіпкерліктің дамуына не әсер ететінін зерттеу мақсатымен ауыл-аймақты аралаған. Сонда ауыл шаруашылығының дамуына екі нәрсе кедергі екеніне көз жеткіздім дейді. «Бірі – жер. Халық мал санын көбейтемін, егін салатын аумақты кеңейтейін десе, жер жоқ. Бар жердің өзі басқалардың атында. Оған кірсе, соттап жібереді. Екінші мәселе, ауылдарда жұмыс күші тапшы. Фермерлер электрик пен дәнекерлеуші таппай отыр», – дейді. Оның пікірінше, сырттан өзбек келсе, қазақтар жұмыссыз қалады деп қорқудың керегі жоқ, себебі жергілікті халықтың арасындағы жалқаулары сырттан еңбек күші келмесе де жұмыссыз жүр. Бұл мәселені шешудің жолы бар ма? «Үкімет жергілікті халықты жұмысқа алып, жағдай жасаған кәсіпкерге субсидия береміз десе, бұл мәселе аздап шешіледі. Ауыл-аймаққа жұмыс күшін тарту саясаты кешенді түрде жүргізілмесе, мәселе шешілмейді. Мысалы, Нұра ауданына маман жіберсек, оған баспана керек болады. Демек, үй салатын құрылыс компаниясын да қоса жіберген жөн. Үй салынған соң, балаларға мектеп керек, ал мектепке мұғалім қажет. Осылай тізбектеліп кете береді. Бұл бірнеше мәселенің кешенді түрде шешілуіне ықпал етеді», – дейді Ілияс Тілеубергенов. Әрине, Үкімет үшін де, кәсіпкер үшін де өзбек ағайынды жұмысқа тарту жеңіл. Жалғыз өзі келеді, жұмысын істейді, айлығын алады, еліне қайтады. Оған емделсін деп ақша бөлмейді, баласын оқытамын деп басын ауыртпайды. Бұл кәсіпкер үшін тиімді. Бірақ өзбектің виза мәселесі, оны ай сайын өз еліне барып қайтуына мәжбүрлейді. Құжат мәселесі қолын байлап тұр. Мұндайда жергілікті халық та өзбек сияқты өлермендіктен жұмыс істесе дейсің. Айтқандай, бұл мәселені өзінше шешіп алған кәсіпкерлер бар. Олар Моңғолия мен Қытайдағы қандастарымызды отбасымен көшіріп алып, басына баспана беріп, жұмыс ұсынып отыр. Мал шаруашылығының қыр-сырын білетін қандастар мен жергілікті кәсіпкер бір-бірімен тіл табысып жұмыс істеп жатқан мысалдар да аз емес.Өзбек мигрантының өз сенері бар
Өзбек мигранттары еліне адал. Олар сыртта тапқан табысын отбасына жөнелтеді, ол ақша өзбек нарығында айналып жатыр. Сөз басында өзбек ағайындар өз экономикасына біздің елден тоғыз айда ғана 40 млрд 500 млн теңге құйғанын айттық. Ал Ресейден тоғыз айда 2 млрд 252 млн доллар жөнелтеді екен, теңгеге айналдырсаңыз 1 триллионға жуықтайды. Осындай табыс әкеліп жатқан отандасының мүддесін өзбек билігі қашанда қорғауға дайын. Мысалы, коронавиурс инфекциясының салдарынан жұмысы тоқтап қалған өзбектерін уайымдаған Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі Ресей үкіметіне ресми нота жолдап, өзбек мигранттарына салынатын еңбек салығын төлеуді кейінге шегеруді сұрады. Енді Өзбекстан Қазақстанда еңбек етіп жүрген азаматтарының құқығын қорғауға кірісті. Біз сөз еткен келісім соның жемісі. Әрине, бұл келісімді ратификациялау арқылы Өзбекстандағы қазақ мигранттарының да мүддесі қорғалатыны даусыз. Ал әзірге ратификацияланған келісімнің мәтіні баспасөзде жарияланған жоқ. Десе де, мынадай сұрақ көкейден кетпей тұр: біздегі өзбек мигранттары қазақ тілі мен қазақ тарихын, еліміздің негізгі заңдарын оқып, емтихан тапсыра ма екен?..Халима БҰҚАРҚЫЗЫ