Карантин мерзімі тағы да ұзара ма?
Карантин мерзімі тағы да ұзара ма?
253
оқылды
Президенттің Жарлы­ғымен Қазақстандағы төтенше жағдай режимі 1 мамырға де­йін ұзар­тыл­­ған еді. Үйге қамалып отыр­­ған тұр­ғындар да тө­тен­ше жағ­дай режимінің тезірек аяқ­талуын, қайта­дан қалыпты өмірге ора­луды асыға күтіп жүргені анық. Алдағы аптада Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы теле­ви­зиялық үндеу жариялайды. Сол кезде төтенше жағдай режимінің және карантин шараларының ұзартылуына қатысты тиісті ше­шім қабылданады. Бұл туралы Прези­денттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады. – Еліміздегі және әлемдегі эпи­демиологиялық ахуал үнемі өзгеріп жатыр. Жуырда түскен ақпараттар негізінде төтенше жағдай режимінің және карантин шараларының ұзартылуына қа­тысты тиісті шешім қабыл­да­на­ды, – деп жазды ол. Денсаулық сақтау ми­нистрі Елжан Біртанов та Қазақ­стан­да мамырда карантин жал­ға­са­ты­нын, ол уақытта да ко­ро­на­вирус тарайтынын мәлімдеді. Министрдің болжамы бойынша, Қазақстанда мамырдың аяғына дейін коронавирус жұқтырғандар саны 3 500-ге жетуі мүмкін. Ол сон­дай-ақ әлем халқы өзін-өзі қорғап үйренбесе, мемле­кет­­т­ер­дің үкіметі де қатаң ша­ра­лар қолдана беретінін айтты. Министр коронавирус бәсең­де­ген күннің өзінде белгілі бір уа­қыт ішінде ауруды жұқтыру жағ­дайы болады деп есептейді. – Бұл біраз уақытты талап еді. Карантин мамырда да созылатын шығар. Мамыр айын өте қауіпті кезең деп санап отырмыз, – деді Е.Біртанов. Аурулардың өсім қарқыны эпидемияның шынайы көрінісі­нен хабар беретінін айтқан Елжан Біртанов еліміздегі дәрігерлердің арасында коронавирус жұқтыру фактілері жиі тіркеліп жатқанын, олардың бәрі жеке-жеке тексе­рі­ле­тінін жеткізді. – Соңғы деректер бойын­ша елімізде коронавирус ин­фек­­циясын жұқтырған 579 меди­ци­на­лық қызметкер бар. Жалпы, карантин кезеңінде дәл осы дә­рігерлердің вирусты жұқтыру қаупі жоғары, – деді министр. Осы ретте мына бір статисти­ка­ға назар аударғанымыз жөн. Еліміздегі әр үшінші науқас, яғни 2 040 науқастың 652-сі (31 пайызы) медқызметкерлер екен. Атап айтқанда, Алматыда – 375, Нұр-Сұлтанда – 131, Атырау облы­сын­да – 25, Шымкентте – 24, Ал­маты облысында – 15, СҚО-да – 15, Қызылорда облысында – 14, Түркістан облысында – 12, Жамбыл облысында – 6, БҚО-да – 5, Ақмола облысында – 3, Қарағанды облысында – 2, Қос­та­най облысында – 2, Павло­дар облысында – 2, Маңғыстау об­лы­сында – 1. Бұл сандар әлі де кө­беюі мүмкін. Ал Мемлекеттік бас санитар­лық дәрігер Айжан Есмағамбетова баспасөз мәслихатында Қазақ­станда COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны шамамен сәуір айының соңына дейін 2 700 адамға, ал мамыр айының аяғын­да 4 000-ға жетеді деп бол­жады. – Қазіргі таңда Қазақстан эпидемияның өршу кезеңінде тұр. Жұқтыру деңгейі 8 пайызды құрап отыр. Әйтсе де, аурудың өр­шуін, шарықтау шегі мен төмендеуін наурыз, сәуір және мамыр айларында өткереміз. Халықтың назарын мына жайтқа аударғым келеді: инфекцияның таралу өрісіне талдау жүргізе отырып, коронавирус жұқтырған бір адамның 80 адамға дейін жұ­қ­тыруы мүмкін екенін біліп отыр­мыз. Карантин кезінде де көр­шілер бір-бірімен әңгіме-дү­кен құруды доғарар емес. Ар­тын­ша бір-біріне вирус жұқ­ты­рады. Бізде мұндай жағдайлар да кездесті. Орташа есеппен бізде коронавирус жұқтырған 1 адамға байланыста болған 30 адамнан келеді. Қазіргі таңда жұқтырған адамдардың 70 пайызы ауру бел­гі­сін байқамай өтіп кететінін көріп отырмыз. Демек, аурудың қыл­дай белгісі жоқ сап-сау адамның өзі басқа адамдар үшін инфекция таратуы мүмкін, – деп жағдайдың әлі де жақсара қоймайтынын тілге тиек етті. Қазіргі кезде елімізде індетке шалдыққандар саны 2 200-ден асты. Жазылып шыққандар 500-дің үстіне шықса, қайтыс бол­ған­дар саны 20-ға жетті. Бұл деге­німіз Қазақстандағы төтенше жағдай режимінің тұйық­тал­май­ты­нын, керісінше жал­ғасатынын аңғартып тұрған­дай. Біз осы орайда Қазақстаннан бөлек әлем елдерінде карантин мерзімі қай уақытқа дейін жалға­са­тынына зерттеу жүргізіп көрдік. Көршілес Ресейге коронавирус келгеннен бері ел үкіметі бірден халыққа оқшаулану режимін енгізді. Бұл режим елде сәуірдің аяғына дейін созылған. Бірақ ол тағы да ұзартылатынын айтып отыр мамандар. РБК басылы­мы­ның мәліметінше, Ресейде оқшаулану режимі мамырдағы демалыстардан кейін аяқталады. Елде 1-5 мамыр, 9-11 мамыр ара­сын­да мерекелік демалыс болады. Сондықтан ел билігі оқшаулану мерзімін сол мейрам күндерінен кейін аяқтауы мүмкін. Әзірше екі нұсқа бар – оқшаулану мерзімін мамырдың ортасына дейін немесе 1 маусымға дейін созу. Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьев оқшаулану мерзімінің созылатынын хабарлады. Басқа да облыстардың губернаторлары оқшаулану мерзімі ұзаратынын айтуда. Ал Башқұртстан басшысы Радий Хабиров республикада оқшаулану мерзімі жазға дейін ұзаратынын жеткізген. Украинада карантин режимі 24 сәуірде аяқталады. Бірақ ма­­мандар да, биліктегілер де каран­тин­нің ұзартылатынына сенімді. Денсаулық сақтау министрі Мак­сим Степанов карантинді 12 ма­мыр­ға дейін ұзартуды ұсын­ды. Дәл осындай ұсынысты Украи­на­ның бас санитар дәрігері Виктор Ляшко да ортаға тастады. Француздардың карантин ре­жимі сәуірде аяқталуы тиіс бола­тын. Бірақ жуырда Франция пре­­­зиденті Эммануэль Макрон ре­­жимді ұзартып тастады. Енді фран­цуз халқы 11 мамырға дейін ка­рантинде отырады. Осылайша, Франция мамырдың басын каран­тин­де өткізеді. Германияда да ка­­­рантин 19 сәуірде бітуі керек еді. Бірақ бір апта бұрын канцлер Ан­ге­­ла Меркель баспасөз мәс­ли­ха­­­тын өткізіп, елдегі жаңа мер­зім ту­ралы баяндады. Герма­ния­да ка­рантин мерзімі екі аптаға созыл­ды, яғни ол 3 мамырға дейін жал­ға­сады. 14 наурыздан бастап карантин режимі енгізілген Испанияда ви­­рустан қайтыс болғандардың са­­ны 22 мыңға таяды. Бұл жағ­­дайды ескерген Испания пре­мьер-ми­нистрі Педро Санчес төтен­­ше жағ­дайды ұзартуға өтініш бе­ре­­тінін хабарлады. Сәрсенбі күні оның ұсынысы парламент тал­қылауына шығарылады. Егер мақұлданса, елде карантин осы жылдың 9 мамырына дейін ұзар­ты­лады. Көріп отырғандарыңыздай, әлем елдерінде де, елімізде де ін­детке қатысты жағдай әлі де ушығып тұр. Сондықтан әзірге карантин режимін сақтаудан, оқшауланудан басқа жол жоқ. Қиын кезеңде ел болып ұйысып, бірлігімізді көрсетіп, тиісті ере­желерді ескеріп, тәртіпке ба­ғын­сақ, бөрікті аспанға атып қуа­натын күн де жақындай түсер. Солай дейік, солай боларына сенейік.  

Абылайхан ЖҰМАШ