Қадірлі ағайын! Күллі мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. Баршаңызды Жаратқанға барынша жақындатуға жол ашатын осынау қасиетті айдың басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл ай – жақсылық жасаудан жарысатын, ниеттер түзеліп, ізгі амалдар мен игі істердің қанат жаятын кезі. Осы күндері ораза тұтып, ауыз бекітуге ниеттенген жандардың тілек-дұғалары қабыл болсын. Биылғы Рамазан айы барша әлем халқы қатерлі індетпен күресіп жатқан қысылтаяң шақпен тұспа-тұс келіп отыр. Мемлекетіміздің дер кезінде қолға алған сақтық шаралары мен халқымыздың ауызбіршілігінің арқасында бұл қатерлі індеттің кең таралуына жол берілмей, қиындықтарды біртіндеп еңсеріп келеміз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз құттықтауында атап көрсеткендей, «Рамазан айында әрдайым ырыс пен ынтымақ, ізгілік пен мейірім салтанат құрады. Отыз күн Оразада мұқтаж жандарды қолдап, қайырымдылық көрсету игі дәстүрге айналды».
Бұл ретте Елбасының тапсырмасымен Nur Otan партиясы да алғашқы күннен бастап өзінің бүкіл әлеуетін Президент жариялаған коронавируспен күрес шараларын қолдауға, мұқтаждарға көмек ұйымдастыруға жұмылдырды. Birgemiz қоры аясында 152 мың отбасы 50 мың теңгеден біржолғы көмек алды. 76 мың отбасы бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамтамасыз етілді. Әлеуметтік жағынан әлсіз тұрғындарға 5 миллион маска тегін таратылды. Партиямыздың лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен дүйсенбіде, яғни 27 сәуірден бастап мұқтаждарға көмек көрсетудің екінші кезеңі басталмақ. Бұл ретте алдында мұндай көмек алмаған 210 мыңнан астам мұқтаж отбасы қамтылып, оларға 50 мың теңгеден аударылатын болады. Сонымен бірге азық-түлік себеті мен жеке қорғаныс құралдары түріндегі атаулы көмек көрсету де өз жалғасын табады. Қасиетті айда осы бағыттағы игілікті істерді әрі қарай іліп әкетіп, қиналғанға демеу, жабыққанға жебеу болатын қайырымды жандар қатары арта түсетініне сенімдімін. Ізгілік пен мейірімділікке бастайтын мүбәрак Рамазан айының келуімен тағы да құттықтай отырып, әрбір отбасыға амандық, ырыс пен ынтымақ, құт-береке тілеймін. Қабырғалы қалың елімізге әрдайым Жаратқан жар болғай!