Ұлттық пантеон туралы ереже бекiтілді. Үкіметтің тиісті №208 қаулысы биылғы 15 сәуірде қабылданыпты. Бірақ ол тек 21 сәуірде ғана жарияланды. Жаңалық әлеуметтік желілерде біраз пікірталас туғызды. Пікір әрине, әртүрлі. Пандемия өршіп, індет жайлаған қазіргі қиын шақта атқарушы биліктің бейіт тақырыбына қайта көңіл бөлуі жұртшылықты қайран қалдырды. Елдің игі жақсыларын бір жерде жерлеу, ол жерді киелі орын санау – ежелден келе жатқан салт-сана. Әріге бармай-ақ «қазақтың 21 ханы жерленген Түркістан» деген ұғымның өзі неге тұрады?! Қазақ хандығының астанасы болған осынау байырғы шаһарда қазақ халқының билеушілері, қасиеті бар тұлғалары, билері, атақты батырлары арулап көмілгені мәлім. Қожа Ахмет Ясауи кесенесін және оның айналасын бүгінгі ұрпақ кие тұтады. Жаңа пантеон неге қарапайым? Қазақстанның қазіргі астанасы – Нұр-Сұлтан. Сондықтан Үкімет жаңа пантеон да елорда маңында болуы керек деген ұйғарымға келгені белгілі. Кейбір деректер бойынша осы ойды белгілі қоғам қайраткерлері құптаған көрінеді. Жаңа заманның көрнекті тұлғаларының бір жерде болғаны және жерлеу орындарының бірізге келтірілгені жөн деген байлам білдірілген. 2016 жылдың мамырында Астана әкімдігі пантеонның бірінші кезегін салуға және Қабанбай батыр мавзолейін реконструкциялауға 2,3 миллиард теңге бөлінетінін мәлімдеді. Кейін бұл сома 1,7 миллиардқа дейін азайтылды. 2018 жылдың қарашасында әкімдік жобаның тағы да оңтайландыруға ұшырағанын растады. Бұған қазақстандықтардың сын-ескертпелері әсер етсе керек. Мәселен, шығыстар қатарынан «еденді электрлі жылыту» алып тасталды: зираттың жылытылуын жұрт оғаш көрді. Ақыры құрылыс құны 958,3 миллион теңгеге дейін кемітілді. Сөйтіп, құрылыс ауданы елеулі түрде ықшамдалды. Әлемде Хеопс пирамидасынан бастап, Римдегі Пантеон, Ресейдегі Ленин мавзолейі, Солтүстік Кореядағы Ким Ир Сен кесенесі, Қытайдағы Мао Цзэдун мавзолейі секілді баршаға белгілі жерлеу орындары жетерлік. Қазақстандық пантеон шетелдегі осындай ірі нысандармен салыстыруға мүлдем келмейді: сондай алыстан көз тартар іргелі, еңселі құрылыстары жоқ, жинақы, шағын ғана бейіт. Бүгінде Қазақстанның Ұлттық пантеоны да – ашық аспан астындағы зират. Күтімі келісті демесеңіз, сәулет жағынан кейбір өңірдегі көрнекті кесенелерге толы бейіттермен теңесе алмайды. Ереже бойынша бір телімде тек екі адам ғана, айталық, белгілі тұлға мен оның әйелі қатар жерлене алады. Басқасы әрірек орналаспақ. Жаңа жерлеу орындарына арналған аллеядағы құлпытастан онда Қауіпсіздік кеңесі хатшылығының меңгерушісі, Есеп комитетінің басшысы, 2017 жылы 57 жасында жүрек талмасынан қайтыс болған Қозы-Көрпеш Жаңбыршин жатқанын білуге болады. «Элиталы» зиратта басқа да адамдар, атап айтқанда Мәжілістің бұрынғы төрағасы Орал Мұхамеджанов, есімі халықаралық деңгейде танымал белгілі жазушы, бұрынғы Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбай, елі ардақтаған ақын, Мәжілістің I және II шақырылымдарының депутаты Фариза Оңғарсынова, Сара Назарбаеваның інісі Саяхат Қонақай, облыс әкімі, Мәжіліс төрағасының орынбасары қызметін атқарған Сергей Дьяченко, бұрынғы қорғаныс министрі М.Алтынбаевтың әйелі Гүлбану, Жоғарғы соттың бұрынғы басшысы Мақсұт Нәрікбаев жатыр. Үкіметтің таяудағы қаулысында Ұлттық пантеон кешеніне енді мемориалдық ғимарат; «Естелік қабырғасы» монументі бар естелік музейі (XХ-XXІ ғасырлар); әкімшілік, шаруашылық және қосалқы ғимараттар; құлпытастар; саябақ және іргелес аймақтар кіретіні хабарланды. Демек, өркен жая беретінге ұқсайды. Нұр-Сұлтан әкімдігінің идеясы бойынша пантеон кейінгі заманда кеңейтіледі, көркейтіледі. Әрі бұл процесс жүздеген жылға ұзауы мүмкін!
VIP зираттан бас тарта ала ма?
Ұлттық пантеонға қатысты біраз құжат қабылданды. Мәселен, 2019 жылы ел Парламенті «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңын қабылдап, оған ел Президенті былтырғы жыл соңында, 26 желтоқсанда қол қойды. Заңда Ұлттық пантеонға нақты анықтама берілді. Тиісінше, бұл – «аса көрнекті мемлекет, ғылым, мәдениет қайраткерлерін, сондай-ақ Қазақстанның дамуына үлес қосқан адамдарды мәңгі есте сақтау мақсатында салынған, мемориалдық маңызы бар сәулет объектісі, қайтыс болған (немесе қаза тапқан) адамдарды жерлеуге арналған орын». Заң Үкіметке «Ұлттық пантеон туралы ережені бекіту» құзыретін берді. Үкіметтің өткен аптада қабылданып, осы аптада жария етілген жаңа қаулысына сай, пантеоннан орын алатын тұлғалардың тізімі қайта қаралып отыр. Еліміздің бұрынғы премьер-министрі Нұрлан Балғымбаев 2015 жылғы қазан айында туған қаласы Атырауда, руластарының зиратында жерленген болатын. Ендеше осы тізімдегі азаматтар қандай да бір себеппен елорда түбінде жатудан бас тарта ала ма? Бас тарта алады екен. Жерлеу туралы шешім қабылдау кезінде қайтыс болған немесе қаза тапқан адамның тірі кезінде айтқан еркі ескеріледі, егер ол болмаса, соңғы шешімді жұбайы, жақын туысы не басқа заңды өкілі қабылдайды. Сарапшылардың байламынша, пантеоннан орын алудан бас тартуға біріншіден, діни наным-сенім түрткі болуы ықтимал. Себебі бұл кешен мемлекеттің зайырлы сипатына иек артады: барлық көрнекті тұлғалар дініне, ұлтына қарамастан бір жерде, қатарласа жерленеді. Тек дүние салған тұлғаны шығарып салу кезінде діни ғұрыптар мен рәсімдерді заң қалыбынан шықпайтын дәрежеде жүзеге асыруға рұқсат. Екіншіден, онда әлдебір тұлғаны ерекше етер, даралап тұрар кесене тұрғызуға тосқауыл қойылуы да бас тартудың бір себебіне айналуы мүмкін. Бекітілген ереже бойынша «Пантеонда құлпытас құрылыстарын орнату және безендіру бірыңғай нысанда орындалады». Бұған қоса, «Пантеонда өз еркімен жерлеу, отбасылық немесе рулық зират құру және қайта жерлеу жүргізілмейді» деп атап көрсетілген. Әйтсе де, «ынталандыру» шарасы да қарастырылыпты: өмірден өткен және әлгі тізімге енген көрнекті тұлғаны жерлеу рәсімдерін жергілікті әкімдік өз мойнына алады және бюджеттен қаржыландырады. Саясаттанушы Данияр Әшімбаев Қазақстанда пантеон идеясы бұрыннан болғанын еске салады: «50-жылдары Ресейдегі «Кремль қабырғасына» ұқсас баламаны Алматыда, 28 панфиловшылар паркінде ұйымдастыруға талап жасалды. Онда Азаматтық соғыста қаза тапқандардың, сондай-ақ ұшақ апаты құрбандарының екі бауырластар зираты болды. ҚазКСР Жоғарғы кеңесі Президиумының төрағасы Фазыл Кәрібжановтың денесі сонда қойылған. Бірақ бұл тәжірибе кең таралмады, туған-туыстары көбіне орталық қалалық зиратты қолайлы көрді. Туыстары Алматыны таңдаған», – дейді Д.Әшімбаев. Сарапшы Үкіметтің Ұлттық пантеонда кімдер жерлене алатынын құқықтық реттеуге тырысып жатқанын айтады. Алайда бұл орынның олардың арасында қаншалықты «танымал» боларын тек уақыт көрсетеді.Елдос СЕНБАЙ