Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қостанай облысына барды. Өңірдегі бірқатар кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарын аралап, қалалық әкімдіктің қоғамдық қабылдауының жұмысымен танысты. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Қазақстан-Ресей жастарының ынтымақтастығы форумына қатысты. Еріктілердің ерен еңбегі мен ықылас-ынтасын бағалау мақсатында 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялауды, Қазақстандағы бұл қозғалыстың дамуын қолдайтынын жеткізді.
Аталған форум Қостанайдағы Жастар сарайында өтті. Қазақстан мен Ресейдің жас көшбасшылары бас қосып, Тобыл өзенінің жағасын қоқыстан тазалауға арналған эко-акцияға қатысты. Басты талқыланған тақырып – еріктілер қозғалысының бүгінгі ахуалы. «Біріккен Ұлттар Ұйымында жұмыс істеп жүргенде халықаралық еріктілерді қолдайтынмын. Сол себепті, келесі жылды «Еріктілер жылы» деп жариялау туралы ұсыныстарыңа қуана келісемін. Виктор Цойдың мынадай айтқан сөзі бар: «Ерікті болу – жастар ісі, әжімге қарсы құрал». Бірлесіп жұмыс істейміз», – деді Қ.Тоқаев.
Еріктілер қозғалысын дамытудың жаңа кезеңіне қадам басқалы отырмыз. Айта кететін тағы бір жайт – сыйлықтардың тағайындалуы. Екі ел жастарының үздік жобалары анықталады. Мыңнан тұлпарлардың қанжығасы майланады. Бұл – жастардың тынысын ашуға таптырмас мүмкіндік. Өз идеясын іске асырып, қоғамға пайдасын тигізуге кез келген жастың мүмкіндігі бар. Қ.Тоқаев жастардың болашақта ел басқарып, тұтқа ұстар азамат болатынын атап өтті. Оған дайындық бүгіннен басталуы тиіс. «Алдыңғы буын ретінде біз мемлекет тізгінінің эстафетасын жастарға беруіміз қажет. Мұндай ұлы мақсатқа қазірден бастап әзірленіңдер, жастар. Қазақстанда көшбасшы-еріктілерді дайындайтын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс қалыптастыруымыз керек. Азаматтық бастамалардың көбі әлеуметтік желілерде туындап жатады. Қоғамға бей-жай қарамайтын жандар әлеуметтік маңызы бар жобалар мен идеяларын айтады. Соларға назар аударайық. «Жақсылық жасаймын» сынды акциялар қажет-ақ», – деді Президент.
Жұмыспен қамту бойынша арнайы бағдарламалар енгізіледі. Соның ішінде жастардың еңбек өтілінсіз жұмысқа орналасуына мүмкіндік берілмек. Қ.Тоқаевтың айтуынша, «Дипломмен ауылға», «Серпін» бағдарламалары бұрынғыдан бетер қолдауға ие болады. «Еріктілердің ішінде ниеті лас, ойы пасықтарға жол жоқ. Өйткені бұл іс шынайы патриотизмнің көрінісін береді. Жаңадан құрылып жатқан ұйымға тәлімгер болуға ұсыныс түсті. Одан бас тарту мүмкін емес», – деді Мемлекет басшысы. Бұл ұсынысты «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрағасы Динара Сәдуақас айтқан еді. Олар «Ұрпақтар сабақтастығы» тәлімгерлер институтын құрғалы жатыр. Сонымен бірге, ауыл балалары мен көпбалалы отбасында өсіп жатқан жеткіншектерге жыл бойы лагерлер ұйымдастыруды жоспарлап отыр екен. Президент ел болашағына айналар азаматтарды қолдауға барынша дайын екенін жеткізді. Форум қатысушыларының көкейде жүргені, көңіл түбінде жатқаны да сол еді.
Айша ЕРСҰЛТАН