ҚР президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабы өкілдерінің сапары Батыс Қазақстан өңірінде жалғасты. Алғашқы кездесу «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-та өтті. Қоғамдық штабтың жетекшісі Мәулен Әшімбаев басқосуда кандидаттың сайлауалды бағдарламасы туралы жан-жақты айтып берді.
– Қасым-Жомарт Тоқаев көп жылдан бері Елбасымен бірге өркендеген Қазақстанды құруға атсалысып келеді. Ол әртүрлі лауазымды қызметтерді атқарды. СІМ-ді, Үкіметті, сондай-ақ Сенатты басқара жүріп, мемлекетімізді дамытуға ауқымды үлес қосты. Кандидаттың сайлауалды бағдарламасы – ашық әрі түсінікті үш негізгі қағидаға топтасқан, – деді Мәулен Әшімбаев.
РҚШ жетекшісі бірінші, яғни сабақтастық қағидасына орай, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев қолға алған бағытты жалғастыратынына айрықша тоқталды.
– Біздің кандидатымыз бейбітшілік пен келісімді сақтау, елімізде өмір сүріп жатқан түрлі этникалық топтар арасындағы алауыздықты болдырмау бағытын ұстанған. Сабақтастық саясаты экономиканы жаңғырту, өнеркәсіпті дамыту мен халықты әлеуметтік қорғау саласын да қамтиды, – деді ол.
Сондай-ақ РҚШ жетекшісі үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев өз сайлауалды бағдарламасында Қазақстанның стратегиялық әріптес саналатын бірқатар мемлекеттермен тиімді қарым-қатынасты дамыта түсуді жалғастыратынына тоқталды. Бұл кандидаттың бағдарламасында басым бағыттардың бірі ретінде «Теңгерімді, сындарлы сыртқы саясатты жүргізу» деп айқын жазылған. Бұл міндеттің «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» жұмысына да тікелей қатысы бар. Аталған зауыт – Орал аймағындағы экономикалық секторды көтеруге үлес қосып келе жатқан 30 жылдық тарихы бар бірегей кәсіпорын. Қазақстандағы мұнай мен газ тасымалына, энергетикалық құрылғылар мен құрылыс саласына қажет жоғары технологиялық құрал-жабдықтар осында өндіріледі.
2011 жылдан бастап кәсіпорын газ бұрғылау агрегаттарын жөндеу саласында қызмет көрсететін General Electric компаниясымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. 2018 жылдың қорытындысына сай кәсіпорында 6,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артық.
Айдана БЕГІМ