ҚР президенттіне кандидат Сәдібек Түгел елордадағы Халықаралық баспасөз орталығының құрылғанына 20 жыл толуына байланысты Астананың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан дарынды журналистерді еске алу кешін өткізді.
«Олардың есімдері – біздің жүрегімізде» атты еске алу кеші дәстүрлі түрде өтіп келеді. 2012 жылы ұйымдастырылған алғашқы іс-шара Ақселеу Сейдімбек, Дүкеш Байымбетов, Владимир Коченов, Талғат Ілімжан, Рафаэль Жұмабаев, Жұматай Сабыржанов, Октябрь Әлібеков, Жомарт Әбдіхалық, Владимир Бойко, Мадрид Рысбеков, Шакизада Құттаяқов, Алмас Жолтаев, Олег Квятковский, Біржан Белқара сияқты есімі көпшілікке танымал қаламгерлердің жарқын бейнесін еске алып, олардың отбасы мүшелері мен әріптестерінің көңілін толқытып, ерекше тебіренткен болатын.
2013 жылы да бұл шара жалғасын тауып, онда Әскен Нәбиев, Бақтыбай Шаханов, Владимир Гундарев, Ербол Шаймерденов, Дүкенбай Досжанов, Сабыржан Шүкіров, Марфуға Бектемірова, Андрей Тришечкин, Наталья Хабарова, Иван Балучевскийді еске алуға арналды. Үшінші жобада Фариза Оңғарсынова, Нұрғожа Ораз, Кеңес Юсуп, Дидахмет Әшімханов, Алексей Пан, Марат Аққұл, Смағұл Рахымбек, Светлана Галиева, Сембай Қисымұлы, Ерлан Ақмұрзин, Әлия Жүсіпова, Ольга Козлова-Латынина, Азамат Қалымбет, Айжан Жұмабаева, Сергей Насыровтардың өздері өмірден өтсе де, атқарған істері халық жадында мәңгі өшпейтінін көрсетті.
Бүгінгі кездесуге осы үш жыл бойы өткізілген еске алу кешінің түйіні іспетті бірнеше қаламгердің соңында қалған отбасы мүшелері келді. Жақсының жарлары мен ұрпақтары ҚР президенттігіне кандидат Сәдібек Түгелге өз көкейлеріндегі ойларын да жеткізді.
«Бағдарламаңмен таныстым, ана тіліміздің мәртебесін биіктетуге арналған ұстанымың көңілімнен шықты. Болашақта үш тұғырлы тіл деп, ұрпағымыздың тілі шұбар болып жүрмесе деп алаңдаймын. Көп тіл білгеннің зияны жоқ, тек өз тіліміз өзге тілдердің көлеңкесінде қалып қоя ма деген көңілімде күдік бар,соны өзіңе жеткізіп отырмын», – деді кезінде «Арқа ажары» газетінің бас редакторы болған Октябрь Әлібектің жары әрі өзі де ұзақ жыл бойы журналист болып қызмет атқарған Рахия апай.
Айдана БЕГІМ