Қазақстан Республикасы президентіне кандидат Әміржан Қосанов халықпен кездесулерін жалғастырып жатыр. Кеше ол елорданың проблемалы тұрғын үйлерінің үлескерлерімен кездесті. Тараптар қалыптасқан жағдайды талқылап, мүмкін шешімдерді ұсынды.
Ал Маңғыстау облысында үміткер Әміржан Қосановты қолдауға арналған басқосу өтті. Ақтау қаласындағы Жастар үйінің конференц-залында кандидаттың облыстық штабының мүшелері мен сенімді өкілдері ел алдында сөз сөйлеп, оның сайлауалды платформасын таныстырды.
Кездесуге 30-ға жуық адам қатысты. Оған кандидаттың облыстық сайлау штабының жетекшісі Естай Шолаев модераторлық етті. Іс-шара барысында платформаның негізгі бағыттары талқыланып, белсенді жастар, қоғам қайраткерлері мен қарапайым тұрғындар өз пікірлерін ортаға салды.
Әміржан Қосановтың сайлауалды штабы мүшелері елордада да науқандық іс-шараларын қызу жүргізіп жатыр. Кандидаттың сайлауалды штабының сенімді өкілдері белсенді жастармен бірге Нұр-Сұлтан қаласының «Артем», «Шапағат», «Тұлпар» жабық базарларында үгіт-насихат жұмыстарына кірісті. Акция шеңберінде сайлаушылармен сұхбат жүргізіп, науқандық парақшалар таратылып, кандидат позициясының бағыттары түсіндірілді. Іс-шара 200-ге жуық адамды қамтыды.
Айдана БЕГІМ