Мәдениетіміз – жақын, құндылықтар – ортақ
Мәдениетіміз – жақын, құндылықтар – ортақ
689
оқылды

1991 жылдың 16 желтоқсанында Түркия Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін таныған әлемнің алғашқы елі болды. 1992 жылғы 2 наурызда екі ел арасында дипломатиялық байланыс орнатылды. Мемлекетіміздің шетелдегі алғашқы елшілігінің Анкарада ашылғаны белгілі. Мұның барлығы кездейсоқ емес. Қазақ пен түрік халықтарының тарихи тамырластығы ғасырлар қойнауынан бастау алады, тілдеріміз бен мәдениетіміз жақын, құндылықтарымыз бен дүниетанымымыз ортақ.

Бүгінде Қазақстан мен Түркия саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гумани­тарлық, әскери және басқа салаларда белсенді түрде ынтымақтастық жүргізуде. Түркияда білім алған мыңдаған Қазақстан азаматы мен Қазақстанда оқыған түрік азаматтары достығымызды нығайтып, ортақ мүдделерімізді ілгерілетуде. Соңғы уақытта Түркияда ұлттық тарихтың түркілік табиғатына деген қызығушылық артқан. Ғылыми және әдеби кітаптар жарияланып, табысты танымдық телехикаялар түсірілуде. Соңғы жылдардың ең танымал музыкалық аспабы домбырамыз болды. Қазақ музыкасы мен «Қазақ хандығы» сияқты тарихи фильм­­деріміз үлкен қызығушылық туды­руда. Түрік көрермені «Томирис» ки­но­кар­ти­­на­сының премьерасын асыға күтуде. Қазақстан мен Түркия бірлесіп, Қасым хан туралы тарихи телехикая жобасын әзірлеуде. Түрік оқырмандарын қазақ классиктерінің шығармаларымен таныстыру жұмысы жалғасуда. Түркі халықтарының ішінде Түркияда аударылатын кітап саны бойынша қазақ ақын-жазушыларының алда екенін айта кету керек.

Әріптестігіміздің стратегиялық деңгейі­нің жарқын көрінісі ретінде мемлекет­те­ріміздің көшбасшыларының өзара сапарлар шеңберінде және басқа платформаларда жылына бірнеше рет кездесетінін атауға болады. Елдеріміз арасында Жоғары дең­гейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесі жұмыс істеуде. Елбасы Н.Назарбаевтың 2018 жылдың қыркүйегінде Түркияға жасаған ресми сапары барысында бұл Кеңестің үшінші отырысы өтті. Жалпы, мемлекеттік лауазымды тұлғалардың өзара сапарлары елдер арасындағы ынтымақтас­тық қарқынының маңызды көрсеткіші болып саналады. Бұл тұрғыда тек қана былтыр Қазақстаннан Түркияға Президент, Премьер-Министр, Парламент Мәжілісінің Төрағасы, Мемлекеттік хатшы, Сыртқы істер министрі және басқа да лауазымды тұлғалардың деңгейінде сапарлардың жа­сал­ғанын атап өту керек. Түрік делега­циялары да елімізге тұрақты түрде келуде.

Әрине, қазақ-түрік байланыстарын дамытудағы айрықша рөл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Елбасы бұл бағыттағы жұмысты Тұрғыт Өзал және Сүлейман Демирелмен шынайы бауыр­малдық қарым-қатынастарды орнатудан бастаған еді. Түркияның қазіргі Президенті Реджеп Тайып Ердоған болса, Нұрсұлтан Назарбаевты әрдайым «ақсақалым» деп атап, ерекше құрмет көрсетеді. Жалпы, Нұрсұлтан Назарбаевты Түркі әлемінің ақсақалы ретінде барлық бауырлас елдің көшбасшылары мойындайды. Бүгінде елдеріміз арасындағы жан-жақты ынты­мақтастықты үйлестірудің басты тетігіне айналған Түркі кеңесін құру бастамасын Қазақстанның Тұңғыш Президенті ұсынған болатын. Түркия басшылығы Нұрсұлтан Әбішұлының 2015 жылы Ресей әскери ұшағының құлауынан кейін Түркия мен Ресей арасында туындаған дағдарысты реттеудегі рөлін алғыс сезімімен еске алады. Түркия Қазақстанның Астана процесін ұйымдастыруға көрсетіп отырған қолдауын да жоғары бағалайды. Осының барлығы Тұңғыш Президентіміздің Еуразия кеңістігіндегі биік беделінің ғана емес, бейбітшіл көпвекторлы сыртқы саясаты­мыздың дұрыстығы мен тиімділігінің де айқын айғағы.

Елдеріміз халықаралық аренада да жемісті ынтымақтастықты жүргізіп отыр. Қазақстан мен Түркия БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ЭЫҰ, АӨСШК сияқты ұйымдар аясында бір-біріне белсенді түрде қолдау көрсетуде. Түркі кеңесінің басқаруындағы түркі ын­тымақтастығының түзілген архитектура­сы – ортақ еңбегіміздің жемісі. Түркия біз­дің халықаралық бастамаларымызды барынша қолдауда. Мәселен, кезінде бауырлас ел Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері жоқ Африка және Латын Аме­рика елде­ріндегі өзінің елшіліктерін еліміз­дің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі бо­лу­ға және EXPO – 2017 көрмесін өткізуге ба­­ғыт­талған үміткерлігін ілгерілетуге жұмылдырды.

Әрине, кез келген мемлекетаралық қатынастардың негізін экономикалық ынтымақтастық құрайды. Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық ынты­мақтастық серпінді түрде дамуда. 1992 жы­лы 30 миллион АҚШ долларынан басталған екіжақты сауда көлемі бүгін 2 миллиард доллар деңгейінен асып отыр. Сонымен бірге, бұл көрсеткіш елдеріміздің әлеуетінен әлдеқайда төмен. Сондықтан Қазақстан мен Түркияның көшбасшылары оны алдымен 5, артынша 10 миллиард долларға дейін жеткізу бойынша тапсырма қойып отыр.

Қазіргі таңда Қазақстанның басты назарды шетелдік инвестицияларды тарту мен отандық экспортты ілгерілетуге бөліп отырғаны белгілі. Еліміз шетелдік капитал, біліктілік пен алдынғы қатарлы технология­ларды тарту бойынша әлемнің табысты орталықтарының біріне айналып үлгерген.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 320 млрд доллардан астам шетелдік инвес­тицияның келгені белгілі. Бұл Орталық Азияға тартылған барлық шетелдік капи­талдың шамамен 70%-ын құрайды. Қа­зақстанның Түркиядағы Елшілігі де экономикалық мүдделерімізді ілгерілету мақсатында жүйелі және ауқымды жұмыс жүргізіп отыр. Экономикалық дипломатия көптен бері қызметіміздің негізгі бағытына айналған.

Тәуелсіздіктің ақ таңы атқаннан бастап, түрік компаниялары Қазақстанда жұмыс істей бастаған және елімізге инвестиция сала бастаған алғашқы компаниялардың арасында болды. Бүгін Қазақстан эконо­микасының әртүрлі салаларында түрік капиталының қатысы бар 1 900-ден астам кәсіпорын жұмыс істеуде. Яғни, еліміздегі әр он шетелдік компанияның біреуінің Түркияға қатысы бар. Тәуелсіздік жыл­дарында Түркия Қазақстанға 3 млрд доллар шамасында инвестиция салып, азық-түлік өндірісі, химия өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс материалдары өндірісі, тау-кен саласы, фармацевтика, инфрақұрылым сияқты салаларда ірі жо­баларды жүзеге асырды. Түрік компания­лары, әсіресе, құрылыс саласында белсенді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, түрік мер­дігерлері Қазақстанда осы күнге дейін жалпы құны 23 млрд доллардан асатын жобаларды іске асырған. Түрік компания­лары еліміздің бас қаласының құрылысына елеулі үлес қосып, бұл жерде 10 млрд дол­лардан асатын көлемдегі жобаларды іске асырған.

Қазіргі таңда Қазақстанның басты назарды шетелдік инвестицияларды тарту мен отандық экспортты ілгерілетуге бөліп отырғаны белгілі. Еліміз шетелдік капитал, біліктілік пен алдынғы қатарлы технология­ларды тарту бойынша әлемнің табысты орталықтарының біріне айналып үлгерген.

2012 жылы Мемлекет басшыларының жетекшілігімен «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық ынтымақтастық бағдарла­масы қабылданды. Бағдарлама екі ел кәсіпкерлерінің жаңа бастамаларын барынша ынталандыруға және қолдауға бағытталған. Тәуелсіздік жылдарында Түркияның аса ірі, іргелі холдингтері Қазақстанда инвестициялық жобаларын жемісті түрде жүзеге асырды. Табысты мысалдардың арасында 1996 жылдан бері Алматы облысында басым бөлігі Орталық Азия, Қытай және Ресейге экспортталатын кондитерлік өнімдерді шығарып келе жатқан Yıldız Holding-ті атауға болады. Anadolu Holding Қазақстанда сусын шы­ғаратын төрт зауыттың салынуына 500 млн доллардан астам инвестиция құйды әрі «Рамстор» супермаркеттер желісін иеленіп отыр. Түркияның ең ірі фармацевтикалық тобы саналатын Abdi İbrahim 2015 жылдан бастап Алматы облысында GMP стан­дарттарына сәйкес дәрі-дәрмек өндіруде. Қазірдің өзінде Қазақстанда түрік тех­нологиялары бойынша өндірілген дәрі-дәрмектер көршілес елдердің нарықтарына экспортталуда. «Восход» компаниялар тобын иеленіп отырған Yıldırım Holding кальцийлендірілген сода мен оның туын­дыларын өндіретін Qazaq Soda ЖШС-ін құрған. Сонымен қатар компания кремний өндіретін Tau-Ken Temir ЖШС және кремнийді шығаратын Silicon Mining ЖШС акцияларының 100%-ын сатып алған. Бұдан басқа, Yıldırım Holding «Қазгеология» ұлттық компаниясымен бірлесіп, пайдалы қазбаларды барлау және шығарумен айналысуда. Түркия қорғаныс өнеркәсібінің көшбасшысы ASELSAN «Қазақстан Инжиниринг»-пен бірлесіп, Нұр-Сұлтан қаласында қорғанысқа және азаматтық қолданысқа арналған жоғары технологиялы өнімдерді жасауда. YDA Holding Қазақстандағы мемлекет пен жеке­меншік сектор әріптестігі шеңберіндегі алғашқы жобалардың бірін іске асырып, бүгінде Ақтау халықаралық әуежайын табысты түрде басқарып отыр. Бұл ретте, ресми мәліметтерге сәйкес, Қазақстанға соңғы 14 жылда келген түрік инвестиция­ларының 20%-дан астамының соңғы 2 жылда тартылғанын атап өту қажет. Яғни, қарқынның өсіп келе жатқаны байқалады.

Сонымен бірге, елдеріміз арасындағы инвестициялық әріптестіктегі негізгі үлкен толқын алдағы бірнеше жылда күтілуде. Бұл серпілістің негізін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2018 жылы қыркүйекте Анкараға жасаған соңғы сапары барысында қалаған болатын. Сапар шеңберінде ұйымдастырылған түрік бизнес «капи­тандарымен» кездесуінде Н.Назарбаев: «Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынастар достық, бауырластық пен өзара сенімге негізделген. Осы кездесуге Түркия экономикасының 15%-ын құрайтын жетекші түрік холдингтерінің басшылары қатысып отыр. Инвестициялық әріптес­тігіміз бұрын соңды мұндай ауқымға жеткен емес», – деп мәлімдеген болатын. Өз сө­зінде Н.Назарбаев Қазақстанға инвестиция салуға шақырып, түрік іскер топтарының бастамаларын толық қолдайтынына кепілдік берді. Өз кезегінде, Түркияның сыртқы экономикалық іс-қимылдарының елеулі бөлігін қамтамасыз етіп отырған ірі холдингтердің жетекшілері Тұңғыш Прези­дентімізді Қазақстанда экспортқа бағыт­талған өндірісті құруға дайын екендіктеріне сендірді. Н.Назарбаевтың осы сапарының нәтижесінде Қазақстан мен Түркия ара­сында 1,7 миллиард доллар көлеміндегі келісімдерге қол қойылды. Сондықтан алдағы бірнеше жылда түрік инвесторлары Қазақстанда экономиканың химиялық өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, метал­лургия, машина жасау, энергетика, инфра­құрылым сияқты инновациялық салала­рында жаңа жоғары технологиялы жобалар­ды іске қосады деп күтілуде. Бұл ретте біз түрік инвесторларына елімізде жұмыс істеу арқылы Қазақстанның ішкі нарығымен шектелмей, ЕАЭО, Орталық Азия және, бастысы, Қытай нарықтарына шығала алатындықтарын жүйелі түрде жеткізудеміз.

Сауда-экономикалық ынты­мақтас­тықтың табысты дамуы үшін тиімді көлік-логистикалық инфрақұрылымның қажет екені сөзсіз. Қазақстан мен Түркия Еуразия кеңістігінде маңызды геоэкономикалық орынға ие. Елдеріміз қалыптасып келе жатқан Жаңа Жібек жолы жүйесінде маңызды рөл ойнайды. Қазақстан мен Түркия үшін транскаспийлік бағдардың маңызы ерекше. Түркия үшін Қазақстан ар­қылы Орталық Азия және Қытай нарық­тарына шығу ұтымды болса, Қазақстан, Түркияның көлік-логистикалық әлеуетін қолдана отырып, Жерорта теңізіне, Еуропа мен Таяу Шығыс нарықтарына шығуға мүдделі. Сондықтан жаңа ашылған Баку-Тбилиси-Карс теміржол дәлізін ары қарай дамытуа үлкен көңіл бөліп отырмыз. Бұл бағытпен 2017 жылы Түркияның Месрин портына жеткізілген алғашқы жүктің қазақ бидайы болғаны символикалық мәнге ие.

Биыл Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған еуразиялық ынтымақтастық идеясының 25 жылдығын атап өтеміз. Ұлы түркі өрке­ниетінің өкілдері, өткеннің даңқты им­перияларының мұрагерлері саналатын Қазақстан мен Түркия бүгін Еуразияның саяси кар­тасында қайтадан маңызды рөл ойнауда. Мемлекеттеріміз халықтары­мыздың әл-ауқатын арттыруға ғана емес, аймағымыз бен бүкіл әлемде тұрақтылық, теңдік және әділеттілікті нығайтуға бағытталған өзара тиімді ынтымақтастықты күшейтуді жалғастыра береді.

 

Абзал САПАРБЕКҰЛЫ,

Қазақстан Республикасының

Түркия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі