Балалар үш айдай көше шаңын бұрқыратып, бос сандалмауы, каникулды пайдалы өткізуі үшін не істеу керек? Ата-аналарды толғандыратын осы мәселелер Министрлер кабинетінің мүшелерін де ойландырды. Премьер Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жазғы демалыс кезінде балаларды сауықтыру, бос уақытын және іспен шұғылдануын ұйымдастыру жайы қаралды.
Бұл мәселелер турасында жиында Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин және өңірлердің әкімдері баяндады.
– Балалардың демалысын ұйымдастыру – өте маңызды мәселе. Ол әрбір отбасыға қатысты болады, – деді оларды мұқият тыңдаған Үкімет жетекшісі А.Мамин. Бұл ретте әзірге Қарағанды, Алматы, Павлодар облыстары ғана балаларды демалыспен және іспен шұғылданумен толықтай дерлік қамтуға дайын. Премьер қалған өңірлерге жаз мезгілінде балалардың демалысы мен бос уақытын лайықты ұйымдастыру шараларын шұғыл қабылдауды тапсырды.
– Каникул кезінде балалар музейлерге, театрларға, қорықтарға, ұлттық парктерге, спорт нысандарына тегін кіре алуға тиіс! Тақырыптық кездесулер, іс-шаралар, сапарлар ұйымдастыру керек. Жазғы бос уақытын ұйымдастыруға меценаттарды да белсендірек тарту қажет. Мұның өңірлерде оңды мысалдары жетерлік, – деді Асқар Мамин.
Ол жазғы демалыс шараларын ұйымдастырғанда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызына екпін түсіре келе, Ішкі істер, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктеріне, өңірлер әкімдеріне осыған жауапты қызметтерді жұмылдыруды жүктеді.
Үкімет жетекшісі балалардың денсаулығын нығайту және қорғау, саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында қоғамдық орындарда сатылатын тамақ сапасына, тамақтандыру мен ойын-сауық орындарындағы санитарлық тазалыққа ерекше көңіл бөлу керегін баса айтты.
«Барлық лагерлер медицина қызметкерлерімен және тиісті педагогикалық кадрлармен қамтамасыз етілуге тиіс», – деді А.Мамин.
Осы орайда Білім және ғылым министрлігінің келесі жылы лагерлердің санын арттыру туралы ұсыныстары қолдау тапты.
– Санаторийлер, туристік базалар, ұлттық саябақтар және жоғары оқу орындары жанында 1 мыңға дейін жаңадан жазғы лагерлер ашу, жұмыс істемейтін лагерлерді қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл жасөскіндерді жазғы демалыспен толық қамтуға мүмкіндік береді, – деген Асқар Мамин аймақ басшыларына балақайлардың демалысын ерекше бақылауға алу және оларды демалыспен, іспен шұғылданумен барынша қамту жөнінде тапсырма берді.
Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың мәліметінше, биылғы жылы мектептердің жанынан 11 мың лагерь ашылады. Ал, 236-і – қала сыртындағы, 1 757-і – шатырлы лагерлер болмақ.
БҒМ басшысы лагерлердегі демалыспен әлеуметтік осал санаттағы отбасы балаларының 80%-ын, айрықша мұқтаждықтары бар балалардың 82%-ын, түрлі салада жетістікке жеткен дарынды жеткіншектердің, сондай-ақ девиантты мінез-құлықты балалардың 90%-ын қамту жоспарланғанын мәлімдеді. Ересек 960 мың оқушы немесе жалпы санының 33 пайызы жазда құрылыс отрядтарына, орман шаруашылығына және көгалдандыру жұмыстарына тартылады.
Бұған қоса, оқушылардың 61 пайызы түрлі олимпиадалық резервтің, белсенділердің және көшбасшылардың жазғы мектептеріне, түрлі үйірмелерге қабылданады. Арнайы аула клубтарының жұмысы жақсартылуда екен. Елімізде жазда 1,5 мыңға жуық аула клубы жұмыс істейді деп күтілуде.
Білім және ғылым министрі жазғы демалысты ұйымдастыру үшін демеушілердің қосымша ресурсы да қажетке жаратылатынын айтты.
– Былтыр бұл үдеріске экономиканың түрлі салаларындағы компаниялар мен жеке кәсіпкерлер атсалысып, 504 млн теңгеге 4 324 баланың демалуына қолдау көрсетті. Осы жылы да бұл бастама жалғасын табады, – деді К.Шәмшидинова.
Негізінен, балалар жазғы демалыстарын өздерінің үйреншікті ортасында өткізеді. Олардың 40 пайызы тұрғылықты жерінен тысқары шығады. БҒМ жас ұрпақтың демалыс сапасын еліміздегі қолданыстағы инфрақұрылымды жан-жақты пайдалану арқылы жақсартуды ұсынады.
Сонымен қатар Білім және ғылым министрі туристік және санаторийлік-курорттық ұйымдарды ынталандыру; қазақстандық жоғары оқу орындары жанынан жазғы академиялық мектептерді ашу; балалардың «Менің Отаным – Қазақстан» атты мәдени, тарихи, археологиялық ескерткіштерді зерттеуге бағытталған тақырыптық жорықтарға көптеп қатысуын қамтамасыз ету; қала сыртындағы лагерлер желісін кеңейту туралы ұсыныстарын жария етті.
Бұл іске Үкіметтің өзге құрылымдары да жұмылдырылуда. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының дерегінше, каникул кезеңінде жыл сайын тәрбиелік, патриоттық және эстетикалық сипаттағы әртүрлі форматтағы іс-шаралар кешені жүзеге асырылады.
2017 жылдан бері мәдени ведомствоның бастамасымен, республикалық музейлерге, музей-қорықтар мен театрларға жазғы демалысында оқушыларды тегін кіргізу тәжірибесі енгізіліпті. Осы жобаның оң тәжірибесін ескере отырып, оны жалғастыру және енді жергілікті деңгейде де ендіру ұсынылды. Яғни, жергілікті музейлер де балдәурен жастағы қазақстандықтарға есігін айқара ашуы керек.
– Бүгінде балалар мен жастарды әлеуметтік өмірге белсенді тарту үшін барлық өңірлерде, кітапханалар ішінде коуоркинг-орталықтар жұмыс істейді. Оларда балалар мен жасөспірімдер оқу бағдарламалары аясында шығармашылық және креативті жобаларды іске асыра алады. Өңірлерде 208 коуоркинг-орталық жұмыс істейді, – деді министр.
Министрлік елдің барлық кітапханаларында «әдеби ертеңгіліктер» өткізуді; музейлер мен музей-қорықтарда – белгілі қазақстандық суретшілер, мүсіншілер, өлкетанушылар, археологтардың қатысуымен түрлі пленэрлер, тегін тарихи-өлкетанушылық және танымдық экскурсиялар өткізуді; қалалар мен облыс орталықтарында – BookCrossing науқанын, ал барлық ауылдық округтерде «жылжымалы кітапханаларды» ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Балалар мен жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты дамыту жайында хабардар еткен Арыстанбек Мұхамедиұлы қазіргі уақытта дене шынықтырумен және спортпен мектеп жасындағы 1,8 млн бала, соның ішінде ауылдық жерлерде 816 мыңнан астам бала қамтылғанын жеткізді. Мектеп жасындағы балалар арасында тұрғылықты жерлері бойынша дене шынықтыру-сауықтыру жұмысын жолға қою үшін 172 мыңдай бала мен жасөспірімді қамтитын қосымша білім беру ұйымдары жұмыс істейтін көрінеді, арасында 570 балалар-жасөспірімдер клубы, 87 балалар-жасөспірімдер дене дайындығы клубы бар. Қалаларда 80-ге жуық даладағы street workout спорт алаңы ашылған.
Бір жақсы жаңалық: растайтын құжатты ұсынған жағдайда «1+2» (ата-ананың бірі және екі бала) схемасы бойынша KIDS GO FREE қағидаты негізінде балалардың ел ішінде ұшақпен тегін ұшуы үшін билетті субсидиялау жоспарлануда.
2020 жылдан бастап барлық өңірлерде тегін «Балалар туристік пойызын» іске қосу жоспарлануда. Онда әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға, білім беру жарыстарының жеңімпаздарына, үздік оқушыларға басымдық беріледі.
Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова балаларға арнап, түрлі мекемелер мен ұйымдарда «Ашық есік күндерін» өткізудің қажеттігін атап айтты. Ол қауіпсіздік мәселелерін балалардың өздеріне де түсіндіру қажет екенін нықтады. Сондай-ақ жазғы демалысты ұйымдастыру бойынша балалардың ұсыныстарын жинау қажет: өздеріне не ұнайтынын, демалысты қалай өткізгісі келетінін білу үшін жасөскіндер арасында сауалнама жүргізілгені жөн.