Қазақстанда жаңадан төрт арнайы экономикалық аймақ құру қарастырылуда. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр хабарлады. АЭА-лар елге инвестиция тарту мен экспортты ілгерілету құралдарының бірі ретінде қарастырылуда.
– Бүгінде Қазақстанның 11 өңірінде 12 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеп тұр. Олардың үшеуі, атап айтқанда, «Қорғас», «Астана-Технополис» және «Түркістан» тек таяуда, 2017–2018 жылдары құрылды. Қазіргі уақытта біздің министрлік Петропавл, Қостанай, Ақтөбе және Байқоңыр қалаларында қосымша 4 жаңа АЭА ашу туралы әкімдіктердің ұсынысын қарастыруда, – деді Р.Скляр.
2002-2019 жылдары АЭА аумақтарында 183 жоба іске қосылыпты, олардың 46-сына шетелдік инвесторлар қатысуда.
Министрдің дерегінше, 15,5 мың жұмыс орны құрылған. Бюджетке салық түрінде шамамен 150 млрд теңге қайтарылды. Бірақ әзірге өздеріне жұмсалған шығынды өтемеген: барлық АЭА-лар инфрақұрылымының құрылысына 314,3 миллиард теңге бюджет қаражаты салыныпты. Рас, бұл ретте 910 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның ішінде шетелдік қатысу үлесі – 27%. 2019 жылы шамамен 1200 жаңа жұмыс орнын құратын 160 млрд теңгенің 36 жобасы іске қосылады деген жоспар бар.