Басты күш – бастауыш партия ұйымдары
Басты күш – бастауыш партия ұйымдары
702
оқылды

Еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты Nur Otan партиясының бағ­дарламалық ұстанымының дұрыстығын уақыттың өзі дәлелдеп келеді. Әрі бұл ұстаным нақты істерімен дәлелденуде. Әсіресе, бастауыш партия ұйымдары (БПҰ) – Nur Otan-ның негізгі тірегіне, шынайы күшіне айналды. Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауларын, басқа да бағдарламаларын жүзеге асыруда БПҰ-ның рөлі ерекше екенін әрдайым айтып келеді. Осы ретте азаматтармен тікелей жұмыс істеп отырған Nur Otan партиясы Жамбыл облысы Жуалы ауданы «Орталық» БПҰ төрағасы Руслан Сайлаубаевпен әңгімелескен едік.

– Руслан Бахытұлы, партиялық жоба­ларды жүзеге асыру жолында атқарған жұмыстарыңызға тоқталып өтсеңіз.

– Елбасының Nur Otan партиясын жаңғырту тапсырмасына сәйкес, Nur Otan партиясы бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыру тұжырымдамасы­ның жобасы даярланды. Біз де осы ретте пар­тиялық кадрлармен жұмысты күшейтіп, жергілікті өкілдік органдарында партияның рөлін арттыру, оның жалпыұлттық күн тәртібін құруда белсенді түрде араласуын қамту, партиялық технологияларды жетілдіру, жастармен белсенді жұмыс жүргізу және партиялық білім сапасын арттыру мәселесімен айналысудамыз. Рас, бүгінде бастауыш партия ұйымдары партияның іргетасына, басты күшіне айналды. Қазіргі күні партия қолға алған ІТ сыныптар мен ІТ орталықтарын ашу, кітапханаларды, мектеп асханалары мен спорт алаңдарын жаңғырту бойынша жобаларды халық арасында насихаттау, түсіндіру жұмысына бастауыш партия ұйымдары белсенді атсалысып келеді.

– Биыл Nur Otan партиясының жаңғы­руы аясында Шымкент қаласында алғаш рет «Бас­тауыш партия ұйымдарының» аймақ­тық форумы өтті. Онда қандай мәселелер көтерілді?

– Елдің бірлігіне, тұрақтылығына атсалысатын Nur Otan партиясы бүгінде ел аумағында атқарылып жатқан барлық іргелі істерге ұйытқы болуда. Шыны керек, партиямыз мемлекеттік бағдарламалардың толыққанды іске асуына, сапалы, тиянақты орындалуына бақылау жасау арқылы қозғаушы күшке айналып отыр. Түрлі әлеуметтік-экономикалық жобалардың басы-қасында болған саяси ұйымның жұмысын оң бағалаған халық бағыты айқын Nur Otan-ның болашағы жарқын екеніне сеніммен қарауда. Қазіргі таңда барша қазақ­стандықтар өздерінің кемел келе­шектерін Nur Otan-мен байланыс­тырады. Ал оның айқын көрінісін Nur Otan партиясы Жуалы аудандық «Орталық» бастауыш партия ұйымдарының жұмы­сынан көруге болады.

Бұл форумға Алматы, Жамбыл, Қы­зылорда, Түркістан облыстары мен Шым­кент қаласынан ірі бастауыш ұйымдарының өкілдері қатысты. Форум барысында Nur Otan партиясы бастауыш партия ұйым­дарының қызметін жандандыру тұжырым­дамасының жобасы ұсынылды. Тұжырым­даманың мақсаты – жүйелік партиялық жаңғыртудың міндеттерін ескере отырып, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыру.

Елдегі 5 мыңнан астам бастауыш пар­тия өкілдері жиналған форумда мемлекеттік бағдарламаларды жергілікті жерлерде орындалу жолдары талқыланды.Елба­сының әлеуметтің әлеуетін көтеретін шараларын халыққа тікелей жеткізу жағы да жоспарланды.

– Форум барысында өзіңіз сияқты бастауыш партия ұйымы төрағалары үшін арнайы тренингтер де өткізілді ғой.

– Иә, бастауыш партия ұйымы төра­ғалары үшін саяси менеджмент академия­сының оқытушылары, танымал тренерлер мен саясаттанушылар «Сөз сөйлеу шеберлігі», «Саяси коммуникация» сияқты маңызды тақырыптарда тренингтер өткізді. Маған қатты ұнады. Сондай-ақ секция отырысында партияның кадрлық резерві бойынша секция отырысына қатысып, ондағы түрлі қоғамдық салада жетістікке жеткен партия мүшесіне мансаптық өсуге мүмкіндік берілгені ерекше есте қалды. Себебі, бүгінгі таңда белсенді жастар үшін бұл – аса зор мүмкіндік. Әрбір партия мүшесінің жауапкершілігін арттыра отырып, алға қойған міндеттерді жүзеге асыруды мақсат еткен көшбасшы партия халықты сауаттандыру бойынша ауқымды жұмысқа кіріскені анық. Бүгінде әрбір партия мүшесі өзінің жұмысқа деген ынтасы, қабілеті арқылы жаңа қызмет орындарына ұсыныла алады. Өзім де белсенділік танытып, адал жұмыс істеген­діктен, осындай жауапкершілікті сезініп жүрмін. Жастардың тұрақты жұмысқа орналасуына қолымыздан келгенінше көмек көрсетіп келеміз. Олардың бос уақы­тын тиімді өткізуіне де жағдай жасап жатырмыз. Осы бағытта қадам жасасақ кезеңімен бар­лық жоспарды жүзеге асы­руға мүмкіндік бар.

– Жұмыссыз жастар демекші, оларды жұмысқа орналастыру бойынша атқарылған жүйелі жұмыстар бар ма?

– Елбасы жаңа жаһандық бәсекеге қабілетті мемлекет құрудың жаңа моделін ұсынды. Соның ішінде жастарға үлкен міндет жүктеліп отыр. Өйткені Елбасы «Жастар – ел болашағы» дегенді айтудан жалықпайды. Ал Қазақстанның алдағы да­муы, осы реформалардың орындалуы – тікелей жастардың қолында. Сондықтан бүгінгі жастар білімді, жаңа технология­ларды жіті меңгерген кәсіби маман болуы қажет. Ол үшін мемлекет барлық жағдай жасап отыр. Жақында ғана партияның Жуалы аудандық филиалының ұйымдас­тыруымен «Сәтті қадам» партиялық жобасы аясында және Елбасы Жолдауынан туындаған тапсырмалардың орындалуы бойынша аудандық мәслихаттағы депу­таттық фракция мүшелері жұмыссыз жас­т­армен кездестік. Жиынға аудандық мәс­лихаттағы депутаттық фракция мүшелері, БПҰ төрағалары, жергілікті атқарушы билік органдары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, жұмыссыз жастар, БАҚ өкілдері қатысты. Фракция мүшелері жұмыссыз жастарға «Қазақстанның үшінші жаңғы­руы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы Елбасы жолдауын на­сихаттады. Кездесуде «Халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекет­тік мекемесі тарапынан жұмыссыз жас­тарды жұмысқа орналастыру, жұмыссыз жастарға қайта даярлау шарттары, тегін кәсіби білім алу туралы көптеген пайдалы кеңестер мен ақпараттар берді.

Жастар бүгінгі қоғамның ертеңгі көрінісін қалыптастыратынын ескерер болсақ, Елбасы өскелең ұрпақты рухани бай, адамгершілігі мол азамат етіп тәрбиелеу маңызды іс екенін баса айтады. Бұл бүтін қоғам болып бірігіп, жұрт болып жұмыла атқаратын міндет екенін баршамыз сезінгеніміз абзал.

Жыл сайынғы Жолдауда да Қазақ­станның жас та көпэтносты, болашағына жарқын сеніммен қарайтын, даму үстіндегі ел екені ерекше ескеріледі. Біз осы тарихи мүмкіндік пен игіліктерді пайдалана отырып, баршамыз Елбасымызбен бірге мәңгілік ел қалыптастыруға күш салуымыз қажет. Шаңырағы биік, керегесі кең, іргелі мемлекет құру жолында жиған мол тәжі­рибемізді ұштап, қоғамдағы әр саланың маманы өз ісінің нағыз білікті кадры еке­нін айқындап, ел дамуына аянбай атсалы­суы – абыройлы іс әрі азаматтық борыш.

Қазіргі таңда жастар үшін ең маңызды мәселе – жұмысқа орналасу мәселесі. Еңбек нарығын жаңғырту мақсатында Елбасымыз өз Жолдауында жұмыскер­лердің жаңа заман салаларының маман­дықтарына көшуі үшін қолайлы жағдайлар жасау міндетін қойды. Осыған орай, елбасы еңбекпен қамтудың жаңа Жол картасын әзірлеу қажетін атап өтті. Мұндай Жол карталары жұмыс берушілердің қысқартылған жұмыскерлерді қайта да­йындау және жаңа жұмысқа орналасты­рудағы міндеттерін айқындап көрсететін болады.