Қоғамдық бақылау картасы бюджет ашықтығын қамтамасыз етеді
Қоғамдық бақылау картасы бюджет ашықтығын қамтамасыз етеді
608
оқылды

«Жолдарда жөндеу жұмыстары жүріп жатса немесе керісінше жол нашар күйде болса және ұзақ уақыт бойы жөндеу жұмыстары жүргізілмесе, азаматтар Интерактивті картаның www.publicbudget.kz сайты арқылы картадан объектіні тауып өз пікірін қалдыра алады.

Жоба қызметкерлері хабарламаларды бақылап, жедел шаралар қабылдайды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Арман Тұрлыбек «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында хабарлады.

Карта – сыртқы ресурстарға бөлінген бюджеттік қаражаттарды көрсетуге және бақылауға, шағымдар мен пікірлерді жинауға және ақпараттарды талдауға арналған көпшілікке қолжетімді қызмет. Бюджеттің ашықтығы мен елдегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың бірегей тәжірибесі.

Әкім орынбасарының айтуынша, картада бөлінген қаражат пен жүргізілетін жұмыс уақытының көлемі туралы ақпараттар көрсетілген.

«Осылайша, біз азаматтық бақылау институтын нығайтып, елорда тұрғындарының өзін-өзі ақпараттандыруын және олардың қалалық процестерге қатысқанын қалаймыз», – деді Арман Алашұлы.

Сонымен қатар, картада жолдарды жөндеу жұмыстары туралы деректер ғана емес, сондай-ақ мектептер, ауруханалар, емханалар және т.б. барлық әлеуметтік нысандарға арналған бюджет қаражаты туралы ақпараттар көрсетілген.

Елорданың тұрғындары нысанның қызметіне қатысты кез келген сипаттағы өтініштерді қалдыра алады. Мысалы, мектептерде ақша жинау, емханадағы медициналық қызмет сапасының төмендігі, мемлекеттік органға, ХҚКО-ға шағым қалдыруға мүмкіндік бар.

Бұл сайттың бір кемшілігі, ресурс орыс тілінде. Біз алғашқы шағымымызды Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне   «Сайттың мемлекеттік тілдегі нұсқасы неге жоқ?» деген мазмұнда жолдадық.