Өндірісті ЖСО жайпаса, елді қалай асыраймыз?
Қостанайлық адвокат Сергей Пономарев Әділет министрі Марат Бекетаевқа шағым хатында биліктің не себепті ЖСО-ларды тыймағанына кейістік білдірді. Мысалы, төтенше жағдай кезінде коллекторлардың берешекке батқан бұқараның қабырғасын қайыстырар «жорықтарына» тоспа қойылды. Сонымен бірге COVID-19 кеселінің таралуына жол бермеу мақсатында соттар жабылды. Бақылаушы-қадағалаушы меморгандардың кәсіпкерлерге тексеріс жасауына тыйым салынды. Осы орайда, адвокат сот актілерін орындау саласында осыған ұқсас төтенше, шұғыл шаралардың неге қабылданбағанына қайран қалады. – Бүгінде елде пандемия кесірінен қиын жағдай қалыптасты. Барлық деңгейдегі соттарда азаматтық істерді қарау тоқтатылды. Салдарынан талап-арызды уақытша қабылдамай жатыр. Ал ауыр жағдайды жеке сот орындаушылары пайда табу үшін пайдалануда. Олардың бассыз тірліктері мародерлік сипат алып барады. ЖСО-лардың заңсыз қарекеттеріне азаматтар ешқайда шағымдана алмайды. Ел басшылығы Қазақстанды қалай күйзелістен құтқарамын деп бас қатырып жатқанда, сот орындаушылары елге қырғидай тиіп жатыр. Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің есепшоттары бұғатталуда, ауыл шаруашылығы техникалары, жер телімдері, тұқым қоры тұтқындалған. Бұл көктемгі егіс жұмыстарына қатер болып төнді, – дейді қорғаушы. Оның айтуынша, ЖСО-лар өндіретін қарыз сомасы «уақытша тәркіленген» мүлік құнынан әлденеше есе аз екенін де елемейді. Өйткені заңнамада «тек құны берешек көлеміне сайма-сай мүлік қана тәркіленсін» деген шектеу жоқ. Қандай мүлікті бұғаттайтынын орындаушы өзі шешеді. Сергей Пономарев коронавируске шалдыққан мыңдаған адамды емдеу күрделі болып жатқанда, ертең оған миллиондаған адамды асырау қиындығы жамалуы мүмкін дейді. «Өңірлерде ЖСО-лар жасап жатқан былықтың тонау-мародерліктен көп айырмашылығы жоқ. Мемлекет бұл түнек тірлікті, хаосты тоқтатуы қажет. Барлық атқару өндірісі бойынша сот үкімдерін орындауды уақытша тоқтата тұрған абзал», – дейді сарапшы. Қазақстандық белгілі әлеуметтанушы, құқықтанушы Анатолий Колмаков өз тәжірибесінде мұндай жағдайлар көп кездескенін әңгімеледі. Оның түсіндіруінше, 2010 жылы 2 сәуірдегі «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» ескі заңда «атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi шараларға» не жататыны нақты көрсетіліпті. Алайда 2014 жылғы 15 қаңтарда оған өзгеріс енгізіліп, 32-баптағы «өзге де міндеттемелерді» деген сөздер «өзге де іс-әрекеттерді» деген сөздермен ауыстырылды. –Бұл өзгерісті сот орындаушылары өздерінше түсіндіре бастады. Олар енді өз қалауына қарай кез келген өзге де іс-әрекеттерді жүзеге асыра аламын деп ұғынды. Мысалы, Семейде ЖСО-лар коммуналдық кәсіпорындарды берешегі бар азаматтар үйін электр қуатынан, судан ағытып тастауға міндеттеп жатыр. Бұлар – коммуналдық қызмет үшін берешек жандар емес. Мүлдем басқа, яғни алимент төлемегені, банктегі несиесін уақытылы өтемегені, өз жұмысшылары алдында жалақысы бойынша берешек болғаны үшін атқару өндірісі қозғалған жеке және заңды тұлғалар, – дейді Анатолий Колмаков. Ол өзіне Семей ет комбинатының өкілдері өтінішпен жүгінгенін жеткізді. Жеке сот орындаушысы Е.Төлеу «Шығысэнерготрейд» ЖШС-ынан және «ВК РЭК» АҚ-ынан осы нысанға электр беруді тоқтатуды талап етіпті. «Бұл әрекетін заңсыз деп санаймын. Мысалы, мен банк алдында қарыз болдым делік, солай екен деп сот орындаушысы өз қаулысымен басқа саладағы компанияны өз клиентіне қызмет көрсетпеуге міндеттей ала ма?! Қарызым коммуналдық төлеммен байланысты емес қой. Мен тек банк алдында ғана міндеттеме алдым. Мұндай олқылықтар өте көп әшкереленуде», – дейді құқықтанушы. Әлемде тамақ тапшылығы бас көтергенде ет комбинатының жұмысына тосқауыл қою – ұлттық азық-түлік қауіпсіздігіне қайшы болса керек. Құқықтанушы маман сот орындаушыларының қандай құзыры барын мемлекет заңда нақты жазып көрсетуі және түсіндіруі керек деген ұсыным жасады. Айталық, ЖСО әлдебір ұйым алдындағы қарыз үшін берешек адаммен қарым-қатынасын үзуге басқа ұйымдарды мәжбүрлей алмайтыны түсіндірілуі тиіс. Бұларға шектен тыс құқық беретін және астарына әрнәрсе сыятын «өзге де іс-әрекеттерді» деген ұғымды заңнан алып тастау маңызды. А.Колмаков Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа хат жазыпты. Онда құқықтанушы дәл осы сөз жемқорлықты «қоректендіріп» отырғанына назар аудартады: борышкер адамның туыстары сот орындаушысына хабарласып, одан электрмен, сумен жабдықтауға тыйым салмауды өтінген және қарызды өтеу сыртында қосымша сыйақы беруге келіскен.Қарапайым халықтың қалтасын қақты
Осы салада тіпті еш қарызы жоқ қарапайым азаматтар да зардап шегіп жатқан көрінеді. Айбек Тапин Әділет министрлігінен өз міндетін лайықты орындамағаны үшін қарағандылық сот орындаушысы Жаманғаринді жауапқа тартуды сұрайды. «Сәуір айының ортасында Каспи қосымшасын ашып қарасам, 2019 жылғы 5 желтоқсанда есепшотым бұғатталғанын білдім. Содан бері ол алып тасталмапты. Есепшотқа түсетін ақша автоматты түрде есептен шығарылады. Google-дан Жаманғариннің ұялы телефонын тауып, жұмыс уақытында телефон шалдым. Өзіме қатысты өндіріс ашылғаны туралы хабар алмағанымды, бұғаттауды жою керегін айттым. Бірақ былдыр-батпақ жауап қатты да, телефонды қоя салды. Содан кейін телефонын көтермеді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі жинағымнан көшірме алдым. Онда Жаманғарин инкассалық өкім жолдап, берешегін өтеу үшін деп салымымнан 12 625 теңге алыпты», – дейді Айбек Тапин.Бұқара бұған не дейді?
Қостанай облысының Жітіқара қаласының тұрғыны Оксана Мамедова ЖСО Кенжебаевтан жұрт ығыр болғанына шағымданады. «Әлеуметтік желілерде оның «екпінді» қызметі қызу талқылануда. Шағым көп. Түсінуімше, ол коллекторлық агенттікпен бірге жұмыс істейді, сот көмегімен клиенттеріне қарызы бойынша алапат пайыздық сыйақы тағайындаттырады. Барлығының бастан кешкені ұқсас. Ескерту жасалғаны, сот отырысы өткені туралы ешкім де хабардар етілмейді. Ізінше барлық есепшоттары, карталары бұғатталады, адамдар лезде өмір сүруге қажетті қаражатсыз қалады. Шотқа түскен жаңа ақшалар тәркіленеді. Мемлекет аз қамтылғандарды аумалы-төкпелі шақта әлеуметтік қолдауға күш салуда, алайда зейнетақы, жәрдемақы, жалақы ЖСО қалтасына кетеді. Кенжебаевтың түрін ешкім көрмеген, онымен телефон арқылы да байланыса алмайды», – дейді О.Мамедова. Оксана – ІІ топ мүгедегі, кәмелетке толмаған екі баланың анасы. Алимент және зейнетақы түсетін картасына ЖСО 2020 жылғы 20 сәуірде тосқауыл қойып тастапты. Дәл осы кезде Жітіқара қаласы карантинге жабылған. Уақытылы емделмегендіктен денсаулық жағдайы нашарлай бастапты. «Ешқандай ескертусіз есепшотты бұғаттай салуға бола ма екен? Жауапкердің қиын жағдайын білсе, бірде-бір судья мұндай шешім қабылдамас еді», – деп қамығады мүмкіндігі шектеулі жан. Жезқазған тұрғыны Ә.Бисеновтің жалақылық есепшоты қателік кетуі кесірінен бұғатталған. Ол дереу қарсы шағым түсіріп, бәрін қалпына келтіргендей болады. «Әйткенмен іле-шала қарағандылық Қасымжанов деген басқа сот орындаушысы жалақы картама негізсіз бұғат сала қойыпты. Мен оған қоңырау шалып, осыған негіз болған атқару қағазын электронды поштамен жіберуді өтіндім. Ол бас тартты және мәселенің байыбына бару үшін Қарағандыға өзімнің келуімді талап етті. Қаланың карантинге жабылуына байланысты бара алмайтынымды түсіндірдім. Сөз өтпейді екен. «Ол сенің проблемаң» деп, телефонды тастай салды. Мен болсам ТЖ кезінде күнкөріске қажет қаржысыз қалдым», – деген Ә.Бисенов Әділет министрлігінен ЖСО-ны пошта арқылы нотариустен атқару қағазының күші жойылғаны туралы қаулыны алуға міндеттеуді сұрады.Түйткіл заң жүзінде реттелмеді
Қоғам белсендісі Светлана Наливайконың мәліметінше, қарапайым бұқара мен бизнестен осындай наразы пікірлердің артуына байланысты еліміздің Бас прокуратурасы биылғы 31 наурызда Әділет министрлігіне, ЖСО республикалық палатасына, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне хат (№20010355-20-21127) жолдап, банк несиелері бойынша сот актілерін орындауды тоқтата тұру алгоритмін әзірлеуді ұсынды. «Күні бүгінге дейін бұл мәселе заң жүзінде реттелмей отыр. Осы кезде жеке сот орындаушылары үйден шықпай-ақ, борышкерлердің баспанасын электронды сауда алаңдары арқылы қашықтан сатып жатыр. Арсыз тірлік. Бірақ тыйым болмағандықтан, олардың төтенше жағдай кезіндегі бұл әрекетін заңсыз дей алмаймыз», – дейді сарапшы. Мемлекет дағдарыс кезеңінде ЖСО-ларға қолдау көрсетуде. Мысалы, олар жеке табыс салығын, әлеуметтік салықты төлеуден, зейнетақы жарналарын, әлеуметтік аударымдарды және МӘМС жарнасын аударудан 2020 жылғы 1 сәуірден 1 қазанға дейін босатылды. Сот орындаушыларына 42 500 теңге әлеуметтік төлемақы алуға мүмкіндік берілді. Демек, олар да әлеуметтік жауапкершілік танытқаны жөн. Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы ЖСО-лар мемлекеттен әлеуметтік төлемді және Birgemiz қорынан көмекті алатын борышкерлердің банк шоттарына қойылған бұғаттауды жедел алып тастап жатқанын хабарлады. Басқалардың жайы не болатыны беймәлім.Елдос СЕНБАЙ