Жеке сот орындаушылары карантинде борышкерлердің баспанасын қашықтан сатып жатыр

Жеке сот орындаушылары карантинде борышкерлердің баспанасын қашықтан сатып жатыр

Жеке сот орындаушыларының тірлігі мародерлікке ұқсап барады,– дейді кейбір сарапшылар. Олардың іс-әрекетіне қатысты шағымдар орталық және жергілікті билік органдарына қаптап түсіп жатыр. Әлеуметтік желілерді де осы тақырыптағы наразылық кернеп тұр. Қазақстан кеңес кезінде болған мемлекеттік сот прис­тав­­тарынан бас тартты. Сот үкі­мін мәжбүрлеп орындату же­ке секторға берілді. Әділет ми­нистрлігінің мәліметінше, 2 119 жеке сот орындаушысы (ЖСО) бар. Олар еліміздің барлық өңі­рінде жаппай орналасқан, яғ­ни бұлармен қамтылмаған бір­де-бір аудан қалмапты. Оның үстіне, ақпараттық тех­­­нологиялар бір өңірдегі орын­дау­шының екінші өңірдегі бо­­­рышкерге шара қа­был­дауына – есепшотын жауып тас­тауға мүмкіндік береді.  

Өндірісті ЖСО жайпаса, ел­ді қалай асыраймыз?

Қостанайлық адвокат Сер­гей Пономарев Әділет министрі Ма­рат Бекетаевқа шағым ха­­­­­­тында биліктің не себепті ЖСО-ларды тыймағанына кейіс­­тік білдірді. Мысалы, тө­­­­­тенше жағдай кезінде кол­лек­­торлардың берешекке бат­қан бұқараның қабырғасын қайыстырар «жорықтарына» тос­па қойылды. Сонымен бірге COVID-19 кеселінің таралуына жол бермеу мақсатында сот­тар жабылды. Бақылаушы-қа­да­ғалаушы меморгандардың кә­сіп­керлерге тексеріс жасауына тыйым салынды. Осы орайда, адвокат сот актілерін орындау са­ласында осыған ұқсас төтен­ше, шұғыл шаралардың неге қа­былданбағанына қайран қа­лады. – Бүгінде елде пандемия ке­­сірінен қиын жағдай қа­лып­тас­ты. Барлық деңгейдегі сот­тар­да азаматтық істер­ді қарау тоқ­татылды. Салдары­нан талап-арыз­ды уақытша қа­былдамай жатыр. Ал ауыр жағ­дайды жеке сот орын­дау­шылары пайда табу үшін пай­далануда. Олардың бас­сыз тір­ліктері мародерлік сипат алып барады. ЖСО-лардың заң­сыз қарекеттеріне азаматтар еш­­қайда шағымдана алмайды. Ел басшылығы Қазақстанды қа­лай күйзелістен құтқарамын деп бас қатырып жатқанда, сот орын­дау­шылары елге қыр­ғи­дай тиіп жа­тыр. Ауыл ша­руа­шылығы өн­дірушілерінің есепшоттары бұғ­ат­­­талуда, ауыл шаруашылығы тех­никалары, жер телімдері, тұқым қо­ры тұт­қындалған. Бұл көктемгі егіс жұмыстарына қатер болып төн­­ді, – дейді қорғаушы. Оның айтуынша, ЖСО-лар өн­діретін қарыз сомасы «уақытша тәр­кіленген» мүлік құнынан әлде­неше есе аз екенін де елемейді. Өйткені заңнамада «тек құны берешек көлеміне сайма-сай мү­лік қана тәркіленсін» деген шек­теу жоқ. Қандай мүлікті бұғат­тайтынын орындаушы өзі шешеді. Сергей Пономарев коронавируске шал­дыққан мыңдаған адамды емдеу күрделі болып жатқанда, ертең оған миллиондаған адамды асырау қиындығы жамалуы мүм­кін дейді. «Өңірлерде ЖСО-лар жасап жатқан былықтың тонау-мародер­ліктен көп айырмашылығы жоқ. Мемлекет бұл түнек тірлікті, хаосты тоқтатуы қажет. Барлық атқару өндірісі бойынша сот үкімдерін орындауды уақытша тоқтата тұрған абзал», – дейді сарапшы. Қазақстандық белгілі әлеу­мет­танушы, құқықтану­шы Анатолий Колмаков өз тәжіри­бесінде мұндай жағдайлар көп кездес­кенін әңгімеледі. Оның түсіндіруінше, 2010 жылы 2 сәуір­дегі «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәрте­бесi туралы» ескі заңда «ат­қару­шылық құжаттардың орын­да­луын қамтамасыз ету жөнiндегi шара­ларға» не жататыны нақты көрсетіліпті. Алайда 2014 жыл­ғы 15 қаңтарда оған өзгеріс ен­гізіліп, 32-баптағы «өзге де міндетте­мелерді» деген сөздер «өзге де іс-әрекет­терді» деген сөздермен ауыстырылды. –Бұл өзгерісті сот орындау­шылары өздерінше түсіндіре бастады. Олар енді өз қалауына қарай кез келген өзге де іс-әре­кеттерді жүзеге асыра аламын деп ұғынды. Мысалы, Семейде ЖСО-лар коммуналдық кәсіпорындарды берешегі бар азаматтар үйін элек­тр қуатынан, судан ағытып тас­тауға міндеттеп жатыр. Бұлар – ком­муналдық қызмет үшін берешек жандар емес. Мүлдем басқа, яғни алимент төлемегені, банктегі несиесін уақытылы өтемегені, өз жұмысшылары алдында жалақысы бойынша берешек болғаны үшін атқару өндірісі қозғалған жеке және заңды тұлғалар, – дейді Анатолий Колмаков. Ол өзіне Семей ет комби­на­ты­ның өкілдері өтінішпен жү­­гін­генін жеткізді. Жеке сот орын­­даушысы Е.Төлеу «Шығыс­энерготрейд» ЖШС-ынан және «ВК РЭК» АҚ-ынан осы нысанға электр беруді тоқтатуды талап етіпті. «Бұл әрекетін заңсыз деп са­най­мын. Мысалы, мен банк ал­дында қарыз болдым делік, солай екен деп сот орындаушысы өз қаулысымен басқа саладағы компанияны өз клиентіне қызмет көрсетпеуге міндеттей ала ма?! Қарызым коммуналдық төлеммен байланысты емес қой. Мен тек банк алдында ғана міндеттеме алдым. Мұндай олқылықтар өте көп әш­кереленуде», – дейді құ­қық­танушы. Әлемде тамақ тапшылығы бас көтергенде ет комбинатының жұ­мысына тосқауыл қою – ұлттық азық-түлік қауіпсіздігіне қайшы болса керек. Құқықтанушы маман сот орын­даушыларының қандай құзыры барын мемлекет заңда нақты жазып көрсетуі және түсіндіруі керек деген ұсыным жасады. Айталық, ЖСО әлдебір ұйым алдындағы қарыз үшін берешек адаммен қарым-қатынасын үзуге басқа ұйымдарды мәжбүрлей алмайтыны түсіндірілуі тиіс. Бұларға шектен тыс құқық беретін және астарына әрнәрсе сыятын «өзге де іс-әре­кеттерді» деген ұғымды заңнан алып тастау маңызды. А.Колмаков Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа хат жазыпты. Онда құқықтанушы дәл осы сөз жемқорлықты «қорек­тендіріп» отырғанына назар ау­дартады: борышкер адамның туыстары сот орындаушысына хабарласып, одан электрмен, су­мен жабдықтауға тыйым салмауды өтін­ген және қарызды өтеу сыр­тында қосымша сыйақы беруге келіскен.    

Қарапайым халықтың қалтасын қақты

Осы салада тіпті еш қарызы жоқ қарапайым азаматтар да зардап шегіп жатқан көрінеді. Айбек Тапин Әділет министрлігінен өз міндетін лайықты орындамағаны үшін қарағандылық сот орын­даушысы Жаманғаринді жауапқа тартуды сұрайды. «Сәуір айының ортасында Каспи қосымшасын ашып қа­расам, 2019 жылғы 5 желтоқсанда есепшотым бұғатталғанын білдім. Содан бері ол алып тасталмапты. Есепшотқа түсетін ақша автоматты түрде есептен шығарылады. Google-дан Жаманғариннің ұя­лы телефонын тауып, жұмыс уақы­тында телефон шалдым. Өзіме қа­тысты өндіріс ашылғаны туралы хабар алмағанымды, бұғаттауды жою керегін айттым. Бірақ был­дыр-батпақ жауап қатты да, теле­фонды қоя салды. Содан кейін телефонын көтермеді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі жинағымнан көшірме алдым. Онда Жаманғарин инкассалық өкім жол­дап, берешегін өтеу үшін деп салы­мым­нан 12 625 теңге алыпты», – дейді Айбек Тапин.  

Бұқара бұған не дейді?

Қостанай облысының Жітіқара қаласының тұрғыны Оксана Мамедова ЖСО Кенжебаевтан жұрт ығыр болғанына шағым­данады. «Әлеуметтік желілерде оның «екпінді» қызметі қызу тал­­­қылануда. Шағым көп. Тү­сінуім­ше, ол коллекторлық агент­тік­пен бірге жұмыс істейді, сот кө­мегімен клиенттеріне қарызы бойын­ша алапат пайыздық сыйақы тағайын­даттырады. Бар­лығының бастан кешкені ұқсас. Ескерту жасалғаны, сот отырысы өткені туралы ешкім де хабардар етілмейді. Ізінше барлық есепшоттары, карталары бұғат­талады, адамдар лезде өмір сүруге қажетті қаражатсыз қа­лады. Шотқа түскен жаңа ақ­шалар тәркіленеді. Мемлекет аз қамтылғандарды аумалы-төкпелі шақта әлеуметтік қолдауға күш салуда, алайда зейнетақы, жәр­демақы, жалақы ЖСО қалтасына кетеді. Кенжебаевтың түрін еш­кім көрмеген, онымен телефон арқылы да байланыса алмайды», – дейді О.Мамедова. Оксана – ІІ топ мүгедегі, кә­мелетке толмаған екі баланың анасы. Алимент және зейнетақы түсетін картасына ЖСО 2020 жылғы 20 сәуірде тосқауыл қойып тастапты. Дәл осы кезде Жітіқара қаласы карантинге жабылған. Уақытылы емделмегендіктен ден­саулық жағдайы нашарлай бастапты. «Ешқандай ескертусіз есепшотты бұғаттай салуға бола ма екен? Жауапкердің қиын жағдайын білсе, бірде-бір судья мұндай шешім қабылдамас еді», – деп қамығады мүмкіндігі шектеулі жан. Жезқазған тұрғыны Ә.Бисенов­тің жалақылық есеп­шоты қателік кетуі кесірінен бұғат­талған. Ол дереу қарсы шағым түсіріп, бәрін қалпына келтіргендей болады. «Әйткенмен іле-шала қара­ғандылық Қасымжанов деген басқа сот орындаушысы жалақы картама негізсіз бұғат сала қойыпты. Мен оған қоңырау шалып, осыған негіз болған атқару қағазын электронды поштамен жіберуді өтіндім. Ол бас тартты және мәселенің байыбына бару үшін Қарағандыға өзімнің келуімді талап етті. Қа­ланың карантинге жабылуына байланысты бара алмайтынымды түсіндірдім. Сөз өтпейді екен. «Ол сенің проблемаң» деп, телефонды тастай салды. Мен болсам ТЖ кезінде күнкөріске қажет қаржысыз қалдым», – деген Ә.Бисенов Әділет министрлігінен ЖСО-ны пошта арқылы нотариустен ат­қару қағазының күші жойылғаны ту­ралы қаулыны алуға міндеттеуді сұрады.  

Түйткіл заң жүзінде реттелмеді

Қоғам белсендісі Светлана Наливайконың мәліметінше, қарапайым бұқара мен бизнестен осындай наразы пікірлердің ар­туына байланысты еліміздің Бас про­куратурасы биылғы 31 нау­рызда Әділет министрлігіне, ЖСО республикалық палатасына, Қаржы нарығын реттеу және да­мыту агенттігіне хат (№20010355-20-21127) жолдап, банк несиелері бойынша сот актілерін орындауды тоқтата тұру алгоритмін әзірлеуді ұсынды. «Күні бүгінге дейін бұл мәселе заң жүзінде реттелмей отыр. Осы кезде жеке сот орындаушылары үйден шықпай-ақ, борышкерлердің баспанасын электронды сауда алаңдары арқылы қашықтан сатып жатыр. Арсыз тірлік. Бірақ тыйым болмағандықтан, олардың төтенше жағдай кезіндегі бұл әрекетін заңсыз дей алмаймыз», – дейді сарапшы. Мемлекет дағдарыс кезеңінде ЖСО-ларға қолдау көрсетуде. Мысалы, олар жеке табыс салы­ғын, әлеуметтік салықты төлеу­ден, зейнетақы жарналарын, әлеу­меттік аударымдарды және МӘМС жарнасын аударудан 2020 жылғы 1 сәуірден 1 қазанға дейін босатылды. Сот орындаушыларына 42 500 теңге әлеуметтік төлемақы алуға мүмкіндік берілді. Демек, олар да әлеуметтік жауапкершілік танытқаны жөн. Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы ЖСО-лар мемлекеттен әлеуметтік төлемді және Birgemiz қорынан көмекті алатын борышкерлердің банк шоттарына қойылған бұғаттауды жедел алып тастап жатқанын хабар­лады. Басқалардың жайы не болатыны беймәлім.  

Елдос СЕНБАЙ